Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» пьесасы

Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» пьесасы

Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Үлкен Қоскөлдің маңы — 1913 жылы, сонда) — ақын, әнші, композитор.

Әкесінің есімі Қорамса, шешесі — Жаңыл. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, содан соң Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) молдадан оқыған. 16 — 17 жасынан өнер жолына түскен. Шоқанның қазасына көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, “40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз” деп бағалайды.

Ақан серінің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым). Оған Ақан сері жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз күн отасқан әйелі Тінәлі қызы Ұрқияға Ақан серінің “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деген өлеңің арнаған. Ақан серінің тірідей айрылған сүйген қызы — Ақтоқты. Бұл — арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың”, “Ж-ға” — Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (80 жылдардың ортасы) да егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Керей Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған.