Аффрикаттардың түпкі тегі. Аффрикаттардың ыдырауынан пайда б

1.1.1. Т, С, Ш қатаңдарының, Д, З, Ж ұяңдарының түпкітегі. Бұл дыбыстардың түпкітегін табу ғалымдарға оңайға түскен жоқ. Түркологтар осы үшін жүз жылдан астам уақытын жұмсауға мәжбүр болды. Мәселе мына фактіден келіп шығады.
Сөз басындағы й~дж сәйкестігі түркі тілдерін үлкен-үлкен екі топқа бөледі. Азербайжан, түрік, түрікпен, құмық, өзбек, қарайым, гагауз тілдерінде, орхон-енисей, ескі ұйғыр, орта ғасыр ескерткіштері тілінде сөз басы й сонорынан басталса, қырғыз, қарашай-балқар тілдерінде, өзбек, татар диалектілерінде бұл дыбыстың орнына дж аффрикаты пайдаланылады. Мысалы, йол~джол (жер бетімен ерсілі-қарсылы жүруге арналған белдеулер; сүрлеу, соқпақ, даңғыл). Алайда дәл осы сөздің ұшар (абсолют) басында қазақ, ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт тілдерінде ж: жол; қарашай-балқар тілінде дз~з: дзол~зол; якут, хақас тілдерінде с: суол; алтай, тува, тофалар, хақас, шор, чулым, сары ұйғыр, татар, қырғыз тілдерінде ч: чол; чуваш тілінде с': сул; алтай, чулым тілдерінде тй~дй: тйол~дйол. Сонда бір ғана сөздің басқы дыбыстарынан түркіаралық й~дж~ж~дз~з~с~ч~с'~тй~дй сәйкестігі түзіледі. Жалпы алғанда, түркі тілдерінде едәуір сөздердің басқы дыбыстары осылайша бірнеше вариантқа бөлініп, жарыса қолданылады (1.10-б.).
Осылардың арасында «қандай да бір дыбыс, немесе аффрикат осы сәйкестіктің ең алғашқы формасы (архетипі, бұл сөзді біз «түпкітек» деп алып отырмыз) болуға тиіс» деген пікір түркологтарды қатты толғандырады. Сан алуан жорамал жасалып, айналымға түседі. Әңгімеленіп отырған сәйкестіктің түпкітегін В.В.Радлов пен В.А.Богородицкий *j деп тапса, Г.М.Рамстедт пен Н.Н.Поппе –*n, *n', *d; й. Маркварт пен К.Г.Менгес – *∂ *δ (*d'); Г.Дерфер *d деп есептейді. С.Е.Малов – *зˇ (д'з')~č~š, Н.А.Баскаков *č, *dž, *tj, *ž, *s дыбыстарының біреуі болуы мүмкін деп ұйғарса, Ш.Х.Ақбаев пен Ф.А.Абдуллаев *č (ч), А.М.Щербак *υ (с') деп шешеді. Алайда бұл жорамалдардың ешқайсысы түркологияда кеңінен қолдау таба алмады. Түркологтардың бір тобы ұсынған ғылыми болжамды екінші бір тобы теріске шығарып, қателіктерін көрсетіп отырды. Мұның соңы ұзақ-сонар айтысқа ұласты.
Бұлардың арасында В.В.Радлов пен В.А.Богородицкийдің бағыты ғана біршама дұрыс деп танылып, түркологтардың басым бөлегінің қолдауына ие болды. Жоғары оқу орындарында дауыссыз дыбыстар сәйкестіктері өтілгенде осы екі ғалымның ғылыми болжамы басшылыққа алынады. Қазірге дейін осы бағыт үстем*.
Бүкіл өмірінің үлкен бөлегін түркі тілдерінің фонетикасы мен фонологиясына жұмсаған ірі ғалым А.М.Щербак В.В.Радлов пен В.А.Богодицкий алға тартқан «дж аффрикаты й сонорынан пайда болған» деген пікірге шүбәмен қарады. Бірақ өзі оның орнына ғылыми жұртшылық қолдайтындай гипотеза ұсына алмады. Шындығында, «қарапайым сонор дыбыстан күрделі аффрикат шықты» деген тұжырым – «құмырсқадан түйе пайда болды» деген сияқты – жаранаға жуықтамайтын, ақылға сыйымсыз қате ұғым-түсінік еді. Бұл бар болғаны – түркологтар мәселені алғаш зерттегенде пайымдалған интуиция дәрежесіндегі тұспал болатын.
Өз болжамдарын ұсынған ғалымдардың арасында бізге Г.И.Рамстедт, Ш.Х.Ақбаев, Н.А.Баскаков, Ф.А.Абдуллаев бағыты дұрыс сияқты көрінді. Бірақ тарихи даму үстіндегі бір ғана буынның (звеноның) атап айтқанда, – бір аффрикаттың – түпкітек болып қалануы логикалық тұрғыдан нанымсыздық тудырады. Себебі, жоғарыда аталған «й фонемасынан аффрикаттар да, т, с, ш, д, з, ж дыбыстары да шыққан» деген болжамның методологиялық әдіс-тәсілдерін амалсыз қайталайды. Басқаша айтқанда, дж немесе тш(ч) аффрикатынан сәйкестік түзген өзге дыбыстардың барлығын шығару үшін жасандылыққа жол беріледі, табиғи емес алмасуларды ойдан құрайды, тағысын тағылар.
