Дауыстылар түпкітектерінің түбіртекке қатысы.
Дауыстылар түпкітектерінің түбіртекке қатысы.
4 дәріс. Дауыстылар түпкітектерінің түбіртекке қатысы.
«Дауыстылардың түпкі тектері»
1.1. ДАУЫСТЫЛАРДЫҢ ТҮПКІТЕКТЕРІ
1.1.1. Жуанды-жіңішкелі А, Е, Ә дауыстыларының түпкітегі. Дауыстылардың түпкітектерін анықтау – дауыссыздарға қарағанда жеңілдеу. Себебі, барлық дауыстылар тілдің қалпына байланысты жуан, жіңішке болып екіге бөлінеді. Жуандар аса ежелгі (диахрониялық) дәуірдің белгісі болса, жіңішкелер кейінгі (синхрониялық) жаңа дәуірдің жемісі. Соңғы зерттеулер ежелгі дәуірлерде құрамында жіңішке дауыстылар ұшырасатын бірде-бір сөздің болмағандығын көрсетіп отыр. Жүйесі бөлек тілдерден енген жіңішке дыбысталатын кірме сөздерді толықтай шығарып тастағанда, жалпытүркілік төл сөздердің жуан варианты (қол>көл, доңғалақ>дөңгелек, одырай>едірей, жалбыра>желбіре, шау>шәу, ажа>әже, ажым>әжім, бары>бәрі, заңғар>зеңгір, қаны>кәні, орқаш>өркеш, мұжы>мүжі, ұлғай>үлкей, уки>үкі, ыны>іні, ун>үн т.б.) көне түркі жазба ескерткіштерінде, өзге түркі тілдерінде, жер-су атауларында, мақал-мәтелдерде, диалектілерде, тағы басқа дереккөздерде сақталған. Тіпті болмағанда жуан варианттары өлі түбірлердің құрамында кездеседі. Түркі тілдері дамуының бастау кезеңдерінде бірде-бір жіңішке дауыстының болмағандығы тарихи факт.
Бұл мағлұматтарға сүйенсек, жуанды-жіңішкелі а, е, ә дауыстыларының ең ескісі а екендігі өз-өзінен түсінікті болады. Екіншіден, жуанды-жіңішкелі сингармониялық варианттарды өзара салыстырғанда қай жуан дауыстының орнын қай жіңішке дауысты басқандығы бірден аңғарылады. Мысалы, көне түркілік қары, татлы қазіргі әдеби тілде кәрі, тәтті болып айтылады, жазылады. Бұл сөздерден уақыт өте келе а-ны ә-нің алмастырғаны тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.
Түркологияда «ежелгі дәуірлерде ә дауыстысы болмаған, түркі тілдерінің бірқатарында ол шығыс тілдерінің әсерінен қалыптасты» деген пікір бар. Парсы сөздері арқылы ә дыбысының парсы тілінен ере келгені рас, бірақ ана тілімізде бұл жіңішке дауыстының бұрыннан бар екендігін, ана тіліміздің негізінде қалыптасқандығын жоққа шығаруға болмайды.
