Газеттегі бағалауыштық лексика түрлері
Газеттегі бағалауыштық лексика түрлері. Бағалауыштықтың құрылымдық жүйесі туралы түсінік
Баға ерте заманнан бері лингвистер, философ, логиктердің көңілін аударып келе жатқан категориялардың біріне жатады. Ал соңғы кездері бағаны адам тұлғасымен тікелей қарастыра бастадық. Алғаш рет баға туралы Аристотель еңбектерінде кездеседі. Оның ойынша, баға категориясын сипаттау үшін, алдымен бағаны қабылдауға қабілетті объект түрлерін көрсету керек, екіншіден баға мәнін беретін сөздерді табу керек, үшіншіден баға предикатының мағынасын аша білуіміз қажет. Біз бағаны категория деп атап жатырмыз. Ендеше бағалау категориясына тоқталмас бұрын, алдымен категория ұғымын анықтап алайық. Лингвистикалық түсіндірме сөздікте категория сөзіне мынадай анықтама келтірілген.
Категория (грек. Kategoria сөзінен алынған) – кең мағынасында – жалпы қасиетке ие болатын тілдік элементтің кез келген тобы. Тар мағынасында – бірыңғай тілдік бірліктердің жиынтығы, мыс.: етіс категориясы, есім категориясы, септік категориясы, т.б. Категорияны жүйелеу синтаксистік және семантикалық белгілеріне байланысты жүргізіледі. Категориялық белгі семантикалық, синтаксистік және жалпы категориялық болады. Сөз табына бөлінуіне қарай категориялық белгілер – модификациялық және классификациялық болып бөлінеді. Категория термині алғаш Аристотель еңбектерінде қолданылып, 10 түрге бөлінген: мән, сапа, сан, қатынас, мекен, уақыт, жағдай, қалып, әрекет және шыдам. Категорияны бұлайша бөлу кейін сөз табын жүйелеуде негізге алынды.
Тілдік категорияның өзіндік жалпы мағынасы болуы – категорияның танылуына қойылатын алғышарт. Орыс тіл білімінде грамматика мәселесінің үлкен ғалымы А.В.Бондарко грамматика мәселесі туралы былай дейді: «Наиболее существенным свойством категориальной структуры представляется объединение членов грамматический категорий «граммем». Базой для их интеграции является общекатегориальная семантика, свойственные данной категорий значение (значение наклонения, времени и числа), объединяющие категориальные значения отдельных членов категории(значение отдельных наклонений, времен,числа). Эти категориальные значения представляют собой разновидности значения категории в целом, т.е. рядовые понятие по отношению родовому»[1].
А.В.Бондарконың пікірі бойынша, категорияның жалпы мағынасы болады, ол жалпы мағына категорияның ішкі ұсақ мүшелерінің мағынасынан шығады. Керісінше айтқанда, бір – біріне жақын, байланысты бір мағынаның түрлері ретіндегі мағыналар ғана жалпы бір ортақ мағынаға біріге алады. Осы белгі тұрғысынан келгенде, тілдегі бағалауыштық категорияның жалпы мағынасына заттың, құбылыстың, адамның, белгінің, іс – әрекеттің шындық өмірден орын алуы, яғни олардың өмірде болуы жалпы мағынасы саналады. Өйткені ол мағына осы категорияның ішкі мүшелерінің жеке мағыналарынан құралады. Бұл категорияның ішкі мүшелерінің мағыналары: жағымды, жағымсыз мағына, олардың тілде жасалу жолдары бар. Ол грамматикалық тәсілмен де, лексикалық тәсілмен де жасалады.
Грамматикалық қатегорияға қойылатын келесі бір шарт – қарама – қарсылық(оппозиция). Ол жөнінде А.В.Бондарко былай дейді: «Обычно основным признаком структуры грамматических категорий признается оппозиция. Не отрицая значимости грамматических оппозиций, мы стремимся показать, что содержательная структура грамматической категорий может включать не только оппозиции, но и неоппозитивные различия».