Біз т, с, ш қатаңдарының, д, з, ж ұяңдарының түпкітектерін табуды алдымызға арнайы мақсат етіп қойдық, осы жолда ұзақ жылдар бойы тынбастан еңбек еттік, шынайы ақиқат үшін уақытымызды аямадық. Нақты зерттеулердің нәтижесінде бұл дыбыстардың түп-төркіні жөнінде қалыптасқан көзқарастардан басқа тоқтамға келдік. Түркі тілдеріндегі сөз басындағы осы бір жұмбақ сәйкестіктің бір емес, бірнеше аффрикаттан пайда болғандығына анық көзіміз жетті. Мысалы, қыпшақ тілдеріндегі ж дыбысының дж аффрикаты негізінде, якут тіліндегі с дыбысының тс(ц) аффрикаты арқасында, қарашай-балқар тіліндегі з дыбысының дз аффрикатының ыдырауы нәтижесінде, оғыз тілдеріндегі й сонорының тй~дй қосар дыбыстарының дамуы барысында т.с.с. қалыптасқаны аян болды. Ал аффрикаттардың басын ұйымдастыратын түпкітек (архетип) алтай дәуірінен ________________
*Осы сәйкестікке байланысты пікір қайшылықтары 2005 жылы шыққан («Қазақ университеті» баспасы) «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» деп аталатын монографиялық еңбегімізде толық баяндалды.
әлдеқайда әрі кететін (қазіргі тұңғыс-манчжур, моңғол, түркі тілдерінде қарапайым қалдығы сақталған) ерекше күрделі фонетикалық құбылыс боп шығу ықтималдығы ойға оралды.
Осыған орай сөз басындағы жалаң фонемалардың түп негізі аффрикаттар болса, тегі бір тұңғыс-манчжур, моңғол, түркі тілдерінде қанша аффрикат сақталған деген сұрақ пайда болды. Іздестіре келгенде бұл тілдерде тс(ц), тш(ч), дз, дж, т'с', д'з' аффрикаттары мен тй, дй қосар дыбыстарының қазірге дейін өмір сүріп отырғандығы анықталды. Демек, аффрикаттар мен қосар дыбыстардан мынадай сәйкестік түзіледі: тс~тш~ дз~дж~т'с'~д'з'~тй~дй. Бұлардың ішінде жұмсақ айтылатын жіңішке т'с', д'з' аффрикаттары мен тй, дй қосар дыбыстары тек түркі тілдерінде, ал тс, тш, дз, дж аффрикаттары түркі тілдерінде ғана емес, тұңғыс-манчжур, моңғол тілдерінде де ұшырайды. Егер ц, ч аффрикатының типологиялық тұрғыдан салыстырғанда қытай, жапон, үндіевропа т.б. тілдерде кездесетінін ескерсек, олардың тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерден келе жатқандығына ешқандай күмән келтіруге болмайды.
Жоғарыда санамаланған тс, тш, дз, дж, т'с', д'з' аффрикаттары мен тй, дй қосар дыбыстарының табиғи құрылымына назар аударсақ, олардың тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде тілдегі белгілі бір күрделі аффрикаттан шыққандығын аңғару қиын емес. Әрбір қатаң дауыссыздың ұяң сыңары болатыны сияқты, ең алдымен, аффрикаттардың да қатаң, ұяң болып жұптасатыны көзге түседі: 1) тс>дз; 2) тш>дж; 3) т'с'>д'з'; 4) тй>дй.
Ірі-ірі түркологтардың зерттеулеріне қарағанда, ежелгі дәуірлерде түркі тілдерінде сөз басы бірыңғай қатаң дыбыстардан басталған. Ұяң дыбыстар, жұмсақ айтылатын жіңішке дауыссыздар кейін пайда болған. Сондай-ақ, тй қосар дыбысының да уақыт жағынан кенжелігі бар, оның құрамындағы й соноры – тш(ч) аффрикатының құрамындағы ш дыбысын ығыстырып, орнын иеленген эпентеза (Бұған кейінірек тоқталамыз. – Б.С.). Сонда ұяң дз аффрикатының, жіңішке т'с', д'з' аффрикатының негізі қатаң тс(ц) аффрикаты, ұяң дж аффрикатының, тй, дй дыбыстарының негізі – тш(ч) аффрикаты болып шығады. Кестеге түсірсек:
1 тс>дз.
2 тс >т'с'>д'з'.
3 тш>дж.
4 тш>тй>дй.
Осы салыстырудан-ақ бүкіл тұңғыс-манчжур, моңғол, түркі тілдеріндегі сөз басындағы аффрикаттар мен дыбыс тіркестері сәйкестіктерінің түпкітегі тс және тш аффрикаты екендігі көрініп тұр.