Жіңішке айтылатын ә дыбысы әуел баста болмаған болса, қашан пайда болған? Түркі тілдері дамуының әуел басында ә дыбысы ғана емес, жіңішке айтылатын бірде бір дыбыс болмағандығын жоғарыда айтып өттік. Жуан дауысталатын дыбыстардың жіңішкеруінде ең алдымен сыртқы факторлардың ықпалы аса зор болғандығы сөзсіз. Атап айтқанда, бүкіл жан-жануарлардың, оның ішінде адамдардың да, органикалық тұрғыдан жаратылыс заңдарына орай бұрынғы ірі қалпынан бірте-бірте ұсақтала бастауы олардың күш-қуатының кемуіне әкеліп соқты. Айтылатын сөздерді барынша жеңілдетіп айтуға тырысушылық өмірге жіңішке дыбыстарды әкеледі. Жіңішке буындар мен жуан буындардың өзара ықпалдасуы тілдің ішкі факторы ретінде бұл процесті одан әрі жеделдетті. «Әлди, әлди», «ән» сияқты сөздерде ұшырасатын ә дыбысын ең алғаш пайда болған жіңішке дауыстылардың қатарына жатқызамыз. Ал «әке», «әже», «әжім» сөздері ә-нің бірінші буында қалыптасқандығын көрсетеді. Осылардың ішінде әке сөзінің аса жиі айтылуы бұрынғы «аға» ұғымында қолданылған ақа атауын жіңішкерткен сияқты. Бұрын ата-бабаларымыз «әке» деген ұғымды жалпыхалықтық ата атауы арқылы жеткізетін болған. Қазірге дейін халық сақтаған дәстүр бойынша, әке − тұңғыш немересін кенжесі ретінде асыраған. Осыдан келіп бала әкесінің әкесін «ата» деп атаған да, өз әкесін «ақа» деген. «Ақа» бірте-бірте «туған әке» деген семаға ие болады. Әке сөзінің шығу тарихы осындай. Ақа жуан вариантының жіңішкергенде әкеге айналғанын парсы тілімен байланыстыруға болмайды.
ә-нің жуан а-ның тікелей жіңішкерген аллофоны екендігін орта ғасыр ескерткіштері де дәлелдейді. Мысалы, жуан дыбысталатын –лар көптік жалғауы жіңішке буынды сөздерге қосылғанда жіңішкеріп, жуан буынды сөздерге қосылғанда өз қалпын сақтап отырған: улуғ+лар, расул+лар, қылур+лар, көңүл+ләр, киши+ләр, берүр+ләр т.б. а бірде жуан, бірде жіңішке қолданыла жүріп, ә-нің тұрақтануына негіз болып қаланған.
Осылайша ә-ні жуан а-ның жіңішке варианты деп танысақ, жіңішке е-ні и мен ә дауыстыларының бір-біріне сіңісіп, тұтастануы, дифтонгке айналуы деп түсінеміз. Бұған қыпшақ тілдерінде бирлан көмекші сөзінің бірте-бірте жалғауға айналуы мысал бола алады. Ең алдымен жіңішке бир буынының әсерімен лан буыны жіңішкеріп, бирлән болып айтылады. Қыпшақ тілдерінде алдымен р соноры элизияға ұшырайды. Қазақ тілінде одан соң л соноры да қысқарып кетеді. Кестесі: бирлан >бирлән >билән >биән. и мен ә-нің әбден сіңісіп, е-ге айналғаны өз-өзінен түсінікті болады. Мұндай фактілер тілімізде ежелгі дәуірлерде көп болуы мүмкін, бірақ қазір тап басып дәлелдей алмаймыз. ә жіңішке дауыстысының екінші, үшінші, одан кейінгі буындарда қолдануға ыңғайсыздығы, оның есесіне е жіңішке дауыстысының ыңғайлылығы, ықшамдылығы, тілдің айтылу қалпына жеңілдігі, тағы басқа фонологиялық артықшылықтары ә дауыстысын ығыстырып шығарып, оның орнына е дауыстысының қалыптасуына, тұрақтануына әкелген. Мысалға доңғалақ жіңішкергенде дөңгәләк болудың орнына дөңгелек болып түбегейлі қалыптасқан. Осы себепті а-ға, оның шын мәніндегі жұптасы ә бола тұрса да, дифтонг е жұптас (оппозиция) ретінде қызмет атқарады. Демек, ә-нің де, е-нің де түпкітегі −*А. Кейбір зерттеушілер е-нің и және і дыбыстарының қосындысынан тұратынын айтады (10.47-б.). Әне~әні, бәйге~бәйгі, міне~міні, кәне~кәні, ешкім~ішкім параллельдеріне сүйенеді. Бұл фонетикалық дамудың нәтижесі. Фонологиялық даму и және ә дыбыстарының қосындысы екендігін айғақтайды.
