Данагүл Темірсұлтанова өмірбаяны

Данагүл Қайырсапақызы Темірсұлтанова 9 мамыр 1964 жылы Батыс Қазақстан Облысы, Казталов ауданында дүниеге келген. 1987 ж. қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының "театр" бөліміне оқуға түсіп, Шолпан Жандарбекова мен Тілектес Мейрамовтың сыныбын бітіреді. Дипломдық жұмысы «Қарагөз» спектаклі атышулы болып, жолдама арқылы қазіргі М.Әуезов атындағы драма театрына актриса болып қабылданады. Әлі күнге дейін сол қара шаңырақтың белді актрисасы. 1989 жылы "Тамаша" ойын-сауық театрына Лұқпан Есеновтың шақыртуымен келеді. 2005 жылы Гүлбаушан Тілеубековамен "Аққу-Гәкку" әзіл-сықақ театрын құрады. 2011-2012 жылдар аралығында "Жар-жар" теле-шоуының жүргізушісі болды. Жолдасы - Азат Сейітматов, актер. Екі қызы, бір ұлы бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Театрдағы рөлдері:
ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Қарагөз, «Айман-Шолпанында» Айман (реж. Е.Обаев), «Абайында» Қарлығаш (реж.Е.Обаев), Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Топыш (реж.Б.Атабаев), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Ләйлә (реж.Б.Атабаев), Б.Мұқайдың «Тоят түнінде» Перизат, «Сергелдең болған серілерінде» Айжан (реж.О.Кенебаев), Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жырында» Алмагүл, М.Мақатаевтың «Қош, махаббатында!» Зағыш, Б.Римованың «Қос мұңлығында» Самал, Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуындағы» Зира (реж. Е.Обаев), Ә.Ақпанбетұлының «Дүние-думанындағы» Айман (реж. Қ.Сүгірбеков), Шахимарденнің «Томирисіндегі» Амага (реж. Т.Әл-Тарази), Д.Исабековтің «Актрисасында» Айгүл (Н.Жұманиязов), Қ.Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» Гүлжан (реж. О.Кенебаев), Д.Исабековтің «Мұрагерлерінде» Сызғанова (реж. О.Кенебаев), Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?..» комедиясында Апа (реж.М.Ахманов), т.б.

әлемдік классика мен заманауи драматургияда - Б.Томастың «Мен сіздің әпкеңізбінінде» Элла, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Нигора, А.Чеховтың «Шағаласында» Заречная, Мольердің «Ақымақ болған басым-айында!» Анжелика, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатындағы» Оттилия (реж. Р.Андриасян), Т.Муродтың «Ат жылаған түніндегі» Мамасұлу, Г.Гориннің «Атың шықпасасында...» Клементина, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Келін (реж. Е.Обаев), Ү.Ғаджыбековтің «Аршын-мал аланында» Әсия (реж. Т.Әл-Тарази), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Ольга (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева),т.б.

Фильмография:
2013 - «Бұғы-адам» (реж. Анатолий Лаптев)
«Ақсақалға арналған жарыс»
«Асу»
«Еңлік-Кебек»
1986 - "На перевале" (реж. Кабир Джетписбаев, Серик Жармухамедов)

Телехикаялар:
2013 - Спасатель | Құтқарушы
2013 - Домашние войны :: Зілиха ененің рөлі
2012 - Прямой эфир | Тiкелей эфир :: басты рөл
2012 - ВУЗеры
2011 - Айналайын
2001-2003 - Саранча :: Жанбибі

«Жайықтың қызы болғаныма мақтанамын»
Данагүл ТЕМІРСҰЛТАНОВА, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының әртісі:
16.30.05.2013.jpg
- «Орал өңірі» газетінде осы өлкеден шыққан танымал тұлғалармен сұхбаттасатын жақсы үрдіс бар еді. Жа­йықтың қызы өнерге қалай келді, үлкен сахнаға қалай жолдама алды, әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Бала кезімде ең алғаш дәрігер, стюардесса немесе жұрттың бәрі білетін актриса боламын деп армандайтынмын. Осы арманымды кішкене кезімізде толтырып жүрген анкеталармен бөлісіп, осы үшеуін қатар жазатынмын. Стюардесса боламын деуімнің себебі – бала кезімде ұшақта көп отырдым. Әкем марқұм Қайырсапа Темірсұлтанов деген кісі мені ұл сияқты ғып тәрбиеледі де, өзімен бірге мені де ұшақпен алып жүрді. Шет елді, тарихи жерлерді көптеп көрсету үшін үнемі жанынан тастамайтын. Жазғы демалыстың бір айын ауылда өткізсем, қалған екі ай­да шет елде жүретінмін.

