Әсел Сәдуақасова өмірбаяны
Әсел Сәдуақасова 1985 жылы Қостанай облысы, Жетіқара қаласында туылған. Жастайынан өнерге құштар болып өскен қыз мектепте фортепиано сыныбында оқиды, ал 2001 жылы 16 жасында "Дауыс International" тобына кастинг арқылы қабылданады. 2003-2008 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "журналистика" факультетінде, 2009-2011 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында Наталья Дубстың сыныбында оқиды. 2003 жылы "Саранча" телехикаясына түсіп, қалың жұртқа таныла бастайды. 2007 жылы "Дауыс International" тобы продюсердің қолауынсыз қалып, қыздар жеке шығармашылықтарымен айналысады. Сол кезде Әсел өзіне Аяри лақап атын алып, жеке әнші ретінде танылады. Оның "Мен - қолыңдамын" әні мен бейнеклипі үлкен танымалдылыққа ие болды. Бірнеше рет "Сұлу қазақ қыздары" рейтингісіне кірген. Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегері (2013).
Фильмография:
2013 - "Вечная любовь" (реж. Самат Базыханов)
2013 - "Борат менің бауырым" (реж. Еркін Рақышев)
2011 - "Братья" - Жанна (реж. Асқар-Мухит Нарымбетов)
2010 - "Рывок" - Мақпал (реж. Қанағат Мустафин)
2010 - "Коктейль для звезды" | "Гашык журек" - камео (реж. Асқар Ұзабаев)
2008 - "Сталинге сыйлық" (реж. Рүстем Абдрашев)
Телехикаялар
2013 - "Ұзақ жол" (реж. Абай Қарпықов)
2012 - "Подружки" - Анель (прод. Ақан Сатаев)
2011 - "Жаным-2" - Айсұлу (реж. Лейла Ахинжанова)
2010-2011 - "Асель, друзья и подруги" - Галима (реж. Альмири Карпыков, Чингиз Капин, Галина Ефимова)
2010 - "Астана – махаббатым менің" - Дина (реж. Ермек Шынарбаев)
2003 - "Саранча" Райхан (реж. Абай Қарпықов)
Тележобалар
2013 - "Побег из аула" (2-маусым)
«Дауыс International» тобының әншісі, актриса:
fec1fa49127a0309f254174e904f8506.jpg
Мен Мақпал сияқты бола алмаймын
– Бала кезіңізде лақап атыңыз болды ма?
– Жақындарым «Асека», жақын құрбыларым «Аселек-Васелек» дейді, кейде қысқартып «Вася» деп атайды (күлді).
– Алайда, сахналық атыңыз – Аяри. Бұл есім нені білдіреді?
– Мұны маған кезінде продюсерім болған Баян Есентаева ұсынған-ды. Негізінде, бұл есіммен бір-ақ клип шығарғам. Соның өзінде елдің есінде жақсы сақталыпты. Тіпті ғаламтордан клипімді көру үшін «Әсел» емес, «Аяри» деп іздейтін болдым. Бірақ мұнда тұрған ештеңе жоқ, жұрт өз есіміме де үйреніп кетер. Бұл сөздің нақты не мағына беретінін білмеймін. Баянның айтуынша, Аяри – сұлулық ұғымымен байланысты есім.
– Сіз 2002 жылы «Шегіртке» сериалында, 2008 жылы «Сталинге сыйлық» фильмінде ойнадыңыз, жақында ғана «Рывок» картинасына түстіңіз. Актрисалық сіз үшін жай хобби ма, жоқ әлде...
– Жоқ, Құдай қаласа, актрисалық менің негізгі мамандығым болады. Қазір Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында оқып жатырмын. Актрисалық кәсіптің тұрақты емес екенін жақсы білемін. Театрда жұмыс істеуге менде мүмкіндік жоқ. Өйткені, біз үнемі гастрольде жүреміз. Мені фильмге, сериалға, тіпті жарнамаға түсуге шақырса, қуана-қуана келісімімді беремін. Себебі, бұл іс менің жаныма жақын және оның қолымнан келетінін білемін. Ал «Шегіртке» сериалы туралы айтсам, әуелі 2002 жылы «Дауыс International» тобына келгенмін. Сол жылы «Қарлығаш» атты алғашқы бейнебаянымыз жарық көрді. Сол клиптен режиссер әрі продюсер Абай Қарпықов мені байқап, сериалға түсуге шақырды. Онда мен Райхан есімді кейіпкерді сомдадым. «Астана – менің махаббатым» атты 12 сериялық фильмде Дина есімді арудың рөлінде ойнадым.