Әрбір тілдік құбылыстың синхрониялық және диахрониялық сипаттамасы бірдей болмайды. Мысалға ц аффрикатын қазіргі тұрғыдан т мен с дыбыстарының органикалық байланысынан түзілген, ч аффрикатын т мен ш дыбыстарының жымдасып кірігуінен жасалған деп түсінеміз. Тарихи тұрғыдан бұлай емес. Көрнекті ғалымдарымыздың болжамдарына қарағанда, дыбыс тілі пайда болуының бастапқы кезеңінде, қазіргі түсінігіміздей, жеке дыбыс, сөз, сөйлем дегендер болмаған. Дыбыстау, сөйлеу диффузды болған. Тілдік элементтер бір-бірінен жекеленбеген, бөлінбеген. Тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде т, с, ш сияқты жалаң жеке фонемалар жоқ болғандықтан, тарихи тұрғыдан ц аффрикатын т мен с-тің, ч аффрикатын т мен ш-ның қосындысы деп айтуға болмайды.
Даму логикасы мынаны мегзейді: ц, ч аффрикаты кейінгі дәуірде т, с, ш сияқты ұсақ дыбыстарға бөлініп жатса, өзінен бұрынғы дәуірде, сөз жоқ, өзінен күрделі аффрикаттың құрамына енген. Одан әрі тарихтың терең қойнауына барған сайын диффузды элементке ұласуға тиіс. Уақыт өте келе неғұрлым ірі бөлшектің орташа бөлшекке, ортақ бөлшектің ұсақ бөлшекке ауысуы – тілдік дамудың диалектикалық заңдылығы. Аффрикаттардың тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерден қазірге дейін өзгеріп құбылуының динамикалық жолын кесте арқылы былайша көрсетуге болады: диффузды элемент→...→күрделі аффрикат→ аффрикат→фонема.
Осы заңдылыққа арқа сүйей отырып, тс(ц), тш(ч) аффрикаттарын тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлердегі бір күрделі негізден пайда болған аффрикат деп пайымдаймыз. Ғылыми тұрғыдан болжамдалатын бұл архетипті күрделі аффрикат деп атауға болады. Анықтаңқырап айтсақ, күрделі аффрикат дегеніміз қазіргі түсінігіміздегі екі немесе одан да көп аффрикаттың бір кездегі органикалық құранды қосындысы.
ц, ч аффрикаттарының тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде бір-бірімен біртұтас кірігіп, күрделі аффрикат құрағандығына мынадай дәлелдер бар. Біріншіден, бұлардың құрамындағы т дауыссызы екеуіне де ортақ. Алгебрадағы 2а : 2в = 2(а : в) формуласына сәйкес екі аффрикаттың басын біріктіріп, мынадай формула түзуге болады: тс:тш=т(с:ш). Екіншіден, аффрикаттардың екінші жапсарлары с мен ш тектес. Артикуляциялық-акустикалық жағынан бір-біріне өте жақын. Шығу төркіні бір болғандықтан, бір-бірімен өзара емін-еркін ауыса береді. Мысалы, шүйінші~сүйінші, мышық~мысық, машақ~масақ, ауышқан~ауысқан, т.б. Түркі тілдерінде с~ш сәйкестігі ең жиі кездесетін сәйкестік: бас~баш, тас~таш, ас~аш, т.б. Бұлар аффрикаттардың құрамында тұрып та бір-бірімен алмаса береді. Мысалы, цецек~чечек (шешек), цецен~чечен (шешен, тілмар) сияқты сөздерде ц мен ч өзара ауысқанда олардың екінші жапсарласы с мен ш ғана ауысады. Бірінші жапсары т екі аффрикатқа да ортақ болғандықтан, ауыспайды, әрқайсысы өз орнында тұрады. Бұл – гипотезалық күрделі аффрикаттың екінші жапсары бір замандарда екіге бөлінген деген сөз.
Осы айтылғандарды ескере келіп, екі элементінің де тектестігі себепті ц, ч аффрикатының басын қосып, диссертациялық еңбегімізде мынадай формула ұсынған болатынбыз: *Т [С/Ш]. Түркі тілдерінде ұшырасатын тс(ц), тш(ч), дж, дз, т'с', д'з' аффрикаттарының, тһ, дһ, тй, дй қосар дыбыстарының, т, с, ш, д, з, ж жеке фонемаларының түпкітегі (архетипі), міне, осы. Гипотезалық күрделі бұл аффрикатқа ц аффрикатының да, ч аффрикатының да артикуляциялық-акустикалық қасиеттері шоғырланғаны анық. Алайда аса ежелгі дәуірлерде өмір сүрген бұл фонетикалық құбылыстың өзіндік қасиеттерін ашып-ажыратып бере алмаймыз. Себебі, ол дәуірлердегі әр дыбыстың жасалуындағы, қолданылуындағы қарқынын, белсенділігін, айтылу күшін, әлсіздігін, созылыңқылығын, үнін, әуенін, анықтығын, айқындылығын, көмескілігін, күңгірттігін, үн мен салдырдың ара қатысын, тағы осы сияқты ерекшеліктерін білу мүмкін емес. Қазіргі тілдерде сақталған дыбыстарға қарап, оның фонетикалық құрамын ғана бағдарлауға болады.
