Газеттегі терминдену, бейтерминдену процесінің жүруі
Газеттегі терминдену, бейтерминдену процесінің жүруі
Терминдену дегеніміз - әдеттегі жалпыхалықтық сөздің арнайы терминологиялық мәнде жұмсалуы. Бұл процесс байырғы сөз мағынасын өзгерту арқылы, нақтырақ айтсақ, сөз мағынасының кеңеюі немесе тарылуы арқылы жүзеге асады. Мысалға жүгінелік.
Толқын сөзі жалпыхалықтық тілде «желдің әсерінен теңіз, өзен етінің жал-жал болып тербелісі» деген мағына білдірсе /ҚТТС, 4,359/, ол сөз физика ғылымында « тербелістің кез-келген ортада шекті жылдамдықпен таралуы» деген мағынаға (дефиницияға) ие /5, 24/.
Егер жалпыхалықтық тілдегі толқын сөзінің мағынасында «желдің әсерінен », «теңіз (өзен) бетінің», «жал-жал болған», «тербеліс» деген сияқты 4 сема болса, терминдік мәндегі толқын сөзінде «тербеліс», «кез-келген ортада» (суда ғана емес), «шекті жылдамдықпен», «таралу» деген 4 сема бар. Екеуіне де ортақ және жалпы (негізгі сема)-«тербеліс». Басқа семалар өзгеріп, жалпыланған (кеңейген) немесе нақтылана түскен. Жалпыхалықтық сөздің терминденуі дегеніміз-осы. Яғни бұрын тек теңіз толқыны, толқын күшейді деген сияқты тіркес құрамында қолданылып, қарапайым ұғымды ғана білдірсе, терминденгеннен кейін ол сөз механикалық толқын электромагниттік толқын, көзі деген сияқты тіркес құрамдарында қолданылып, ғылыми ұғымды білдіретін болды.
Жарық сөзі жалпыхалықтық тілде - «жарқыраған (жарық ай, жарық жұлдыз)», «қараңғы емес (жарық бөлме, жарық түн)» деген мағына берсе, ол сөз физика термині ретінде «электромагниттік өріс өзгергенде пайда болатын (ұзындықтары 400 км-ден 780 км-ге дейінгі) электромагниттік толқындар» деген ұғымды білдіреді.
Терминдену үшін тек түбір сөз болуы шарт емес. Қазақ тілінде бұрыннан қолданылып жүрген сөз де, туынды сөз де, тіпті біріккен сөздер де терминдене алады. /6,103/. Ол үшін әлгі сөздер жалпыхалықтық (лексикалық) өрістен терминологиялық өріске өтуі керек. Мысалға «қорғасын балқыды», «темір балқыды» деген тіркестерден балқы сөзін алып көрелік.
Бұл сөз терминдену үшін, алдымен оның әдеттегі «қорғасынның (темірдің) еруі» деген жалпыхалықтық мағынасы өзгеріп, физика ғылымында қолданылып жүрген «кристалл (қатты) дененің сұйық күйге өту процессі» /5,84/ деген ғылыми мағынаға ие болып, жаңа сапаға көшті; терминге тән қаситеттерді бойына жинақтады (ғылыми ұғымды білдіреді т.б.) Сондықтан болар Л.А. Капанадзе: «Терминдену дегеніміз- сөздің лексикалық мағынасын алып тастап, оған дефиницияны таңып беру,»-деді /7,152/.
Бұл әрине, балқу сөзі ендігі жерде тек термин ретінде ғана қолданылады деген сөз емес; ол бұрынғыдай жалпыхалықтық тілде де, физика ғылымында да (термин ретінде ) қолданыла береді.
