ТҮПКІТЕК (АРХЕТИП) ДЫБЫСТАРДЫҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ
5 дәріс. «Дауыссыз дыбыстар дамуының диахрониялық кезеңі»
1.4. ТҮПКІТЕК (АРХЕТИП) ДЫБЫСТАРДЫҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ
Алтай тілдеріндегі (оның ішіндегі түркі тілдеріндегі) дауыссыздар мен дауыстылардың жалпы саны, зерттеу барысы көрсеткеніндей, небары жетеу: 1) дауыссыздар төртеу − *Т [С/Ш], *Һ, *Р, *Н; 2) дауыстылар үшеу − *А, *У, *И. *Т [С/Ш] күрделі аффрикаты қазіргі кездің тұрғысынан үш – т, с, ш – дыбыстан тұратын сияқты көрінгенімен, өз заманында бір-ақ фонеманың орнында жүрген. Сондықтан оны да, күрделілігіне қарамастан, дауыссыздардың қатарына косып отырмыз. Түпкітек (архетип) дауыссыздар да, түпкітек (архетип) дауыстылар да – таза флективті құрылым дәуірінің жемісі. Басқаша айтқанда, Нух пайғамбардың топан су апатынан бұрын өмір сүрген дыбыстық тілдің фонетикалық сарқыншағы. Түбіртекті құрылым (қазіргі терминология бойынша түбір тілдер – полисентетикалық құрылым) дәуірі олардың әр алуан бағытта дамуына жол ашты.
1.4.1. Диахрония дәуірі (Тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуір)
Таза флективтік құрылым дәуірінде бүкіл коммуникативтік қызметтің тағдырын ішкі флексия шешетін еді. Дауысты дыбыстардың алмасуының, олардың әр түрлі мәнерде қолданылуының, дауыссыз дыбыстардың ия алдында, ия соңында келуінің, бір-бірімен алмасуының, тағы басқа комбинацияларының мәні үлкен болатын. Полисентетикалық құрылымға (түбіртекті құрылымға) негізделген тілдік жүйе бұл механизмді ыдыратты. Ішкі флексияның орнына бір дауысты мен бір дауыссыздан тұратын түбіртек басты роль атқаратын құрылым қалыптасты. Ішкі флексия ұясын түбіртектер ұясы, түбірлес сөздер ұясы алмастырды (Біз бұған келесі тарауда тоқталамыз. – Б.С.).
1.4.1.1. Бірінші кезең. ТС(Ц), ТШ(Ч) аффрикаттарының, Х, Л, М дауыссыздарының, Й, У сына дыбыстарының пайда болуы. Таза флективті (қопармалы) құрылым орнына келген түбіртекті (полисентетикалық) құрылым тілдік өмірге өзіндік заңдылықтарын әкелді. Дауыстылардың да, дауыссыздардың да жүгі ауырлай бастады. Әр түрлі ішкі, сыртқы факторлардың әсерінен, *Т[С/Ш] күрделі аффрикатынан ТС(Ц), ТШ(Ч) аффрикаттары, Һ-дан Х, Р-дан Л, Н-дан М дауыссыздары бөлініп шығады. Санaмаланған дыбыстардың етене тектестігі осы заманғы фонетистердің баршасына аян. Жаңадан пайда болған фонетикалық элементтер әуелгі кезде аллофон (вариант) ретінде қызмет еткенімен, кейін бірте-бірте фонемалық (сөз ажыратушылық) қызмет атқарып, *Т[С/Ш] күрделі аффрикатымен, Һ, Р, Н жалаң дауыссыздарымен тең дәрежеде жұмсала бастайды: АЦ, ЦА, УЦ, ЦУ, ИЦ, ЦИ, АЧ, ЧА, УЧ, ЧУ, ИЧ, ЧИ, АЛ, ЛА, УЛ, ЛУ, ИЛ, ЛИ, АХ, ХА, ХУ, УХ, ИХ, ХИ, МА, УМ, МУ, ИМ, МИ сияқты жаңа түбіртектер сөздік құрамды байытады.
