"National Geographic" журналы қазақ тілінде шығады

"National Geographic" журналы қазақ тілінде шығады

"National Geographic" журналы жақын арада қазақ тілінде де шығады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыртқы істер ведомствосы EXPO-2017 Комиссары, ҚР сыртқы істер министрі Рапил Жошыбаевтың жетекшілігімен қазақстандық делегацияның Америка Құрама Штаттарында бірқатар кездесу өткізгенін хабарлады.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Вашингтонда EXPO-2017 Комиссары АҚШ президентінің арнайы көмекшісі - Ресей және Орталық Азия Ұлттық қауіпсіздігі кеңесінің директоры Селеста Уолландермен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының кеңесшісімен, елші Дэвид Торнмен, АҚШ энергерика министрінің көмекшісі Джонатан Элкайндпен, сонымен қатар Ұлттық географиялық қоғамының басшыларымен, "АРПА-Е" агенттігімен, "Brands USA" туристік компаниясы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

"АҚШ Ұлттық географиялық қоғамының вице-президенті Ричардсон "National Geographic" журналын жақын арада қазақ тілінде де шығару жоспарланғанын айтты", - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Рапил Жошыбаев АҚШ-қа сапары кезінде "Honeywell" және "UnitedТechnologies Corp корпорацияларында болып, қазақ студенттермен кездесті.