Бұл жерде ескертетін бір жайт «тас», «тау», «тары» сияқты сөздерде ұшырайтын т дыбысы мен ц, ч аффрикатының құрамындағы т дыбысы бір емес. Аффрикаттардың құрамындағы т-ны айтқанда тіл таңдайға жабысып қалады. «Тас» деген сөздің құрамындағы т-ны айтқанда, тіл таңдайға тигенмен, тез ажырап кетеді. Сондықтан аффрикаттардың құрамындағы т-ны жабысыңқы т, «тас», «тау», «тары» сияқты сөздердің құрамындағы т-ны жуысыңқы т деп атаймыз (1, 29-31-б.).
Гипотезалық күрделі аффрикат *Т [С/Ш] шын мәнінде қазіргі т, с, ш, д, з, ж дауыссыздарының түпкітегі бола ала ма, жоқ па, тексеріп көрелік. Бұл үшін осы күрделі аффрикаттың тарихтың өн бойында қандай-қандай даму жолдарынан өткендігін, эволюциялық өзгерістерге ұшырай келе одан қанша аффрикат, қанша дыбыс тіркестері, қанша жеке фонемалар бөлініп шыққандығын білуіміз қажет. Аталған түпкітектің даму барысы мынадай шолу жасауға мүмкіндік береді.
Түрлі тілдік факторлардың себебінен ең алдымен гипотезалық *Т[С/Ш] күрделі аффрикатының құрамында с сыбыр спиранты, ш ызың спиранты қалыптасады. Соның салдарынан күрделі аффрикат қарапайым екі аффрикатқа ажырайды:
1 *Т [С/Ш]>…>…>…>тс(ц).
2 *Т [С/Ш]>…>…>…>тш(ч).
Кестедегі көп нүктелер біздің заманымызға келіп жеткен тс(ц), тш(ч) аффрикатының ұзақ даму жолынан өткендігін көрсетеді. Бұл аффрикаттардың пайда болуы бүкіл алтай тілдерін екіге бөледі: І) тс(ц) аффрикатымен солтүстік-шығыс бөлегі, ІІ) тш(ч) аффрикатымен оңтүстік-батыс бөлегі сөйлеген (1, 32-б.). Алайда халықтардың бір-бірімен араласуы қандай заңды болса, аффрикаттардың да бір-бірімен араласуы сондай заңды құбылыс.
Уақыт өте келе бұл аффрикаттар да жалаң фонемаға айналуға бағыт алады. Атап айтқанда, екінші жапсары (яғни с мен ш) елеулі өзгерістерге ұшырайды. Алтай тілдерінің тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлеріндегі даму заңдылықтарына орай, аффрикат құрамындағы с мен ш элементі әлсіреп, бірте-бірте жойылады. Оның орнына эпентезалық һ, й дыбыстары пайда болады. Кестесі:
1 тс(ц)> ...>тсһ>тсһ>тоһ>тһ.
2 тш(ч)>…>тшй>тшй>той>тй.
сһ таңбасы с дыбысының әлсірегенін, орнын иеленуге һ эпентезасының ыңғайлана бастағанын көрсетеді. сһ таңбасы һ-нің күшейгенін, кішкентай с оның мүлдем әлсірегенін байқатады. Ақырында с(оһ) мүлдем жоғалады. шй өзгерісі де осы сипаттас. Алтай тілдерінде осылайша 1) тс~тһ, 2) тш~тй сәйкестіктері түзіледі. Кез келген сөзді алсақ, олардың құрамындағы дыбыстардың акустикалық, артикуляциялық сапасы бірдей болмайды. Кейбір сөздер аффрикат құрамында эпентезалық һ, й дыбыстарын қажет етсе, кейбір сөздер бұларды қажет етпейді, қабылдамайды. Осыдан барып аффрикаттардың екінші жапсары мүлде жойылып, жалаң жуысыңқы т фонемасы дербес қолданыла бастайды. Аффрикат құрамынан шыққан алғашқы жалаң фонема осы еді. Бұл ретте тш~тй сәйкестіктеріне қарағанда, тс~тһ сәйкестіктері өзгеруге бейім екендігін байқатады. Сычқан(ДТС)~тышқан, тоқуш(ДТС)~соғыс, таяз~саяз сияқты параллельдер бұл пікірді қуаттайды. Даму кестесі:
тс(ц)>тһ>тһо>тһø>тø>т.
Сөз құрамындағы дыбыстарды түсіріп айтуға яки жеңілдетіп айтуға тырысушылық – жер бетіндегі бүкіл тілдерге тән жалпы заңдылық. Осы фактордың ықпалымен түркі тілдерінде сөз басындағы, сөз ортасындағы қатаң дауыстылар ұяңдана бастайды. Бұл құбылыстан аффрикаттар да сырт қалмайды. Аффрикаттар мен қосар дыбыстарының ұяңдануы:
1) тс>дз; 2) тш>дж;
3) тһ>дһ; 4) тй>дй;
5) т>д.