Ал енді өнерге келу жолымда ҚазҰУ-ға түсейін деп тұрғанымда кетіп қалып, бір жылдай Жалпақталда СПТУ-да оқыдым. Бір жылдан соң қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына келіп түсіп, Шолпан Жандарбекова мен Тілектес Мейрамов аға-әпкелеріміздің курсында білім алдым. Дипломдық жұмысым «Қарагөз» спектаклі болды. Кейін осы спектакль атышулы болып, жолдама арқылы қазіргі М.Әуезов атындағы драма театрына актриса болып қабылдандым. Қазір осы театрда жүргеніме де 27 жыл болыпты.

- «Тамашаға» қалай кел­діңіз?

- Драма театрға жұмысқа қабылданған соң екі жылдан кейін, яғни 1989 жылы «Та­ма­шаға» шақырды. Алға­шын­да жүрексіндім. Жас бол­ған соң сенімсіздеу болдым. Бұ­рын сатиралық бағытта ойнап көрмегеннен кейін қиын тиді, әрине. Ақыры сол кезде «Тамашаның» директоры Лұқпан Есенов ағамыз үшінші рет шақырғаннан кейін тәуекел­ге бел буып, өзімді осы жанрда да сынап көрейін деп ұсыны­­сын қабыл алдым.

- Алғаш рет елімізге «Та­машаның» әртісі ретінде танылдыңыз. Одан кейін «Аққу-Гәкку» театрын құр­ды­ңыздар. Алғашында осы театр халық ықыласына бө­ленгенімен, қазір көрінбей кетті. «Аққу-Гәкку» қазір қайда жүр?

- 2005 жылы «Тамашадан» бөлініп, осы «Аққу мен Гәккуді» құрдық. 2006 жылдан бастап жылына екі рет концерт беріп жүрдік. Үш жыл қатарынан осы үрдіспен халық алдына шығып отырдық. Ал қазіргі кезде концерт өткізу оңай емес. Республика сарайының арендасының өзі бұрынғыдай емес, біршама қымбаттады. Одан кейін біз жылына бір-ақ концерт берейік деп ұйғардық. Ал биылғы концертті күзде береміз деп жоспарлап отырмыз.

- Қазіргі кезде драма театрын­дамын дедіңіз. Жалпы сізге қай амплуа жақын? Драма ма, әлде сатира ма?

- Өз басым рөл атаулыны үлкен-кіші, жақсы-жаман деп бөліп-жармаймын. Маған қандай рөлді берсе де, ойдағыдай алып шығуға әрқашан да тырысамын. Сондықтан да маған драма, не болмаса сатира жақын деп бөліп көрген емеспін. Әрине, кішкене кезімнен бері өнер саласын, осы жолды армандағаннан кейін, алғаш осы драма театрына келгеннен кейін бұл қара шаңырақ маған қашан да ыстық.

- Сіз басты рөлді сомдаған «Мәңгілік бала бейне» дра­ма­лық қойылымы көптің кө­ңілінен шығып жүр. Мұндай қиын образды қалай алып шыға алдыңыз?

- Болат Атабаев ағамыз әуел бастан осы рөлге мені ұсынған кезде қатты уайымдадым. Ол кезде «Тамашаның» дүрілдеп тұрған кезі ғой. Халық мені сатирада көбірек көріп жүрген сәт. Осы қойылымды қояр кезде ха­лық қалай қабылдар екен, өзім қалай алып шығар екенмін деп біраз уақыт қиналдым. Режиссерден да талай ұрыс естідім. Дегенмен де көп еңбектендім. Кейіпкер Ләйлөктің түр мен мінезі маған ұқсамағаннан кейін оны басқа қырынан ашып көрсетуге тырысып бақтым. Құдайға шүкір, ақыр аяғы сәтті болды. Көрермен өте жақсы қабылдады. Он жеті жыл бойы бұл қойылым аншлагпен өтіп келеді.

- Белгілі режиссер, марқұм Райымбек Сейітметовтің ке­лінісіз. Осы орайда белгілі әртіс, жарыңыз Сейітметов Азат ағамызбен қалай та­ныс­тыңыз?

