Сөздер сөйлейді. «Даңға шығу»
ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Даңға шығу. "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырында:
Қарабай, Сарыбаймен аңға шыққан,
Екеуінің дәуірі даңға шыққан, —
деген жолдар бар. "Ер Сайын" жырында:
Байлығының белгісі
Малы алашқа даң болған, —
деп келеді. Даңға шығу тіркесі "Ер Тарғын" жырында да кездеседі. Бұл тіркес Қазақстанның батыс өлкесінде жергілікті сөз (диалектизм) ретінде кейде ауызекі сөйлеу тілінде де ұшырайды. Мағынасы — "белгілі болу, атағы шығу, даңқы шығу". Даңға шығу дегеннің бірінші сөзінің түбірі — даң. Бұл — жеке тұрып қазірде көп қолданылмайтын сөз. Ал түркі тілдерінің кейбіреулерінде, мысалы, қырғыз тілінің оңтүстік диалектісінде даң "атақ, белгілік, даңқ" мағынасында ұшырасады.
Осы түбірден өрбіген даңдуу "белгілі, атақты", даңдау "біреуді мақтап, атағын жаю", даңдану "өзін жақсы жағынан көрсету" деген сөздер қырғыз әдеби тілінде жұмсалады. Қазақ тілінде де "өз атағын өзі көтермелеу" деген мағынада даңдайсу (даң+дай+сы+у) деген етістік кездеседі. Демек, даң сөзі бір кездерде жеке тұрып, "атақ, даңқ" дегенді білдіргені хақ.
Бұл жерде ерекше болып көрінетін құбылыс — шығу етістігінің барыс септіктегі сөзді қажет етуі (әдетте, дұрысы даңы шыққан болуы керек қой). Сірә, биікке шықты, тауға шықты дегендей, белгілі атаққа шықты (ілікті) деген үлгіге (модельге) сай даңға шықты болып қалыптасқанға ұқсайды. Қазірде бой жетті түрінде айтылатын тіркес ілгеріректе қазақ тілінде бойға жетті тұлғасында айтылған. Мысалы, Асан қайғы толғауында:
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Даң сөзі осы күнгі әдеби нормадағы даңқ сөзімен түбірлес деген пікір бар...
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.