Жерар Пике: «Саяхатқа шығу және оралу»

Жерар Пике (Барселона футбол клубының негізгі қорғаушысы):
«Саяхатқа шығу және оралу»
Мен 1987 жылы 2 ақпан күні дүниеге келдім. Дәл сол күні менің атам Амадор Бернабеу «Барселона»-ның офисіне барып, мені клубқа мүшелікке өткізіпті. (Жақында Пике клубта 25 жыл мүше болғаны үшін арнайы сыйлықпен марапатталды — Конвикт). Атам менің болашақта «Барселона» сапына алыну мүмкіндігім бар-жоқ екенінен бейхабар-тұғын. (Мен тіпті футбол ойнамай кетуім де мүмкін еді). Бірақ, атамның бұл әрекетті менің «Барселонаға» деген сүйіспеншілігімді ояту үшін жасады. Бала кезімнен-ақ жанұяма қатыстының бәрі тек кулеске байланысты екенін көретінмін. Жылдар өткен соң ғана менің ардақты тілегімнің орындалғаны зор сәттілік екенін түсіндім. Бала кезімде армандай алмаған тілегім. Әуелі бәрін рет-ретімен баяндайын.
Менің футболға деген қызығушылығым 17 айлық кезімдегі бір жағдайға байланысты. 1988 жылдың 2 тамызы еді. Ата-әжемнің Бланестегі үйінде екенмін. Үй әлі толық салынып бітпегендіктен, бастырманың сүйеніші жоқ. Мен доппен ойнап жүргенде, әжем Монтсеррат асханада түскі ас дайындап жатады. Кенет доп алысқа ұшып кетіп, артынан мен жүгіре жөнеліппін. Бастырманың сүйеніші жоқ болғандықтан, мен құлап түстім. Шамамен үш метр биіктік. Ет-бетіммен жерге құлаған мен біразға дейін ес-түссіз жатыппын. Әжем бірден жедел жәрдем шақырады. Олар мені Бланестегі аурухананың реанимация бөліміне алып кетеді. Алайда, ол жақта миды тексеретін құрылғы жоқ екен. Сондықтан, мені Барселонаға, анам жұмыс істейтін «Валь де Эброн» ауруханасына апармаққа бекінеді. Ұзақ тексерістен кейін менің төбе сүйегім сынып кеткені анықталады. 2 сағат бойы комада жатыппын. Ұзаққа созылмай-ақ, менің жағдайым жақсара бастады. 8 айдан кейін ауруханадан құлан-таза аяығып шықтым. Әлі күнге ештеңені еске түсіре алмаймын, алайда әжем сол оқиғаны ешқашан ұмытпайтынын айтады.

Ал, жалпы алғанда менің балалығым ешқандай қиыншылықсыз бақытты өтті. Жанұямның айтуынша мен туыла сала футболды, әсіресе «Барсаны» өте жақсы көріппін. Адам аттарын қате айтатын болған екенмін. Мысалы, Стоичков дегенді «Стофико» деймін. Әлі ақыл-есім кіріп үлгермеген кезде мені «Барсаға» қалай алғанына әлі күнге дейін түсінбеймін.
Әжем Монтсерраттың айтуынша, сәби кезімнен-ақ бәрі футболмен байланысты болған. Бірде атам Амадор үйге келіп, Сантьягоға жұмыс мәселесімен барып қайту керек екенін айтыпты. Мен сонда: «Ата, неліктен «Сантьяго Бернабеуге» бармақсың?» деп сұраған екенмін. Келесі бір кезде атам Франциядан келген клиентпен сөйлесіп отырады. Әжем маған келген сеньордың испанша білмейтінін айтқан кезде, «Сонда бұл мырза «Барса» туралы айтпақ па?» деп сұраппын.
Алты жасқа толған жылы күзде әкем мені «Torneo Social»* турниріне тексеруге ертіп барды. Егер, іріктеуден өтетін болсаң, онда «Барсаның» стадионының жанында орналасқан, елдің түкпір-түкпірінен жиналған балалармен бірге жаттыға аласың. Тесттен өту үшін әр қаладан келген балалармен бірге футбол ойнауың керек. Бақылап отырған комиссия ойыныңа қарап бағалайды. Менің жолым болып, емтиханнан сүрінбей өттім. Бірнеше күннен кейін «Барсаның» стадионының қасында ойнап үлгердім. «Torneo Social» турниріне біздің команда Каталониядағы өзеннің атымен қатысты. Команданың аты «Anoia» болатын және күлгін түсті жейде кейдік. Мен сол жақта 9 жасқа дейін ойнадым. Ол кезде де, қазір де «Барсада» сәбилерге арналған команда жоқ. Балалардың бәрін «Agrupación de Peñas»-ке апарып, олар сол жақта 1 жыл өткізеді. Сосын ғана «Барсаның» ең кіші командасының құрамына алады. Менің жағдайым да тура осындай болды. Соңғы рет «Agrupación de Peñas» құрамында алаңға шыққаннан кейін мені «Барсаның» «Alevín B» құрамына алғаны туралы хабарлады. Сол кезде қандай сезімде болғанымды сөзбен айтып түсіндіре алмаймын.
* «Torneo Social» — Сантьяго Бернабеу негізін қалаған мадридтік «Реалдың» інжу-маржанға толы футбол мектебі. Тұңғыш рет турнир 1959 жылы өтті. Сегіз жыл ішінде 39 рет іріктеу өткен. Жыл сайын 8 мыңнан 10 мыңға дейін емтихан мен іріктеу өтіп отырған. Жүйеге тек спорттық ептілік пен икемділік ғана емес, клубтың алдында өз-өзін құрбан етуі, клуб өнер көрсететін кез келген турнирде клубқа және жейдесіне құрметі басты назарға алынды.
Турнир талантты жас балаларды табу үшінқаладағы кварталдарда, мөлтекаудандарда өткізіліп отырды. Турнирге 8-9 жастағы балалар қатыса алатын. Дәл осы өзіндік іріктеу «Реал Мадридтің» жас дарындарының алғашқы қадамы болды. Әр командада негізгі құрамда ойнайтын футболшылардың есімін иеленді. «Torneo Social»-ға қатысушылар арасынан үздіктер іріктеліп, клубтың балалар құрамасына ауысты.
Бірнеше жыл қатарынан «Мадридтің» кантерасына ілінуге талпынғандарға іріктеу жүргізіп отырды. Екі жыл бұрын турнир жұмысын тоқтатып, оның орнына клубқа көбірек экономикалық пайда әкелетін мадридтік «Реалдың» қоры(Fundacion Real Madrid) құрылды.