Мағауин прозасындағы ой тереңдігі.

Мағауин прозасындағы ой тереңдігі.

Мұхтар Мағауиннің зерттеушілік еңбегі мен жазушылық шығармашылығы арасындағы байланыс

Мұхтар Мағауиннің зерттеушілік еңбегі мен жазушылық шығармашылығы арасындағы байланыс

Мұхтар Мағауин – алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұршылықтың назарын өзіне аудара білген қаламгер. Алғаш рет баспасөз бетінде 19 жасында көрінген жас таланттың туындылары араға жылдар емес, айлар сала отырып оқырман жұртшылықтың көзайымына айналады. Жас жазушының «Жаңылысу», «Ақша қар», «Көкмұнар» сияқты көркем шығрмалары – айналдырған үш-төрт жылдың ішінде-ақ жазылып, ізі суымастан жарық көріп үлгерген дүниелер. Мысалы, әдебиет тарихы ғылымындағы тұңғыш еңбегі «Қобыз сарыны» кітабы бірден-ақ ғалымдар назарына іліксе, «Ақша қар» атты алғашқы әңгімелер жинағы да сөз қадірін түсініп, көркемдікке сұқтана білетін оқырманды еріксіз өзіне қаратты. Жазушы ұсақ жанрларды игеру барысында да өзіндік көркемдік стилін, жазу машығын жан-жақты ашып көрсете білді. Оған дәлел – қаламгердің шығармашылық жолының бастапқы он жылдығында туған бірнеше әңгімесі. Олардың ішінен әсіресе «Тіленші», «Кешқұрым», «Ватерлоо көпірі», «Алтыбақаннан соң», «Тарпаң», «Қияндағы қыстау», «Күтпеген кездесу», «Тұлымханның баласы», «Қияндағы қыстау», «Алтын тіс», кейінірек жазылған «Шеше», «Өткінші», «Тәртіпті азамат», «Коммунистік реализм» және т.б. әңгімелерінің көркемдік сапасын ерекше атауға болады.

Оқырманның қабылдауына сай белгілі бір көркемдік канонмен дамып келе жатқан сюжеттік желінің аяқталуы М.Мағауин әңгімелерінде қашан да тосын. Автор қалыптасқан идеялық үрдісті бұзып, шығарманың соңындағы көркемдік түйінді бұған дейін оқырман ойына келмеген басқа бір арнамен тоғыстыра білу қабілеті ерекше. Қазақ прозасында көркемдік құбылыс болып табылған шығармалары – «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Көкбалақ», «Бір атаның балалары» повестері және т.б.

«Тазының өлімі» Кеңес дәуірінде жеке адамның табиғатын ашу үшін өзі өскен ортасы мен жан-жануарлардың тіршілігін байланыстыру тәсіліне сүйенеді. Бас кейіпкер Қазы – аңшылықты ғана емес, өзінің туған жерін, адам бойындағы игі қасиеттердің баршасын сүйетін қарапайым жан. Бұл шығармада күнәсіз хайуанат арқылы адам қауымының ортасындағы күрделі шындықты ашуға деген талпыныс бар. Осынау көркемдік әрекет жолындағы жазушының таңдап алған тәсілі де ұтымды. Бас кейіпкері тазы болғанымен, шығармадағы айтылатын негізгі мәселе – адам тағдыры, ұлттық құндылығымыз салт-дәстүрге деген кейінгі көзқарас.

М.Мағауин жануарлар өмірін негіз ете отырып, «Көк кептер» әңгімесін, «Жыланды жаз» повесі мен «Шахан Шері» романын жазып шықты. Бұлардың қай-қайсысы да қазақтың ұлттық салт-дәстүрін әр қырынан көрсете білумен бірге адамның жан дүниесіндегі ерекшеліктерді хайуанаттармен қарым-қатынас арқылы ашуды көздейді. Көзқарастың жітілігі, ойдың сергектігі мен шымырлығы, қиялдың ұшқырлығы жазушының аталған шығармаларын толымды етіп көрсетеді.

Жазушының көркем шығармалары жазылу мәнерімен, айтар ойының тосын да тиянақты болуымен назар аударады. Жазушы қазақи өмір салтын, тарихи дәстүр мен этнографиялық ұстанымдарын мейлінше терең білетінін және оның бұл бағыттағы барлық шығармаларынан дерлік көрініс табатынын атап айту қажет. Ұлттық нақыштардың молдығы әсіресе «Аласапыран», «Шақан Шері», «Сары қазақ» романдары мен «Көкбалақ», «Жармақ», «Жыланды жаз» повестерінде басымырақ көрінеді.

Бұл қаламгер туралы Ғ.Мүсіреповтің: «Мұхтар Мағауин ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, әрі от-жалынды, әрі нәзік те биязы бояу-сырларын алғашқы адымдарынан бастап-ақ көрсетеді. Тіліміздің оралымдығын тереңдетуге қосқан үлесі де аз емес», - деген тұжырымды пікірі ұлт намысының айнасы деуге лайық М.Мағауинге берілген шынайы анықтама еді.

Үлкен прозашы болуымен қатар М.Мағауин – әдебиет тарихын зерттеуші көрнекті ғалым да. 1960 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде зерттеушілеріміз қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырда өмір сүрген Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап келсе, М.Мағауиннің 1969 жылы жарық көрген «Қобыз сарыны» атты зерттеу еңбегі осынау межені кемінде үш ғасыр жылжытты. Сөйтіп ол жан-жақты зерттеушілігі мен жанкешті еңбегінің арқасында әдебиет тарихына Қазтуған жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа сияқты жырауларды да дәлелді түрде әдебиет тарихына енгізуге белсене атсалысты. Мұнан кейін осы бағыттағы зерттеулерін тереңдете түсу нәтижесінде ол құрастырып, түсініктемелерін жазған «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Поэты Казахстана» сияқты кітаптар жарық көріп, халқымыздың рухани игілігіне айналды.

Жазушының өз кезінде назар аударған шығармаларының бірі – екі кітаптан тұратын «Мен» деп аталатын өмірбаяндық шығармасы. Мұндағы жазушының шығармашылық жолындағы ізденістері, азаматтық есеюі, мақсат-мүдделері өршіл рухқа баулиды. М.Мағауин шығармашылығы жайлы шағын ойды қорыта келіп, жазушының қазіргі қазақ әдебиет тарихында белгілі бір орынға ие екендігі туралы тұжырымды пікір түюге болады.
М.Мағауиннің "Бес ғасыр жырлайды" кітабы ұрпаққа хандық дәуір кезеңін насихаттаған құнды шығарма