1.2.2. О, Ұ, Ы дауыстыларының түпкітегі. Жіңішке дауыстылар жуан дауыстылардан пайда болғандықтан, оған көңіл бөліп жатпаймыз, бұл дауыстылардың да түпкі тектерін бірыңғай жуан дауыстылардан іздейміз. Дауысты о-ның дыбыстық құрамында еріндік у дауыстысының әнтек болса да естілетіні фонетистерге ғана емес, бүкіл тілшілер қауымына белгілі. Дауысты о-ның ұ мен а дауыстыларының қосындысынан, әбден сіңісіп, кірігуінен жасалғандығын өз тәжірибемізден де білеміз. Тарихи даму барысында қоспасыз таза дыбысталатын еріндік у ашық жуан айтылатын а-ны өзіне қарай ыңғайлап, бейімдеген. Осы себепті уа мен о өзара сәйкестік түзеді. Яғни уа=о. Бұған араб тілінен енген уа+қиға сөзінің о+қиға болып қалыптасқаны да айғақ бола алады.
Орыс тіліндегі творить (жарату, жасау, тудыру, туғызу), көне түркі тіліндегі төрат (создавать, творить): билиг бирла билинүр төраткан иди (Жаратушы тәңірі де білім арқылы танылады), қазақ тіліндегі жарат (жоқтан бар ету, дүниеге келтіру, жан бітіру) етістіктерін бір-бірімен салыстырсақ, мынадай ұқсастықты байқаймыз. Біріншіден, үш сөздің де, әр түрлі айтылғанымен, ұғымы бір. Екіншіден, сөз ортасындағы р соноры, сөз соңындағы т дауыссызы үш етістікке де ортақ. Қазақ тіліндегі жарат етістігі өзге етістіктермен т~ж сәйкестігі негізінде жуысады. Ұяң ж мен қатаң т – тектес дыбыстар. Демек, бұл сөз аса ежелгі дәуірлерде славян тілдеріне де, түркі тілдеріне де ортақ болып, бір ұғымды білдірген. Бірінші буындағы дауысты көне түркі тілінде − ө, қазақ тілінде – а, орыс тілінде – о. Жіңішке ө дыбысының шыққан тегі – о. Сонда бірінші буында а және о дауыстылары бар екендігі анықталады. Жоғарыда в дауыссызының түпкі тегі қоспасыз айтылатын таза *У дауыстысы екендігін дәлелдеген болатынбыз. Сонда орыс тіліндегі творить<туорить түрінде қалпына келеді. Орыс халқы о-ны ауызекі сөйлеу тілінде а сипатында айтатынын ескерсек, *уа дыбыс тіркесін түзіп, көне форманы өз орнына келтіре аламыз. Қазақ тіліндегі бірінші буындағы а дауыстысы өзінің алдындағы у дауыстысының элизияға ұшырап жойылып кеткендігін көрсетеді. Сондықтан а өзгеріске ұшырамай, аман қалған. Көне түркі тіліндегі тоғ (рождаться; возникать, появляться) осы етістіктің түбірі болса керек. Араб тіліндегі уа шылауы мен орыс тіліндегі сөз бен сөзді байланыстырушы о дәнекерінің мағыналастығы да (сам+о+ход сөзін сам уа ход деп айтсақ, мағынасына пәлендей өзгеріс енбейді) тегін емес. Дауысты о дами келе дербес фонемаға айналғаннан кейін сөздің бірінші буынындағы у дауыстысын еркін алмастыратын дәрежеге жеткен. Мысалы, туғ~тоғ, туғуш~оғуш, туғул~оғул, туғар~тоғар т.б. Яғни бұрын уа~о cәйкестігі түзілсе, кейін у~о сәйкестігі өмірге келген. Сонымен о дауыстысының түпкітегін *уа дыбыс тіркесі деп танимыз. Керісінше, *ау тіркесі де о-ның пайда болуына себепкер болған сияқты. Араб тілінде т+ау+рат, орыс тілінде т+о+ра (діни кітап).