Түбіртекті (полисентетикалық) құрылым дәуірінде дауыссыздармен қатар дауыстылар да дами бастады. Бірақ алғашқы кезеңде дауыстылардан тікелей дауысты пайда болған жоқ: жартылай дауысты, жартылай дауыссыз й мен ў тілдік өмірге келді. Яғни *и>й, *у> ў. Сонор й мен сонор ў-дің осылайша тұлғалануына қоспасыз дыбысталатын и мен у-дің түбіртектердің арасында сыналық қызмет атқаруға икемділігі себепкер болды (қазіргі мұрагер түбіртектер тұрғысынан мысал – де+й+ін, та+у+ар).
Көңіл аударатын бір жайт: тс(ц), тш(ч) аффрикаттары бүкіл алтай тілдерін шартты түрде екіге бөледі. тс(ц) аффрикатымен туыстас халықтардың солтүстік-шығыс бөлегі, тш аффрикатымен оңтүстік-батыс бөлегі сөйлеген. Мұны кейінгі замандардағы тілдік фактілердің негізінде айтып отырмыз. тс аффрикатының мұрагері с дыбысы солтүстік тілдерде, тш аффрикатының мұрагері ш дыбысы оңтүстік тілдерде көбірек кездеседі. Тіларалық с~ш дыбыс сәйкестіктерін өзара салыстырғанда бұл пікірдің анықтығына көз жеткізуге болады (1. 32-б.).
1.4.1.2. Екінші кезең. ТҺ, ТЙ қосар дыбыстарының, Т, П қатаңдарының, О, Ы жуан дауыстыларының пайда болуы. Бұл кезеңде *Т[С/Ш] күрделі аффрикаты мүлдем жойылады. Бірінші кезеңде қалыптасқан тс(ц), тш(ч) аффрикаттары одан әрі дамиды. Басқаша айтқанда, тс, тш аффрикаттарының екінші жапсары (яғни с мен ш) елеулі өзгерістерге ұшырайды. Тіпті аффрикат болудан қалып, ыдырай бастайды. Аталған аффрикаттар екі түрлі бағытта өзгеріске ұшырады.
Бірінші. Алтай тілдерінің тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлеріндегі заңдылықтарына орай, аффрикаттар құрамындағы с мен ш элементтері әлсіреп, бірте-бірте жойылғаннан кейін, олардың орнына эпентезалық дауыссыз һ, й дыбыстары пайда болады. Бұл құбылысты аффрикаттардың жалаң фонемаларға айналуға бағыт алуы деп түсінеміз. Сонда тс аффрикаты даму барысында тһ қосар дыбысын берсе, тш(ч) аффрикаты тй қосар дыбысын берген. Бұл – солтүстік-шығыс тілдерінде тс аффрикаты мен тһ қосар дыбысы, оңтүстік-батыс алтай тілдерінде тш аффрикаты мен тй қосар дыбысы жарысып жүрді деген сөз. Топтастырғанда бүкіл алтай тілдері бойынша екінші кезеңде сөз басында тс~тһ~тш~тй сәйкестігі пайда болады. Й эпентезасында кез келген дауысты дыбысты алмастыра алу қабілеті болғандығын жоғарыда айтып өттік (сөзле~сөйле, қарарды~қарайды т.б.). с-ті һ-тің, ш-ны й-дің алмастырғанын нақты тілдік фактілер дәлелдеп, айқындай алады. Бұл жайында диссертациялық жұмысымызда баяндалды (1. 32-36-б.).
Екінші. тс аффрикатының екінші жапсары (яғни с) айтылуда әлсірей-әлсірей мүлдем жоғалады. Аффрикаттар құрамындағы жабысыңқы т-ның орнына (тау, тас сияқты сөздердің құрамындағы) жуысыңқы т қалыптасады. Аффрикаттардың алғашқы жапсары (компоненті) жабысыңқы т-нің тілдік өмірде сақталып, жуысыңқы т-ге айналуына сол дәуірдегі бірінші буынға түскен екпін әсер етсе керек. Екпіннің (жүйесі бөлек тілдердегідей) кейінірек пайда болған жылжымалылығы, тұрақсыздығы себепті сөз басындағы барлық аффрикаттарды жуысыңқы т-ге айналдыра алған жоқ. Түркі тілдерінде екпін үш сатыдан өткен: 1) буындағы тұрақты екпін; 2) жылжымалы екпін; 3) соңғы буындағы тұрақты екпін. Бұл екпіндер қазір жойылу үстінде.