– Сонда әншілік бұдан былай қосалқы, яғни, екінші қатарда қала ма?
– Қазір менде бәрі бірінші орында, қосалқы деген жоқ (күлді). Себебі, жеке тұлға ретінде енді қалыптасып келемін. Алдағы жылдан бастап телеарнаға жұмысқа орналассам деймін. Осылардың ішінен негізгі жұмысымды тауып, басқасын екінші, қосалқы кәсіп сияқты алып жүретін шығармын.
– Бір сұхбатыңызда жаңалықтар жүргізушісі болғыңыз келгенін айтыпсыз.
– Иә, балалық шақтағы арман ғой. Қазір бұл арманымның іске аспайтынын, әрі мақсатыма сәйкес келмейтінін түсіндім. Әншімін, киноға да түсіп жүрмін. Ал жаңалық жүргізушісі журналистика саласында беделі бар адам болғаны жөн. Менің бет-әлпетіме қарасаңыз, тура жас бала сияқтымын. Оның үстіне, тележаңалықтар жүргізетін адам үнемі осында болуы керек. Ал маған қазір 5 минуттан соң продюсерім хабарласып, басқа қалаға ұшып кетуім де ғажап емес. Сондықтан, әзірге оған дайын емес сияқтымын.
– Телеарнада қандай бағдарлама жүргізбексіз?
– Ойын-сауық бағдарламасын. Тікелей эфирде жүретін ток-шоу болса, тіпті қатып кетер еді! Мен ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіргенмін. Бірақ өз мамандығым бойынша жұмыс істеген емеспін. Журналистикада ең керегі – тәжірибе. Сол себепті, әзірге өзімді жай жүргізуші ретінде сынап көрсем, кейін редактор, режиссер сияқты жауапты істерді атқарғым келеді.
– Құпия болмаса, болашақта сізді қай телеарнадан көре аламыз?
– Оны әлі шешкен жоқпын. Бірақ республикалық арналардың бірі болмақ.
– Фильмдеріңіздің бірінде романтикаға толы, нәзік жанды сомдасаңыз, екіншісінде жағымсыз рөлде ойнайсыз. Өмірде қандай жансыз?
– Мен осы екі кейіпкерімнің ар жақ, бер жағымын (күлді). Бірақ ешқашан адамдықтан аттап, сатқындыққа барған емеспін. Өзімді момын, жуас адаммын деуге де аузым бармайды. Бойымда екі кейіпкеріме тән жақсы қасиеттердің бәрі бар. Ал жаман әдеттер әркімнің бойынан кездеседі.
«Рывок» – заманауи жастар туралы фильм. Бұрынғы жастарға қарағанда бүгінгі жастар еркін, қысылып-қымтырылуды, орынсыз ұялуды білмейді. Яғни, сырт пікірге мән бермей, өз көңілінің қалауымен өмір сүреді.
– Фильмдегі әріптесіңіз Арыстан Мырзагереевпен ұқсас тұстарыңыз бар ма? Бір-бірлеріңізбен тез тіл табысып кеттіңіздер ме?
– Екеуміз де ән айтамыз, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқимыз, және екеуміз де Қарағандыданбыз. Басқа ұқсастығымыз жоқ деп ойлаймын. Арыстан – өзіндік мені бар жақсы жігіт. Шынымды айтсам, жақын танысқан жоқпыз, тек жұмыс бабымен ғана. Бірақ сәлеміміз түзу. Жалпы, әріптестеріммен қоян-қолтық араласа бермеймін. Тек топтағы қыздармен ғана болмаса... Біз бір отбасының қыздары сияқтымыз. Ата-аналарымызға дейін бірін-бірі біледі, араласады. Шоу-бизнесте Ділназ Ахмадиевамен, Лидомен, «Орда» тобымен жақын араласамыз.
– Осы фильмде басты кейіпкер екеуіңіздің араңызда керемет сезім бар. Ол сонау балалық шақтан бастау алады. Ал өмірде алғашқы махаббатыңызды қашан бастан кешірдіңіз?
– Қазіргі махаббатым менің нағыз махаббатым деп үміттенемін.
– Кейіпкеріңіз Мақпал – тым романтик қыз. Сіз ондай емессіз бе?