Қоспасыз таза айтылатын у-дың түркі халықтарының соңғы кездегі артикуляциялық базасына ыңғайланып қалыптасқан тағы бір аллофоны – ұ. Осы себептен көне түркілік у-ға жаңа түркілік қыпшақтық ұ фонемасы толық сәйкес келеді де, у~ұ сәйкестігін түзеді. Көне түркі тілінде у-мен айтылатын бір буынды сөздердің барлығы қазіргі қазақ тілінде ұ-мен айтылады. Мысалы, туз~тұз, тур~тұр, тут~тұт, буз~мұз т.б. Түркі халықтарының үлкен бөлегінде еріндік дыбыстардың соңғы буындарда әлсіреуі қысаң дыбыстардың көбеюіне әкелді. Екінші, үшінші, одан кейінгі буындарда ұ еріндік дыбысының орнына езулік қысаң ы қолданылатын болды. Ал бірінші буында ол әлге дейін өз сапасын жоғалтқан жоқ. Ескерткіштерден мысал: қулун>құлұн>құлын, улуқ>ұлұқ>ұлық, бурун>мұрұн>мұрын, артуқ>артұқ>артық, қутул>құтұл>құтыл, йашрун>жасұрұн>жасырын, ағур>ағұр>ағыр т.б. ұ және ы дауыстыларының түпкітегі – қоспасыз таза дыбысталатын *У. Қазақ тіліндегі о, ұ, ы жуан дауыстыларының пайда болу тарихы, міне, осындай.
1.2.3. Жіңішке Ө, Ү, І дауыстыларының және ҰЎ, ҮЎ, ЫЙ, ІЙ қосар дыбыстарының пайда болуы. Соңғы жылдардағы зерттеулер тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде түркі тілдерінде жіңішке дыбысталатын дауыстылардың мүлде болмағандығын көрсетіп отыр. Құрамында жіңішке дауыстылары бар түбірлердің тұтасынан құрамында жуан дауыстылары бар түбірлермен ұғымы жағынан да тең түсіп, варианттас болып келуі осы тұжырымның нақты ақиқат екендігін дәлелдеп береді. Басқаша атйқанда, жуан варианты кездеспейтін бірде-бір жіңішке вариантты сөз жоқ. Бұл жуан вариант көне, ежелгі дәуірдің, жіңішке вариант – кейінгі, жаңа дәуірдің жемісі екендігін көрсетеді.
Жіңішке дауыстылар жуан дауыстылардың аллофоны болғандықтан әр дыбыстың шыққан тегін анықтау, оншалықты қиындыққа соқпайды. Мысалы, мына төмендегі фонетикалық варианттарды өзара салыстырып көрелік: аңыра – еңіре, ажым – әжім, доңғалақ – дөңгелек, қаудыра – кәудіре, араң – әрең, мұжы – мүжі, шыл – шіл, тыл – тіл, қаны – кәні, йана – және, бары – бәрі, қары – кәрі, қоп – көп, быш – піс, шау – шәу, адырай – едірей, арбаңда – ербеңде, тасырай – тесірей, ажа – әже, абдыра – әбдіре, аламыш – әлеміш, арағырақ – әрегірек, заңғар – зеңгір, қоңырсы – көңірсі, қолдыра – күлдіре, орқаш – өркеш, ожырай – ежірей, орасан – ересен, салы – шәлі, шыл – шіл, ұлғай – үлкей, қол – көл, тансары – таңсәрі, уки – үкі, ана – ене, ыны – іні т.б.