Орта ғасырлардан біздің заманымызға келіп жеткен түркі жазба ескерткіштеріне қарағанда, түркі тілдерінің бір бөлегінде тс аффрикаты ұяңданып қана қоймайды, одан әрі жіңішкеріп, жұмсарады. Жіңішкергенін білдіру үшін (') белгісін қолдандық.
1 тс>т'с'; 2) дз>д'з'.
Сонымен, Алтай дәуірінде, бәлкім кейінірек, түркі тілдерінде мынадай сәйкестік түзіледі:
1 тс~тһ~дз~дһ~т~д~т'с'~д'з'.
2 тш~тй~дж~дй.
Осы кезге дейін түркологияда диахрониялық дәуір мен синхрониялық дәуірдің ара жігі анық та айқын ажыратылған емес. Біз сөз құрамында бірыңғай қатаңдар мен жуан дауыстылар болған дәуірді – диахрониялық, ұяң дауыссыздардың, соған сәйкес жіңішке дауыстылардың пайда болған дәуірін – синхрониялық дәуір деп есептейміз.
Түркі тілдері дамуының келесі кезеңінде сөз басындағы аффрикаттардың дыбыстық құрамы ыдырап, жалаң жеке фонемалар пайда болады. Алтай тілдеріндегі барлық аффрикаттар екіге жарылып, бірінші жапсар элементі жабысыңқы т және оның аллофондары т', д, д' мүлдем түсіріліп айтылады. Бұл ыдырауға сөз басында екі дауыссыз дыбыстың қатар айтылмау заңдылығы әсер етсе керек. Бұған екпіннің алғашқы буыннан соңғы буындарға ауысуының да ықпалы болған сияқты. Бірлі-жарым аффрикаттар қазіргі тілдерде қалдық (реликт) ретінде ғана сақталып қалған. Бұл айтылғандарды кесте арқылы былай бейнелеуге болады:
1 тс>с; 2) дз>з; 3) тш>ш; 4) дж>ж;
5 тй(дй)>й; 6) тһ(дһ)>һ; 7) т'с'>т'; 8) д'з'>з'.
Сөздің басында кейбір дауыссыз дыбыстардың (оның ішінде аффрикаттардың да) элизияға ұшырап түсіп қалатынын, көмей һ дауыссызының дами келе х, қ, к, ғ, г дауыссыздарына айналып кеткенін ескеретін болсақ, түркі тілдерінде байырғы бір буынды сөздердің құрамында (негізінен сөз басында, сөз аяғында) мынадай ұзақ сәйкестік түзіледі:тс~тш~тһ~тй~дз~дж~дй~дһ~т'с'~д'з'~т~с~з~ш~ж~д~й~һ~х~қ~к~ ғ~г'~с'~з'~т'~д'~ø. Түркологияда жүз жылдам уақыт бойы даулы болып келе жатқан й~дж~ж~т~д~ч~ ш ~с~з... сәйкестігінің толық құрамы осы.
Әрине, бұл сәйкестіктегі буындардың (звенолардың) бәрін бірдей бір сөздің варианттарының бойынан іздеуге болмайды. Өйткені тарихи даму біркелкі емес. Бүкіл түркі тілдері бойынша алғанда, теориялық тұрғыдан осылайша түзілгенімен, оның әр тілдегі көріністері әр түрлі. Варианттарының саны да әр қилы: кейде екі-ақ сөзден аспаса, кейде он шақтыға дейін ұласады.
Түркологтар аталған сәйкестіктің түпкітегін ұзақ уақыт бойы не себептен таба алмады? 1) Бір ғана фонеманы (атап айтқанда, й сонорын) архетип деп таныды. Бұл бар болғаны эпентезалық сына дыбыс еді, әрі одан өзінен табиғаты күрделі аффрикат пайда болмақ түгіл, қарапайым аллофон да бөлініп шықпаған. й – тарихтың бүкіл өн бойында түп-төркіні бір (кездейсоқ сәйкестіктерді есептемегенде) тектес сәйкестіктер түзілмеген, тұл дыбыс. 2) Алтай, чулым тілдеріндегі тй, дй дыбыс тіркестеріне мән берілмеді. Мұның тш(ч) аффрикатынан пайда болғандығы ешкімнің ойына кіріп-шықпады. Тіпті барлық аффрикаттардың, күрделі қосар дыбыстардың алдында жабысыңқы т немесе ұяң д дыбыстары келетіндігі ескерілмеді. 3) Жеке жалаң фонемалардың түпкітегі бір бөлек, архетиптердің түпкітегі бір бөлек іздестірілмеді. Жеке жалаң фонемалар мен аффрикаттар тең дәрежеде аралас зерттелгендіктен қиын мәселенің түйіні шешілмеді.
Қорыта келгенде, т, с, ш қатаңдарының, д, з, ж ұяңдарының түпкі тегі – гипотезалық *Т[С/Ш] күрделі аффрикаты. Тілден мүлдем шығып қалуы себепті, тіпті бұл күрделі аффрикатты есепке алмағанның өзінде, түркі тілдерінің шығыс хун бұтағы үшін – тс аффрикаты, батыс хун бұтағы үшін тш аффрикаты түпкітек (архетип) бола алады.
Тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлердегі, одан біршама кейінгі дәуірлердегі архетиптердің (түпкітектердің) түркі тілдері арасындағы бөлінісі жинақтағанда мынадай:
*Т[С/Ш] – алтай семьясына жататын бүкіл тілдер үшін түпкітек.
*тс – шығыс хун бұтағына жататын түркі тілдері үшін түпкітек.
Оның ішінде:
а) *тс – хақас, якут тілдеріне тән.
ә) *тһ (тқ) – алтай тілдерінің диалектілеріне, башқұрт тіліне тән.
б) * т'с'(д'з') – чуваш, башқұрт, түрікмен тілдеріне тән.
в) *дз – қарашай-балқар, башқұрт, татар, азербайжан тілдеріне тән.
*тш – батыс хун бұтағына жататын түркі тілдері үшін түпкітек.
Оның ішінде:
а) *тй(дй) – көне түркі, оғыз, қарлұқ-ұйғыр тілдеріне тән.
ә) *тш – алтай, тува, тофалар, хақас, чулым, шор, татар, қырғыз тілдеріне тән.
б) *дж – қазақ, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, қырым татарлары тілдеріне тән.*
Жоғарыда ғылыми жолмен қалпына келтірілген гипотезалық күрделі аффрикаттан жеке жалаң фонемалар, атап айтқанда, т, с, ш қатаңдары мен д, з, ж ұяңдары қалай пайда болған? Бұл сұраққа төмендегі кесте жауап бере алады.
1. *Т[С/Ш]>тс>тһ>тһо> тһø>тø>т.
2. *Т[С/Ш]>тс>отс>øтс>øс>с.
3. *Т[С/Ш]>тш>отш>øтш>øш>ш.
4. *Т[С/Ш]>тс>дз>одз>øдз>øз>з.
5. *Т[С/Ш]>тш>дж>одж>øдж >ж.
6. *т>д.
Кестедегі о, ø таңбалары «бірте-бірте элизияға ұшыраған» деген ұғымды білдіру үшін қолданылып отыр. Осылардың арасында т қатаңы тс аффрикатының екінші жапсары с элизияға ұшырап жойылып кеткеннен кейін пайда болған ең көне фонемалардың бірі. Сондықтан ол (т) тш(ч), тс(ц) аффрикаттары ұяңдағанда қоса ұяңданған. д ұяңының тікелей т қатаңынан, с, ш қатаңдары мен з, ж ұяңдарының (аффрикаттың алғашқы жапсары элизияға ұшырағанда) тс(ц), тш(ч), дз, дж аффрикаттарынан шығатындығы сондықтан. Енді кестені керісінше құрып, әр жеке фонеманың шыққан тегін, түпкітегін анықталық.
1 д<т<тһ<тс<*Т[С/Ш]. Сонда д ұяңының шыққан тегі т қатаңы болады да, тһ дыбыс тіркесі мен тс(ц) аффрикаты оның арғы тегі болып есептеледі. Ал *Т[С/Ш] – бәріне түпкітек.
2 с <тс<*Т[С/Ш]. 7. т'<т<тһ<тс<<*Т[С/Ш].
3 ш<тш<*Т[С/Ш]. 8. с'<т'с'<тс<<*Т[С/Ш]
4 з<дз<тс<*Т[С/Ш]. 9. д'<т'<т<тһ<тс<<*Т[С/Ш].
5 ж<дж<тш<*Т[С/Ш]. 10. з'<д'з'<т'с'<тс<<*Т[С/Ш].
6 т<тһ<тс<*Т[С/Ш].
Математикада белгісізді белгілілер арқылы табатын мынадай қарапайым әдіс бар. Х+7=15 теңдеуін құралық. Екі сан белгілі, бір сан белгісіз. Теңдеуді былайша қайта құрсақ, мән-мағынасы өзгермейді. Х=15-7. Он бестен 7-ні шегерсек, сегіз саны шығады. Есептің дұрыс немесе бұрыс шыққанын білу үшін табылған санды белгісіз санның орнына қоямыз. Алғашқы теңдеуге қайта оралсақ, 8+7=15; 15=15. Бұл есептің тура шыққанын көрсетеді. Дәл осы әдісті тіл біліміне де қолдануға болады. Әр дыбыстың шыққан тегі, арғы тектері, түпкітегі белгілі болғандықтан, оларды бірінің орнына бірін алмастырып, бұрынғы қалпына келтіруге болады. Мысалы, д ұяңының шыққан тегі т қатаңы болғандықтан, «дізе», «дұз» сөздерін ойланбастан «тізе», «тұз» деп қабылдай аламыз. Осылайша түпкітек ұстанымдарына арқа сүйеп, математикалық логиканы пайдалана отырып,
_________________________________
* Бұл еңбекте қатаңдар мен ұяңдардың шыққан тегі, түпкітегі қандай дыбыс деген сұраққа ғана жауап қайтарылып отыр. «Дауыссыз дыбыстар сәйкестігі», «Протезалық, эпентезалық, эпитезалық сына дыбыстар», т.б. мәселелер туралы толық мәліметті «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты монографиямыздан (2005 ж.) алуларымызға болады.

