Францияда арық аруларға сән сахнасына шығуға тыйым салынды
Сән мен сұлулық ордасында енді дене бітімі арық аруларға орын жоқ — деп хабарлайды massaget.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Парламенттің төменгі палатасы депутаттарының соңынан Францияның сенаторлары да заңға түзетулер енгізуге ниет қып отыр. Оған сәйкес сән агенттіктеріне жұқалтаң келген қылдай қыздарды қызметке алуға тыйым салынбақ. Талқылау барысында жағаны ұстатар деректер жария етілген. Францияда анорексия дертіне шалдыққандар саны 40 мыңнан асыпжығылады екен. Сондай-ақ олардың 99%-ы жеткіншек қыздар.
Бұдан былай модель қыздар жұмысқа қабылданбас бұрын таразыға тұруы тиіс. Денесінің салмақ индексі қалыпты 18 көрсеткішінен төмен аруларға сән әлемімен қош айтысуға тура келеді. Мәселен бойы 175 сантиметр қыздардың салмағы 55 келіден төмен болмауы тиіс.