Алматыда «ақылды аялдама» пайда болады
Алматыда «ақылды аялдама» пайда болады. Өткен аптада Алматы әкімі Бауыржан Байбекке «Ақылды қала» жобасы таныстырылды.
Әлеуметтік-инновациялық жобаның тұжырымдамасы қауіпсіздік, қала инфрақұрылымы, білім және әлеуметтік қызметтер сынды 4 негізгі принциптен тұрады.
«Ақылды қала» жобасын жасаушы авторлар сыртқы келбетті, нөмірлік белгілерді, киім түрін және басқаларын жедел анықтайтын видео-контентті саралай келіп, жобаның негізіне «Қауіпсіз қала» жүйесін алған. Жаңа жүйенің арқасында кез келген уақытта онлайн-режімде ақпарат құзырлы органдарға қолжетімді болады.
Соның арқасында жедел басқару орталығына хабар тез жетеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету видеокамералар арқылы жүзеге асады. Бүгінгі күні ноу-хау тек Астанада, Риода, Мәскеуде ғана емес, әлемнің басқа мегаполистерінде де жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, «Интерактивті қала» жобасы аясында «Ақылды аялдама» пайда болады. Мұнда интерактивті тақталар антивандалды қорғаныштар арқылы жұмыс істейді.
Жолаушылар арнайы тақтадан автобус бағыттарын біліп отырады. Аялдамада орналасқан «Интерактивті киоскілер» арқылы түрлі төлемдерді төлеуге болады. «Дабылды нүкте» арқылы банк, мейрамхана қызметкерлері өз жұмыстарын қауіпсіздендіре алады.
Жоба авторлары аталған жобалардың жүзеге асуы үшін инвесторларды тартуға бар күшін салатынын айтып сендірді.
Шара соңында әкім кәсіптік ведомстволар басшыларына қалада осы жобаны енгізудің қаншалықты пайдалы екендігін жете зерттеуді тапсырды.