- Азатпен университет қа­быр­ғасында жүріп танысқан болатынбыз. Ол сол кезде екі жыл әскерге кетіп қалып, кейін қайтып басқа курсқа келді. Сол сәттен бастап, ақыл тоқтатқан жасқа келген соң түсінісіп, шаңырақ көтердік. Ал папамнан (Райымбек ағадан – А.Т.) көп нәрсе үйрендім. Ол кісінің келіні болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Әрдайым папамның алдында жақсы келін болуға, ол кісіні ұятқа қалдырмауға тырыстым. Құдайға шүкір, қазір немерелері өсіп келеді. Ал енді өнер жағына келгенде, ол кісі бізге үлкен мектеп болды, көп тәрбиеледі. Біздің ойнаған рөлдеріміз­ді үнемі сараптап, кемшілігіміз болса, сыни пікірін айтып отыратын. Жалпы, ол кісі үлкен шежіре еді. Тарихты терең меңгерген, өте білімді адам болатын. Арнайы үйретпесе де, өнерге деген, өмірге деген көзқарасынан өзімізге керегімізді тауып, тү­сініп, бейімделетінбіз.

- Гүлбаушан апай екеуіңіз бірге танылып, өнерде бірге келесіздер. Сіздерді өмірде де жұптары жазылмаған сырлас құрбы деп естиміз...

- Иншалла, Гүлбаушанмен өмірде, өнерде бірге жүргеніміз­ге 25 жылдай уақыт болды. Мен университетке жаңа түс­ке­німде, ол бесінші курсты біті­рер кезде танысқан болатынбыз. Сол кезде өнеріне қатты сүйсініп жүретінмін. Әсіресе, «Башмағымдағы» Жиһан шешейді шебер ойнағанына керемет риза болатынбыз бәріміз. Даусы, түрі, әртістік шеберлігі бізге – кішілерге, үлкен үлгі болды. Одан кейін екеуміз «Тамашада» бірге ойнадық. Содан бері біргеміз. Бір-біріміздің қыздарымызға кіндік шешеміз қазіргі уақытта. Былайша айт­қанда, туыс боп кеттік. Екеуміз апалы-сіңлілі боп кеткеннен кейін одан үйренгенім көп. Жаны жайсаң, үнемі көңілді, кез келген ортаның сәнін келтіріп отыратын, сыртқы келбеті қандай тартымды болса, жан дүниесі де сондай шуақты жан.

- Бір отбасында екі бірдей өнер адамы... Осы уақытқа дейін өнерден кетсем деген ой болмады ма?

- Әрине, жас кезімізде ондай ой болды, жасыратыны жоқ. Қойылымдағы өз рөлім көңілімнен шықпаған кездері «бекер әртіс боп жүрмін-ау» деген ой мазалайтын. «Бекер біреудің обалына қалып жүрген жоқ па екенмін, мүмкін менен де талантты адамдар менің кесірімнен көлеңкеде қалмады ма екен» деп жиі ойланатынмын. Ал дәл қазір осы ортада жүргенімізге бірталай уақыт болды ғой, одан кетсең, қайда барасың?! Осынша жыл ыстығына күйіп, суығына тоңып келгеннен кейін ешқайда да кеткің келмейді, әрине. Өнер өлкесін қалаған соң барлығына да төздік, сондықтан да өнердің киесі бізді өзінен алыстатпауға тырысты деп ойлаймын.

- Алдағы уақытта шы­ғар­машылығыңызда нендей жа­­­­­ңа­­лықтар болуы мүмкін? Жұртыңызды, жерлестері­ңіз­ді не­мен қуанта аласыз?

- Соңғы жаңалығым – жуырда ғана Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» премьерасында басты рөлдің бірін сомдап шықтым. Бағасын халықтың өзі берер. Өнерімнің көп бөлігі осы театрға айналғаннан кейін мен үшін маңыздысы – берген рөлді ой­дағыдай сомдау. Сондықтан әзірге театрдан басқа ешнәрсеге көңіл бөліп жүргенім жоқ. Осы сұхбат арқылы жерлестеріме, киелі Ақ Жайық өңіріне үлкен сәлем айтамын. Қай уақытта да Жайықтың қызы болғаным­ды мақтан тұтамын. Оралдың табиғаты ерекше әсем ғой. Сол секілді адамдары да сондай болса керек...

Өткен жылы Орал қаласын­да Әзірбайжан Мәмбетовтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Сол кезде қонақ ретінде шақырып, елге бір барып қайтқан болатынмын. Жақсы қарсы алып еді. Өнерді сүйе білетін елдің ықыласына бө­леніп, сағынышымды басып қайтқан болатынмын. Қай кезде де адам баласын туған топырағы тартып тұрады ғой... Әр отбасы бақытты болсын деп тілеймін!

Әңгімелескен Асұлан ТІЛЕГЕНОВ
http://zhaikpress.kz
Сырласу: Данагүл Темірсұлтанова (21.05.2013)
[kiwi:4q1dt6sf]http://kiwi.kz/watch/glqrrh77cy73/[/kiwi:4q1dt6sf]