Тілімізде бұрын жалпыхалытық сөз болған, ал қазір физика ғылымының термині қызметін атқарып жүрген (терминденген) сөздердің саны біршама. Олардың қатарына бөлшек, дыбыс, жарық, кедергі, көлем, күш, қуат, өріс, сәуле, шама деген сияқты түбір сөздер мен ағын, аққыштық, ауырлық, беріктік, жылдамдық, кеңестік, қаттылық, қозғалыс, қондырғыш, қысым, өткізгіш, серпімділік, сұйық тартылыс, таратқыш, тербеліс, толқын, тұтқырлық, тығыздық, үйкеліс, деген сияқты туынды сөздерді де, балқу, булану, жылу, кернеу, қайнау, сығылу, сыну, тұйықталу, шашырау, үдеу, үйкелу деген сияқты етістіктің қимыл атау формаларын да жатқызуға болады.
Бұлардың бәрі тілімізде ежелден қолданылып, келе жатқан байырғы сөздер. Олар кейінгі кезде мағыналарын өзгертіп, терминдік қызметке көшкен. Сол қызметі арқылы бұл сөздер физика ғылымының өркендеп дамуына, ол ғылымды жастарымыздың оқып-үйренуіне, түсуіне көп көмегі тигендігі дәлелденуді қажет етпейді. Оның үстіне бұл сөздердің тіліміздің байи түсуіне септігінің болғандығын да теріс дей алмаймыз.
Терминдік сапаға көшкен жоғарыда келтірілген сөздерге терминологиялық сөздіктерде былайша анықтама берілген.:
Жылдамдық (скорость) - материлдық нүктенің (дененің) уақыт бірлігі ішінде жүрген жолымен анықталатын және әрқашан да қозғалыс траекториясының жанамасымен бағытталған векторлық шама /5,108/.
Қуат (мощность) - жұмыстың уақыты бойынша алынған туындысымен өрнектелетін дененің энергетикалық сипаттамасы /10,78/.
Сәуле (луч)- толқындық энергия ағынының таралу бағытын көрсететін геометриялық сызық / 5,68/.
Бұл келтірілген мысалдарға қарап, бір байырғы сөз бір ғана термин тудырады деп ойлап қалуға болмайды. Сол жаңадан туған бір терминнің кейде бірнеше туынды немесе тіркестік терминдер жасауы да мүмкін. /8,203/. Мәселен жоғарыда көрсетілген сәуле термині космос сәулелері, рентген сәулелері, ультракүлгін сәулелері, сәуленің қосарланып сынуы, деген сияқты тіркесті терминдер туғызса, толқын термині бойлық толқын, механикалық толқын, тұрғын толқын, толқын көзі, толқындық бет деген сияқты тіркесті терминдер туғызуған. Ал жарық термині жарықтылық, жарық ағыны, жарық дисперциясы, жарық интерференциясы, жарық күші, жарық поляризациясы, жарық рефракциясы, жарықтың шағылуы, жарықтың сынуы, жарықтың шағылуы, жарықтың шашырауы деген сияқты туынды терминдер мен тіркесті терминдер туғызуға себепкер болған.
Ал жалпы лексика құрамына қайта өткен кезде арнаулы сөздердің бейтерминденуі орын алады. Дәл дефинициялары жойылады. Салыстыру үшін инфаркт, валидол, пенициллин сөздерінің медицинадағы, фармакологиядағы, биохимиядағы, теоретикалық физикадағы мағыналары мен жалпы лексикадағы мәндерін алып қарастыруға болады.
Сұрақтар:
1. Термин сөздерге тән ерекшеліктерді атаңыз?
2. Термин сөздердің өзге тілден енуі қалай жүзеге асып жатыр?
3. Газет беттеріндегі терминдер төл тілдік бірлікпен не кірме элементтер түрінде кездесіп жүр? (анализ жасау)
Әдебиет:
1. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасның терминденуі. Алматы: Ғылым,1998.-206 б.
2.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы:Қазақ ССР ҒА-ның баспасы, 1959. 533 б.
3.Аққошқаров Е. Физика терминдерінің орысшы-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Қазақстан, 1974. – 152 б.