Қатаң п дауыссызының қалыптасуы осы екінші кезеңге жатады. Сонор ў-дан бірте-бірте жартылай қатаң дауыссыз °у (араб әліпбиі бойынша, таңбасы – (ڤ ) тілдік өмірге келеді. Мұның сарқыншағы ХІ-ХІІ ғасырларға дейін жеткен. Мұны тілшілер бірде п деп, бірде ф деп белгілейді: қыпчақ ~қыфчақ. Ең дұрысы, ڤ таңбасын диффузды °у[Ф/П] дыбысы деп түсінген жөн. Яғни: ў>°у[Ф/П]>п; ў>°у[Ф/П]>ф. Анығырақ айтқанда, та+п, қа+п, са+п, жа+п, кө+п сияқты толып жатқан бір буынды сөздердің соңындағы п – сонор ў-дың өзгеріске ұшырауынан фонемалық қатарға қосылған бір кездегі аллофоны деп түсінеміз. Сонор ў-дан қатаң дауыссыз п-ның пайда болғанын диахрониялық фактілер ғана емес, синхрониялық фактілер де дәлелдейді (1. 48-56-б.).
Архетиптер дамуының екінші кезеңі алтай тілдеріндегі қ, к дауыссыздарының қалыптасуына да тікелей ықпал етті. Бұлар (дауыстылардың да, дауыссыздардың да тіл артынан тіл алдына жылжу заңдылығына байланысты) тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде көкіректен шығатын түпкітек *Һ дыбысынан бастау алады. Түпкітек *Һ дыбысынан даму барысында һ1 (көмей), һ2 (жұтқыншақ) дыбыстары пайда болады. Осызаманғы к мен қ – жұтқыншақ дыбысы һ2-нің өзгеріске ұшыраған варианты. Яғни *Һ>һ2>к; *Һ>һ2>қ.
Екінші кезеңде дауыстылар да дамымай, бір орында тұрып қалған жоқ. Таза дыбысталатын у дауыстысы екпін түспейтін буындарда қысаңданады. Яғни у>ы. Кейбір сөздердегі уа немесе ау дыбыс тіркесі бір-біріне сіңісе-сіңісе тез айтылғанда о болып естілетін болады. Бұл ретте у дыбысы а-ны өзіне қарай бейімдегені түсінікті. Араб тіліндегі Т+ау+рат орыс тіліндегі Т+о+ра сөздерін өзара салыстырсақ, ау дыбыс тіркесінің о-ға айналғаны анық байқалады. Орыс тілінде сөз соңындағы т элизияға ұшыраған. Араб тіліндегі уа+қиға, қазақ тіліндегі о+қиға зат есімдері керісінше, уа дыбыс тіркесінің о-ға айналғанын көрсетіп тұр. Енді екінші кезеңдегі аффрикаттар мен қосар дыбыстарды, дауыстылар мен дауыссыздарды санап көрелік.
Дауыстылар: *а, *у, *и, ы, о = 5
Аффрикаттар: тс(ц), тш(ч) = 2
Қосар дыбыстар: тһ, тй = 2
Қатаң дауыссыздар: т, х, к, қ, п = 5
Үнді (сонор) дауыссыздар: л, м, н, р, й, ў = 6
Ұяң дауссыздар: һ = 1
Сөйтіп, екінші кезеңде 5 жуан дауысты, 2 аффрикат, 2 қосар дыбыс, 5 қатаң дауыссыз, 6 үнді дауыссыз, 1 ұяң дауыссыз, небары 21 фонемалық бірлік өмір сүрді. Түркі тілдерінде қатаң Х-мен оппозициялық қарым-қатынаста болған Һ алғашқы ұяң дыбыс болатын.