Ғалымның бұл пікірімен де толық қосылу қажет, өйткені тілде мағыналық қарама – қарсылықтан тұратын категориялар (жекеше, көпше т.б.) да, қарама – қарсылыққа құрылмаған көп мағыналы категориялар да бары белгілі. (септік, тәуелдік т.б.).
Ал біздің зерттеу объектіміз болып отырған бағалау категориясы қарама – қарсылық теориясына толық сәйкес келеді.
Бағалау мағынасы кейбір сөздердің, атап айтқанда, әдемі, көрікті, сүйкімді, күшті, тамаша, керемет және осыған қарама-қарсы көріксіз, сүйкімсіз, әлжуаз, нашар т.б. сияқты сөздердің негізгі лексикалық мазмұнын құраса, енді бір сөздер семантикалық құрылымның компонентін құрастырушы болып табылады. Оған адамға қарата айтылған ит, хайуан (адамдық қасиеті жоқ адам), қыран (асқақ, алғыр адам), арыстан (мықты, күшті, асыл адам), дүлдүл (текті адам) т.б. тектес сөздерді жатқызамыз.
Ал әрбір грамматикалық категорияның мағынасы грамматикалық форма арқылы берілетіні белгілі. Сондықтан да В.Г.Адмони: «Положение об органическом соединении грамматичекого значения с грамматической формой отнюдь не является новым. Напротив такое положение имплицитно содержалось в традиционной грамматике издавна, но и эксплицитно было выражено в грамматической теории уже давно» - дейді.[2].
Қазіргі заманда грамматика кең ұғымда және тар ұғымда қолданылады. Грамматика тар ұғымда қолданылғанда, тілдің грамматикалық құрылысындағы қос құрамды категорияның мағынасы грамматикалық нұсқалар арқылы берілуі танылады да, ол мағына мен тұлғаның бірлігі деп ұғынылып, зерттеліп келді. Грамматика кең көлемінде қолданылғанда, назар грамматикалық мағынаға аударылады. Мұнда ол мағынаның қандай тәсілмен берілуіне шек қойылмайды, ол грамматикалық, лексикалық, аралас, контекст, тіпті жасырын тәсіл болуы да мүмкін.
Біз бағалауыштық категорияны кең ұғымда қарастыруды жөн көрдік.
Бағалауыштық мағына тілдегі бір ғана сөз табымен байланысты болмай, бірнеше сөз табына да қатысты. Бағалауыш мәнді сөздер бір шеті сын есімдерде жатса, енді бір шеті зат есім, етістік, т.б. сөздер бойынан көрініс табады.
Сын есімдерге жататын бағалауыш сөздер. Сын есімдер семантикасында абсолюттік бағаға ие сын есім сөздер қатары баршылық. Мысалы, жағымсыз мағынадағы олақ, озбыр, надан, сотқар, бұзақы, қырсық, меңіреу, мыстан, арам, қорқақ,т.б. сөздермен қатар, жағымды мағынадағы әдемі, көркем, сұлу, адал, көреген, жүйрік, кемеңгер, шешен, абзал, батыр,т.б.
Сан жағынан алғанда, бағалауыш сөздердің келесі бір көп кездесетін тобы – етістіктер. Жинаған материалдардың негізінде бағалауыштық мәнге ие болатын қимыл атауын, көсемше, есімшені көрсете аламыз. Айталық, Ой емес-ау, жанында бір әлденені алыстан сезіну бар... Есеней сол сезінуді белден белге ысырып тастағысы келеді (Ғ.Мүсірепов). – Сонысы бар... Сонысы бар...- деп Қаражан жағын таянып, амалсыздыққа шырмалып, жүдеп отырып қалды ( М.Әуезов). Мәнікенің соңғы кезде үнемі шарпысқаны – Абай (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі сезіну, сезінуді, таянып, шырмалып, жүдеп, шарпысқаны деген етістіктер, нақтырақ айтқанда, тұйық, есімше, көсемше етістіктері осы бағалауыштық мағынаға ие болып тұр деуге болады.
