Қоғамдық-саяси лексика – газет лексикасының негізгі құрамдас
Қоғамдық-саяси лексика – газет лексикасының негізгі құрамдас бөлігі. Қоғамдық-саяси лексиканың газеттегі қолданыс ерекшелігі туралы
Қоғам өміріндегі қарқынды, әрі тегеурінді бетбұрыстар нәтижесінде қозғалысқа түскен лексикалық тілдік бірліктердің бір тобы – идеологиялық-ұғымдық жүйені нақтылайтын сөздер мен сөз тіркестері. Мәселен, қазіргі қазақ жазба тілінде ауқатты, бәсеке, бай тұрмыс, ұлтжанды, ұлтшылдық, жекеменшік, кәсіпкер, жеке шаруа қожалығы, нарық, сауда, саудагер, әкім, бастық, жариялылық, тәуелсіз типтес біралуан тілдік бірліктердің бағалауыштық семантикасы айқын көрінді.
«Ағымдағы тіл» практикасында айқын көзге түсетін актуалды лексика (актуалды лексика - қазіргі қазақ әдеби тілінің активті лексикасын танытатын, қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалыптасуына әсер ететін сөздер жүйесі) қатарындағы лексикалық тілдік бірліктердің келесі бір жиынтығын жағымды коннотация иеленген діни терминдер сөз орамдары құрайды (дін, діни басқарма, ораза, намаз, айт, мұсылман үмбеті, мәуліт, талаба және т.б.)
Семантикалық тұрғыдан жаңа, саяси-әлеуметтік мазмұн иеленген сөз – ел туралы татар тілі зерттеушісі Г. Алееваның жұмысында егжей-тегжейлі талқыланған. Түркі тілдерінде қазіргі кезде әрқилы фонетикалық варианттарда 18 мағыналық реңкте жұмсалатын ел лексемасының бастапқы семантикасы, Ортаазиялық ғұн тілінен, Орхан-Енисей ескерткіштерінен фактілер келтіре отырып зерделеген зерттеушінің көрсетуінше, «рулық одақ, тұрғындар, халық» [4, 15-16]. Қазақ тілінің лексикографиялық еңбектерінің мәліметтеріне қарағанда, ел төрт тура мағынада қолданылады [9, 301-302]. Осы мағыналардың негізінде ел сөзінентуындаған саяси-қоғамдық ұғым қалыптасты (Елбасы).
Қазіргі ағымдағы жазба тілде біршама қарқынды сипат алып келе жатқан құбылыстардың бірі – синоним қатарлардың дербес терминдік мағыналармен жұмсала бастауы (хабар – хабарлама – хабаршы – ақпарат – ақпар – дерек – мәлімет; бақылау – қадағалау; қолдау – мақұлдау – сүйемелдеу; жарлық – өкім; нобай – сұлба; сұрақ – сауал; аумақ – аймақ – өңір – алқап және т.б.).
Көнерген немесе сирек қолданылатын сөздердің актуалдануымен (зайырлы, зиялы, зияткер, жадығат, тәмсіл, пәтуа, ғибара, қарашын, алғыншы, айдауыл, сарбаз) қатар бір түбірден тармақталған лексикалық тілдік бірліктер де тың қоғамдық-әлеуметтік және ғылыми терминдердің қатарын толықтыру үстінде (нысан – нышан – нысана – нысаналы; қорғау – қорғаушы - қорғаншы).
Лексиканың динамикасында айқын байқалып отырған тілдік бірліктердің әдеби тіл айналымында орнығу, нормалану сипаты да назар аударарлық. Зайырлы, зияткерлік типтес сөздер түсіндірмелі сөздіктерде көрсетілмеген немесе басқаша ұғындырылған (зайырлы – білгір, білімдар).
