Қазақ поэзиясының зерттелуі

Қазақ поэзиясының зерттелуі

Қазақ халық поэзиясы - қазақ әдебиетінің бір саласы. Қазақ халқының саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи даму сатыларына тән көркемдік-эстетикалық талғам-түйсігін, этикалық және философиялық талап-тұжырымын танытады. Көне дәуірлерден бастау алатын қазақ халық поэзиясы синкретті (ажыратылмас) құбылыс. Сондықтан оның халық ауыз әдебиетімен, музыка мәдениетімен, фольклормен тоғысар арнасы мол. Қазақ халық поэзиясында елдік жолындағы ерлік пен өрлік, рух асқақтығы мен қайсар батырлық, табиғаттың ғажайып үйлесімді көрінісі, ғашықтықтың күйініш-сүйініші, рухани асқақ сезім, адам мейірімі мен дүниетанымы ажырамас тұтастықта көрініс табады. Қазақ халық поэзиясының жанрлық құрамы сан салалы. Дастан, толғау, айтыс, жыр, т.б. бастауын халық шығармасынан алады. Қазақ халық поэзиясын жанрлық, түрлік жағынан Ахмет Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.О.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Е.С.Ысмайылов, М.С.Сильченко, т.б. ғалымдар ғылыми тұрғыдан жүйеледі.
Әуезов қазақ халық өлеңдеріне сыршылдық салт өлеңдер деген анықтама бере отырып, оны туу ретіне қарай үш түрге бөлген:

жалпақ елдің салтымен байланысқан шерлі өлеңдер;
дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер;
қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдері. Ел салтындағы шерлі өлеңдерді мазмұнына қарай: жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту деп жіктейді.