белгілі бір сөздің этимологиясын ашуға әрекет етіп көрелік.
Қазақ үйлерінің есік маңдайшасына қарама-қарсы, төменгі жағындағы жерге, еденге тиіп тұратын көлденең ағашты табалдырық деп атайды. Лексикалық мағынасы көмескіленген көне сөз. Бұрын бұл лексема қандай ұғымда жұмсалған, уәжі қандай десе, ешкім де жауап бере алмас еді. Бұл сөздің құрамында жіңішке дауыстылар жоқ, бірыңғай жуан дауысты. Бірақ екі дыбыс ұяң – б, д. Олардың қатаң жұптары, анығырақ айтқанда, шыққан тектері – п, т. Ал ы-ның көне формасы, шыққан тегі – ұ. Орын-орнына қойсақ, – *тапал*тұрұқ деген ілгері замандарда делексикаланған сөз тіркесі пайда болады. Тапал «аласа» сын есімінің синонимі, диалектілерде қолданылады. Киіз үйді күнде көріп жүрген кісілерге тұрұқ (тұрық) сөзінің «тұрғызылып қойылған тақтайша» екендігін түсіну қиынға соқпайды. Қалпына келтірілген сөз тіркесінің толық мағынасы: тік тұрғызылып қойылған аласа тақтайша. Аталған сөзді бүкіл түркі тілдерімен салыстырып шықсақ та, мұндай нәтиже бермес еді. Шыққан тектерді, арғы тектерді, түпкі тектерді (көбейту кестесін жатқа білгендей) білу қадам басқан сайын аса қажеттікке айналатындығын этимологтарға түсіндіріп жату артық болар.
1.1.2. Х, Қ, К қатаңдарының, Һ, Ғ, Г ұяңдарының түпкі тегі. Бұлар артикуляциясы жағынан да, акустикасы жағынан да, түп-төркіні жағынан да бір-біріне өте жуық туыс дыбыстар. Сондықтан да аталған дыбыстардың барлығы өзара дыбыс сәйкестіктерін түзеді. х, қ, к қатаңдарының, һ, ғ, г ұяңдарының ең ескісі – һ. Себебі, тілдің өзі қаншалықты көне болса, һ дауыссызы да соншалықты көне. Бұл дыбыстың одағайлардың құрамында сақталуы – осы пікірдің толық дәлелі. Тілшілердің бір ауызды пікірі бойынша, одағайлар ең алғаш пайда болған сөздердің қатарына жатады. Тағы бір ерекшелігі, а дауыстысының айтылуында қандай еркіндік болса, ежелгі һ дауыссызының айтылуында да сондай еркіндік бар. Бұл да оның байырғылығын көрсететін қасиет.
Һ дауыссызы түркі тілдерінде ғана емес, бүкіл дүние жүзі тілдерінде кездеседі. Бұл дыбыстың артикуляциялық-акустикалық сипаты туралы фонетист Ж.Аралбаев былай деп жазады: «Жалпы фонетика тамақ арқылы жасалатын дыбыстардың екі түрін көрсетеді: оның бірі – фарингаль (қазақшасы – жұтқыншақ), екіншісі – ларингаль (қазақшасы – көмей) дыбыстар. Фарингаль дыбыстар жұтқыншақтан, жұтқыншақ қуысының тарылуынан пайда болады, яғни фарингаль дыбыстарды айтқанымызда тілдің артқы түбі жұтқыншақ – фаринкс қабырғасына тиер-тимес болып жуысады, осыдан барып жұтқыншақ түтігі тараяды. Сол жұтқыншақ қуысының тараятын жеріне қарап жоғарғы және төменгі фарингаль дыбыстар болып екі түрге жіктеледі. Жоғары фарингаль дыбыстар күншығыс семит-хамит тілдерінде жиі ұшырайды. Ал төменгі фарингаль дыбыстары қазіргі ағылшын, неміс тілдерінде байқалады (мәселен, немісше – haben, halten). Фарингал дыбыстардың қатаң-ұяң, шұғыл-ызың сияқты түрлері болады.
Ларингаль дыбыстар тамақтағы дауыс түтігі арқылы пайда болған салдырдан, дауыс шымылдығының бір-бірімен жабысып, кенет ашылуынан пайда болады. Оларды екі сөзбен – көмей шұғылдары деп атаймыз. Көмей шұғылдары түркі, моңғол тілдерінде байқалмайды. Ларингаль дыбыстардың өзгеше бір түрі – қазіргі грузин, авар тілдерінде кездесетін шұғыл көмейлері, олар үнемі қатаң болып айтылады. Ал қазақ тіліндегі һ дыбысына келсек, бұл жөнінде мынаны айтуға болады: спирант һ дыбысын айтқанымызда тілдің түбі фаринкс қабырғасына жуысады да, содан жұтқыншақ қуысы тараяды. Сондықтан қазақ тілінде һ спирантын фарингаль дыбысқа жатқызу дұрыс деп табамыз» (1, 56-61 б.). Олай болса, қазақ тіліндегі һ-ні фарингаль, ларингаль дауыссыздары дамуының белгілі бір буыны деп есептеуіміз керек.