Қазақ лексикасының толығуы мен молаюында түркі тілдерінің сөзжасам амалының құрылымдық негізін құрайтын аффиксация және сөз біріктіру амалдары барынша айқын көзге түседі. Әзірбайжан тілі бойынша өз зерттеуінде Р. Бабаев осы аталғандардың түркі тілдерінде белсенді түрде дамып отырғанына баса назар аудартады. Қазақ тілінің қазіргі жазба нұсқалары мен нормативті және терминологиялық сөздіктерінің материалдары да бұл тұрғыда мол мәлімет береді. Өнімді және өнімсіз тұлғалардың сөз тудыру қабілетінің қарқындылығымен қатар әдеби тілдің сөздік құрамында сөз біріктіру арқылы жаңа ұғымның, түсініктің, құбылыстың атауын сөз біріктіру амалы арқылы жеткізу қалыпты сипат танытуда. Жеке мағыналы сөз деңгейінде болып келген тілдік бірліктердің сөз-морфемаға қарай ығыса бастауының нәтижесінде де сөздік құрам біріккен сөздер мен терминдер арқылы толыға түсуде (ашықхат; қолдаухат; баяндаухат; әуежай; тұрғынжай). Әсіресе терминжасам жүйесін қазақыландыру ісінде бұл жайт өткір байқалады, сондықтан терминологиялық сөздіктерде молынан қамтылған (әміртыйым – вето; дыбысқұжат – фонодокумент; бағакөрсеткі – прейскурант; пікіртерім – опрос; кеудеалқа – аксельбант; әріпсан – индекс; бейнеорам – видеоклип; бейнеүнхат –видеофонограмма, ақаутапқыш - дефектоскоп). Көрсетілгендердің тіл қолданысындағы көрінісінің басқа да бірқатар сөздермен салыстыра қарағанда (мәселен, төлқұжат, телқұжат, әнұран, елтаңба, күнтізбе) бәсең болуының себептері лексикадағы динамикалық құбылыстарды сөйленіс коммуникациясы аспектісімен байланыстыра қарауды қажет етеді. Өйткені коммуникация – сөйлесу//хабар алмасу сөйленістің әлеуметтік құралдарын (сөзді) жеке тұлғалардың қолданысқа түсіруі; осы тұрғыдан қарағанда, біралуан жаңа қолданыстардың, сөздер мен терминдердің тіл айналымында ұшыраса бермейтіндігінің объективті де, субъективті де негіздері бар. Емлелік ресімделуі жағынан да айырмашылықтар ұшырасады (айталық, Мемтерминком бекіткен лексикографиялық еңбекте екіқұрамды; екіеселенген; екімәнді деген сөздер өзге тілдің құрылымы негізінде бірге жазылған). Тіл лексикасындағы осындай көріністер сөздік құрамның сандық және сапалық толығуының көрсеткіштерінің арасында айырмашылықтар бар екендігін көрсетеді. Басқаша айтқанда, тіркеуге түсіп, орнықтырылғанымен, сапалық мазмұны арқылы актуалданбайтын лексикалық тілдік бірліктердің табиғаты семантикалық талдау бойынша дербес зерттеуді қажет етеді. Бұл – лексикология, семасиология салаларының кезек күттірмейтін проблемаларының бірі. Бұлардың қатарында тілдегі жаңа қолданыстар туралы көзқарастар біршама жүйеленген деп есептеуге болады: хронологиялық өлшем бойынша жаңа болып саналатын сөздер мен сөз тіркестері топтастырылған жанақтар да жарияланды, олардың табиғаты, нормалану және қалыптану мәселелері академик Р. Сыздықтың көзқарастарымен түйінделді [10].
Лексиканың дамуындағы жаңа бағыттарды танытатын сөз тіркестіру амалы бойынша жасалғандар, біздің байқауымызша, өзге тілдің құрылымына бағынышты болып, негізінен калька және жартылай калька жолымен түзілгендер (атаулы көрсеткі; баға белгіленімі; деректерді өңдеу жүйесі; тұтыну қоржыны;жаңа енгізім; жасыл дәліз; есептік құжаттама).
Қазақ әдеби тілі лексикасының даму үрдістеріне тән қазіргі сипаттарға қатысты жан-жақты тілдік фактілерді «ағымдағы тілді» пайдаланатын бұқаралық ақпарат құралдары, ғылыми әдебиет, орыс тілінен қазақ тіліне аударылатын заңнамалық құжаттар айқын танытып отыр. Сонымен қатар соңғы кезеңдерде жарық көрген сан типті лексикографиялық еңбектер де ғылыми зерделеуге бай материал ұсынды. Жалпы алғанда, қазіргі қазақ әдеби тілінің нормалары, семасиология, әлеуметтік лингвистика, тілді оқытудың теориясы мен практикасы мәселелері, сондай-ақ тілдің стильдік ресурстарын, терминдерді қарастыру проблемалары да лексикадағы тың өзгерістермен, сөздердің семантикасындағы дифференциация және интеграция құбылыстарымен тығыз байланысты.
Ескерту: Келтірілген тілдік фактілер Қазақстан Республикасы жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен «Қазақша - орысша орысша – қазақша терминологиялық сөздіктен» (Алматы, Рауан, 2000) және қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарынан, сондай-ақ ғылыми әдебиет пен заңнамалық құжаттардан іріктелді.
Сұрақтар:
1. Қоғамдық-саяси лексика дегеніміз не?
2. Қоғамдық саяси лексиканың басты ерекшелігі?
3. Қоғамдық саяси лексиканың мерзімді басылымдарда актив кездесуінің себебі неде деп ойлайсыздар?
Әдебиет:
1.Алеева Г.У. Общественно-политическая лексика татарского языка: автореф. дисс. ... канд. филол. наук. – Казань, 2009.
2.Костомаров В.Г. Языковой вкус эпохи. Из наблюдений над речевой практикой масс-медиа. – Издание третье, испр. и доп. – СПб.: «Златоуст», 1999.