Абайдың ақындық дәстүрі
Абайдың ақындық дәстүрі
Ақындық өнер - сөз өнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі, ұлттық әдебиеттегі сезім мен сырға толы тамаша поэтик, дәстүр мен ақын шабытының астаса келіп, өлең құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлемі. Қай әдебиетте де поэзияға айрықша орын берілген. Ежелден-ақ қазақ халқы да өлең сөздің қасиетіне бас иіп, оны өнер атаулының ең биік шыңына балаган. Халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімін өлең сөзбен астасып жатыр. Абай өлеңдерінде ақындық өнердің, өлең сөздің құдіретіне соншалық мән берілуі осының айғағы. Өлең ақынның кеудесін кернеп, жүрегін тербеген қуатты ойдың жемісі, ойды сырттай сұлу етіп өрнектеп, көркемдеп жеткізу үшін ақындық шеберлік, шалқар шабыт қажет. Абай поэзиясында өлең сөзге, ақындық өнерге аса жоғары баға беріледі. Өзінің «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы...», «Біреудің кісісі өлсе, каралы - ол...», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» деген өлеңдерінде ақын сөз өнерінің қадір-қасиетін, өлеңнің адамның сезімі мен қоғамдағы жағдайын бейнелеудегі қызметін, жалпы ақындық өнерге қойылар талаптар мен өлшемдерді үнемі алға тартып отырады. Ол шын мәніндегі өлең сөздің мақсатын нысана тұтқан, азаматтығы пендешіліктен жоғары тұратын ақынның ғана көкірегінен шыға алатын ғажайып құбылыс екенін айтады. Реалистік поэзияны қалыптастыру жолындағы ақындық мұратын білдіреді. Абайдың өлеңге, ақындық өнерге қоятын талабы аса биік. Ол, ең алдымен, өлеңнің көркемдік сапасына зер салады. Поэзиялық туындының сыртқы пішініне ішкі мазмұны сай келуін, «іші алтын, сырты күміс» болып, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиюін қалайды. Өлең тілінің кіршіксіз таза болуын, бөтен сөзбен былғанбауын талап етеді. Осы орайда өзінің алдында өткен кей ақындарды сынға алады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп, қазақ ішінде ақындардың көп екенін айта тұрып, «Сонда да солардың бар таңдамасы» деп, шын талантты танып, қастерлей білу қажеттігін ескертеді. Өлеңді жеке бастың пайдасы үшін жұмсап, еріккеннің ермегіне айналдырмау керектігін айтып, ақындар алдына биік талап қояды. Сол арқылы ұлы ақын өлең сөзге, ақындық өнерге деген эстетик, талаптың деңгейін барынша көтере түседі.