Зат есімдерге жататын бағалауыш сөздер. Сын есімді бағалауыш сөздер, етістікті бағалауыш сөздер сөздің денотат мағынасында да, коннотат мағынасында да көрініс тапса, зат есімдер негізінен ауыс мағынада, нақтырақ айтқанда эмоционалды-бағалауыштық мағынада көрініс табады. Бұл топтағы сөздерге: Бес ұлының бесеуі де қасқыр. Шетінен атқа мініп, елге ақыл айтатын азамат болып шықты (Т.Әбдікұлы). – Ағаны түсіну қиын, бір қарасаң бейшара секілді, енді бір қарасаң арыстан секілді, - деді Қазтайдың келіншегі (О.Бөкеев) деген сөйлемдердегі қасқыр, бейшара, арыстан сөздері ауыс мағынада қолданылып, яғни метафораланып адресатқа эмоционалды баға беріп тұр.
Сөйлемде қолданылу ерекшеліктеріне қарай кейбір мөлшер, сын-бейне,күшейту үстеулері бағалауыш мағынаны білдіруге бейімдірек келеді. Бұған олардың қимылдың, сынның теңдік немесе кемдік дәрежесін, алуан түрлі сапасын, тәсілін, бейнесін білдіруі, заттың сынын, қимылдың мөлшерін я аса күшейтіп, я аса солғындатып көрсетуі дәлел бола алады. Мысалы, Келінім оншалықты жөнсіз адам көрінбейді (К.Баялиев). Әйел бұған аса бір сүйкімді аналық мейірімділікпен қарап тұр екен (С.Бақбергенов). Сәмен директордың кабинетіне жылдам басып кірді ( С.Бегалин). Не керек, сол курстан алты айдай оқып, әжептәуір нәрсе біліп қалдым (Ж.Аймауытов). Ол – ағылшын тілін мейлінше жақсы білетін өте тамаша тілмаш (Ә.Шәріпов) деген сөйлемдердегі оншалықты, аса, жылдам, әжептәуір, мейлінше деген үстеулер бағалауыштық мағынаға ие болып тұр[3].
Келтірілген мысалдар бағалауыштық мағынаның түрлі сөз табына қатысты екенін көрсетеді. Бұл жағынан бағалауыш ұғымның тілде кең тараған құбылыс екенін көреміз. Ол тілдегі жағымды – жағымсыз мағынаның жалпылық қасиетін тілден кең орын алатын, бір сөз табының аясына сыймайтын, ауқымды құбылыс екенін көрсетеді. Сонымен бірге бағалауыштық мағынаның жасалу тәсілдері мен көрсеткіштері де тілдің түрлі деңгейіне де жататынына да назар аудару өте қажет.
Осымен байланысты өрісі кең бағалауыш ұғымының тілдегі барлық ерекшелігін, барлық берілу жолын, сөйлемдегі көрінісін, қызметін зерттеу нәтижесі оны көпшілік негізгі сөз таптарын қамтитын грамматикалық та, лексикалық та көрсеткіштер арқылы берілетін мағыналық ( семантикалық ) тұрғыдағы ірі лексика-грамматикалық категория деп тануға жол ашады.
Сұрақтар:
1. Бағалау категориясының бейтарап лексикадан басты айырмашылықтары неде?
2. Кері бағалауыштық лексика дегеніміз не?
3. Бағалау категориясының газет лексикасына деген тигізер әсері?
әдебиеттер:
1 Бондарко А.В. О некоторых аспектах функционального анализа грамматических явлений. Л., Наука,1973
2. Адмони В.Г. Грамматический строй как система построения и общая теория грамматики. Л., «Наука», 1988
3. Түсіпбекова Ғ.А. Қазіргі қазақ тіліндегі бағалау мағынасы және оның құрылымдық жүйесі./Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты/ Астана, 2007ж