Осы мысалға келтірілген аз ғана фактілерге назар аударсақ, а дауыстысының бірінші буында ә, екінші, үшінші буындарда е болып қалыптасқандығын байқаймыз. Бірінші буында а-ның е-ге айналуы бірен-саран: адырай – едірей, арбаңда – ербеңде, орасан – ересен, ана – ене. Алайда бұлар мағына жағынан тепе-тең емес, дами келе бірқатар мән, реңкке ие болған. Ережеден ауытқушылық (яғни сөздің басында ә-нің орнына е-нің пайда болуы) осыған да байланысты болуы мүмкін. Жуан варианттар құрамындағы ы, жіңішке варианттарда бірыңғай і-ге ауысқан. Жіңішке ө де бірыңғай о жуан дауыстысынан пайда болған: доңғалақ – дөңгелек, қоп – көп, орқаш – өркеш, қол – көл т.б. Жіңішке ү әртекті. ұ~ү: мұжы – мүжі, ұлғай – үлкей т.б., о~ү: қолдыра – күлдіре, у~ү: уки – үкі. у~ұ~ү сәйкестігі қыпшақ тілдеріне, у~о~ү сәйкестігі оғыз тілдеріне тән ерекшелік. Түпкі тек у-дың ү-ге тікелей алмасуы сирек құбылыс. Сонымен ө-нің шыққан тегі – О, ү-нің шыққан тегі – Ұ, і-нің шыққан тегі – Ы деп есептейміз. Жіңішке дауыстылардың түпкітектері:
1. ө<о<*уа<*У.
Немесе:
*У>
>уа>о>ө.
2. ү<ұ<*У.
>ұ>ү.
3. і<ы<ұ<*У
>ұ>ы>і.
.
Бұлардың арасында жіңішке і дауыстысының шығу тегі біреу емес, бірнешеу екендігі аңғарылады. Өзге түркі тілдерінде ұшырасатын уткир, утирик, теңри, ерин, келин, уки, тил, урик, унгир сөздерін қазақ тіліндегі өткір, өтірік, тәңірі, ерін, келін, үкі, тіл, өрік, үңгір сөздерімен, көне түркі тіліндегі фактілермен салыстырсақ, таза қоспасыз дыбысталатын и-дің тұрақты түрде і-ге айналғанын байқаймыз. Сонда – і<*И. Мұның сыртында диалектілерде ү ~ і сәйкестігі тағы бар: үндеме – індеме, шүберек – шіберек, түбіт – тібіт, түлік – тілік, түлкі – тілкі т.б. Әрине, мұны, ұ~ы сәйкестігі сияқты, еріндік дауыстылардың фонетикалық заңдылықтардың әсерінен езулік дауыстыларға айналуы деп түсінеміз. а>ы, и>ы сәйкестіктері де – азын-аулақ сөздерде, диалектілерде кездесетін фонетикалық сәйкестіктер.
Түркі тілдерінде екі дауыссыздың сөз соңында, әсіресе, сөз басында қатар айтылмау заңдылығы протезалық, эпентезалық, эпитезалық сына дауыстылардың тілдік өмірге келуін талап еткен сияқты. Мұндай қызметті атқаруға таза қоспасыз у-дан пайда болған еріндік ұ, ү, езулік ы аллофондары, таза қоспасыз и-ден пайда болған і аллофоны аса ыңғайлы болып шықты. Мысалға көне түркі жазба ескерткіштерінде ұшырасатын арс, барс, терс, бөрк, көрк сөздері қазіргі қазақ тілінде арыс, барыс, теріс, бөрік, көрік түрінде айтылады және жазылады. ұ, ү, ы, і дауыстылары әсіресе жүйесі бөлек тілдерден енген сөздерде сөз басында да, сөз ортасында да, сөз аяғында да сыналық (протезалық, эпентезалық, эпитезалық) қызмет атқарып, ерекше көзге түседі (Бұл жөнінде келесі тақырыпта әңгімелейміз. – Б.С.).
Еріндік ұ, ү дыбыстары тарихи даму барысында қоспасыз таза айтылатын у дауыстысының алдында, езулік ы, і дыбыстары қоспасыз таза айтылатын и дауыстысының алдында пайда болып, қыстырма, сыналық қызмет атқарады. Олар у және и дауыстыларын сонор дыбыстарға айналдыра отырып, өзара сіңісіп, жартылай дифтонгке айналады. Таза қоспасыз у мен и тілдік өмірден қол үзеді. ұў, үў, ый, ій қосар дыбыстары қазақ тілінде жиі қолданылады.