– Мақпалдың өмірінің мәні – сүйіктісі. Оған сүйіктісінен басқа ешнәрсе қызық емес. Бұл санаттағы қыздар қазір өте сирек кездеседі. Бүгінгі жігіттер дәл осы Мақпалдай қызға үйленгісі келеді. Ал менің табиғатым басқа. Өйткені, мен қалайда өзіме ұнайтын бір іспен айналысуым керек. Сахнаға бір рет шықтың ба, болды, енді онсыз өмір сүру мүмкін емес. Белгілі бір себептермен сахнадан кеткен адамдар қазір өзін бақытты сезінеді дей алмаймын. Сондықтан, кинода, телеарнада немесе сахнада болсын, әйтеуір шығармашылық ауылынан алыстамайтыным анық.
Махаббат үшін бәріне дайынмын. Тек өлуге емес!
– Бала кезіңізден өнер адамы болуды армандадыңыз ба?
– Әрине. Балабақшадан бастап өнер көрсетіп келемін. Қолды-аяққа тұрмайтын өте белсенді бала болыппын. Осы энергиямды дұрыс жолға бағыттау үшін анам мені шығармашылыққа баулыпты. Маған солай көңіл бөліп, бағыттап отырмағанда жаман ортаға түсіп кетуім де ғажап емес еді. Өйткені, мен өте мазасыз адаммын. Үйде, диванда тыныш отырып теледидар қарап отыру қолымнан келмейді. Міндетті түрде бірнәрсемен айналысуым керек. Тіпті қыздардың өзі «телефоныңа тыным жоқ қой» деп күледі. Таңертең басталған қоңыраулар түн ауғанша созылады ғой.
– Бәсе, сұхбат басталғалы телефонға шұқшиюмен болдыңыз?
– (Күлді). Иә... Бір жағынан, уақытқа да қарап отырмын, қазір студияға ән жаздыруға барамын.
– Сіз өте сұлу қызсыз. Жігіттер жиі мазаңызды ала ма?
– Мен ұялы телефонымның нөмірін жарты жылда бір ауыстырып тұрамын. Сосын жақындағысы келген жігіттерге бірден сүйікті адамымның барын айтып, жылы шығарып салуға тырысамын.
– Ең жақын құрбыңыз бар ма?
– Әрине. Төрт бірдей жақын құрбым бар. Бір құрбыммен жеті жасымнан бері біргеміз. Қостанай облысындағы Жітіқара ауылында бірге оқығанбыз. Мен 10 жыл болды Алматыда тұрамын, ол Қостанайда қалды. Тұрмысқа шыққан. Балалары бар. Жылына бір рет болса да көрісіп тұруға тырысамыз. Қалған үш құрбым осында. Былайша достарым да көп. Адамдардың менімен дос болғысы, жақынырақ араласқысы келетінін сезіп тұрсам да, жеке басының пайдасын күйттейтіндерді көп кездестіргендіктен, бірден бауыр басуым қиын. Сондықтан, жеке өміріме бейтаныс адамдарды кіргізе бермеймін.
– Бір сұхбатыңызда «журналистер әртістердің жеке өміріне қол сұқпауы керек» депсіз. Дегенмен, сізге қандай типтегі ер адамдар ұнайды?
– Бірден айтайын: маған сүйкімді, сұлу жігіттер ұнамайды. Ер адамда, ең бастысы, еркектік негіз болу керек. Мен болмысымнан мықты адаммын, сондықтан, мен үшін жігіттің рухы менен де мықтырақ болғаны маңызды. Оның жанында мен мүлде ешнәрсеге алаңдап, ешнәрсені уайымдамай, өзімді еркін сезінсем деймін. Жылауық, әлсіз жігіттерді түсінбеймін (күлді). Рас, өмірде ер адам да жылайтын сәттер болады, ондайды ешкімнің басына бермесін. Аяушылық сезімін тудыру үшін көзіне жас алатын, сәл бірдеңе болса, «өлемін» деп тұра жүгіретін жігіттерге таң қаламын.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына нөмірден оқисыз: "Жұлдыздар отбасы" журналы №22(88) 2010 жыл
[youtube:1uw4ieu2]http://www.youtube.com/watch?v=cdhxe34TaMU[/youtube:1uw4ieu2]
Ayari - Мен Қолыңдамын
[youtube:1uw4ieu2]http://www.youtube.com/watch?v=sbEVAw_q3zU[/youtube:1uw4ieu2]
Ayari - За тобой
[youtube:1uw4ieu2]http://www.youtube.com/watch?v=gKeNlCzKCUs[/youtube:1uw4ieu2]
Ghetto Dogs feat. Асель Садвакасова - Рывок
[youtube:1uw4ieu2]http://www.youtube.com/watch?v=f8Q_y1xZXcE[/youtube:1uw4ieu2]