Facebook-те dislike батырмасы пайда болады

Facebook-те dislike батырмасы пайда болады.

Бұл туралы әлеуметтік желінің негізін қалаушы Марк Цукерберг Калифорнияда өткен конференцияда мәлім етті. Енді таяу арада Facebook қолданушылары өздеріне ұнамаған жазбаларға бір ғана батырмамен ой-пікірін білдіре алатын болады. Цукерберг тестілік тәртіпте іске қосылатын жобаның әлдебір жазбаға дауыс жинау құралына айналмаса екен деп үміттенеді. Компания басшысы жаңа қызметтің көмегімен адамдар бір-біріне көңіл білдіріп, жанашырлық танытқанын қалайтынын жеткізді.

Марк Цукерберг, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы: — Әлем бойынша адамдар бірнеше жыл бойы dislike батырмасын ойлап табуды сұраған еді. Facebook қолданушыларын қуантқым келіп отыр. Бірақ қолданушылар әлеуметтік желіні бейнебір форумға айналдырмаса екен деймін. Бұл жобаның мақсаты жазбаға дауыс жинау емес. Қуанышпен қоса, мұңға да толы өмірде адамдар қалыс қалмай, бір-бірінің қайғысына ортақтасса деген оймен жүзеге асырғалы жатырмыз.