Түркі тілдерінде (атап айтқанда, чуваш, хақас, якут, т.б. тілдерде), сондай-ақ моңғол, тұңғыс-манчжур тілдерінде қатаң х дыбысы ұшырайды. Лингвистер аталған тілдердегі бұл құбылысты шұғыл қатаң фонема қ-ның спирант қатаң фонема х-ға ауысуы деп түсінеді. Бұл – бір жағынан, қ дауыссызының аса жиі және басым қолданылуына байланысты жасалған тұжырым. Және, екінші жағынан, фонетикалық заңдылықтардың себебінен қ-ның х-ға ауысуын жоққа шығаруға да болмайды. Сонымен бірге бұл жерде фонетикалық заңдылықтармен қатар фонологиялық заңдылықтардың қабаттасқан жағдайларын да ескеру керек. Тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде түпкітек – ата тілде х дауыссызы болып, оның ұштығын (сарқыншағын) кейбір алтай тілдері сақтап қалмады ма екен деген ой келеді. Типологиялық жағынан алғанда, дүние жүзі тілдерінде бұл дыбыс бар. Барлық дауыстылар мен дауыссыздар дүние жүзі тілдеріне негізінен ортақ болғанда х дауыссызы түркі тілдеріне неге ортақ болмасқа?! Жалпы алғанда, қатаң х – ларингаль, фарингаль Һ дауыссызы аллофондарының бірі. Ол артикуляциясы мен акустикасы жағынан, қ дауыссызына қарағанда, һ-ге бір табан жақын.
Әуел баста эмоционалдық сезімдер (қорқу, қуану, ренжу, күрсіну, жөтелу, ауыру, сырқырау, т.б.) көмейден айтылса, – ларингаль, жұтқыншақ арқылы айтылса, – фарингаль болып есептелетін Һ дыбысын жарыққа шығарады. Бұл дыбыс уақыт өте келе фонемалық жүк арқалай бастайды. Алғашқы адамдардың көкірек-көмейінен шығатын дыбыстар сөйлеудің басты мүшесі – тіл іске қосылғаннан кейін бірте-бірте күрделенеді. Фонемалар сонау көкірек-көмейден тіл алдынан айтылатын дәрежеге жеткенше, неше сатыдан өтеді. Сан ғасырлар артта қалғандықтан дыбыстардың эволюциясын тап басып дәл айту мүмкін емес. Солай бола тұрса да, фонемалардың өзгеру динамикасы, қалыптасу логикасы көкірек-көмей дауыссызының уақыт өте келе жұтқыншаққа, одан тіл арты мен тіл ортасына жылжуын эволюциялық дамудың анық та айқын көрсеткіші ретінде қабылдауымызға мүмкіндік береді. Һ дауыссызының даму жолын былайша кестеге түсіруге болады:

*Һ (көкірек-көмей)>
Һ1 (көмей) > > x
> һ
Һ2 (жұтқыншақ) > > к>г
> қ >ғ >(г)

Кесте түпкітек көкірек-көмей дауыссызынан (*Һ) көмей (ларингаль) және жұтқыншақ (фарингаль) дауыссызының – һ1, һ2 аллофондарының – шыққандығын көрсетеді, келесі саты һ1 аллофондарынан х мен һ фонемаларының тікелей пайда болғандығын байқатса, һ2 аллофонынан к, қ фонемаларының пайда болғандығын аңлатады. Шығу тегі бір болғандықтан бұл фонемалар бір-бірімен оңай алмасады. Мысалы, бір ғана кісі аты түркі тілдерінде Ибраһим болса, орыс тілінде Ибрахим, Ибрагим болып жазыла береді. Бұдан һ~х~г сәйкестігі түзіліп тұр. Һ дауыссызы әлем тілдерінде кездесетін болғандықтан, жоғарыдағы кесте де әлем тілдеріндегі ортақ эволюциялық дамуды бейнелей алады. Түпкітек табу кестесі:
1 х<һ1 (көмей) < *Һ
2 һ< һ1 (көмей) < *Һ.
3 г<к<һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
4 ғ<қ< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
5 к< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
6 қ< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
К-ден г фонологиялық жолмен туындаса, ғ-дан г фонетикалық жолмен туындаған. Осы себепті к мен г оппозициялық қатынаста болса, ғ мен г мұндай қатынаста бола алмайды. Сол үшін оны жақша ішіне алдық.
Көмей дыбысынан пайда болған х, һ, к, г, қ, ғ фонемаларының ең басты ерекшелігі – бірде кәдуілгідей фонемалық қызмет, бірде сөз басында протезалық, сөз ортасында эпентезалық, сөз аяғында эпитезалық қызмет атқаратындығында. Бұлар протезалық, эпентезалық, эпитезалық қызмет атқарғанда фонемалық жүк арқаламайды, тек дауысты дыбыстардың бір-бірімен тоғысып кетпеуіне ғана ықпал жасайды. Бұған келесі тарауларда арнайы тоқталамыз.