Әлеуметтік факторлардың газет типтері мен оның лексикасын қа

Әлеуметтік факторлардың газет типтері мен оның лексикасын қалыптастыруға тигізетін әсері туралы жалпы түсінік


Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан тілдің тарихы мен дамуы коғамның тарихы мен дамуына байланысты болады. Тіл қоғамға қатынас құралы ретінде қызмет етіп, қоғамның дамуымен бірге дамып келеді. Сондай-ақ, адамзат қоғамында болып жатқан алуан түрлі өзгерістер мен жаңарулардан тіл де тыс қалмақ емес. Осымен байланысты қазіргі ғылымда орнығып келе жатқан антропоцентристік бағыт дәстүрлі құрылымдық лингвистикадан бөлек Адам факторын түпқазық етіп алған білімнің жаңаша сипаттағы бірнеше саласы қатар дамып келеді. Олар: когнитивтік лингвистика, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, лингвостилистика, т.б. Осылардың ішінде прагмалингистиканың орны айрықша. Бір кездері ғалымдар шеңбері анықталмаған, проблемалары нақты көрініс таппаған деп таныған аталмыш бағыт бүгінде біршама қалыптасып, тіл білімінің өзге салалардан іргесін ажыратып, дербестене бастады. Мысалы, адам факторының өзі мұнда адресант-адресат сияқты нақты категорияларға бөлініп, олардың арақатынасы, атап айтқанда, сөйлеуші-тыңдаушы рөл алмасуы жеке проблема ретінде қарастырылуда. Ал кез келген мәтіннің (ауызша да, жазбаша да) белгілі бір мақсатта айтылатыны белгілі. Қарапайым тілмен айтқанда, сөйлеуші ниеті деп түсінілетін бұл мәселе прагматикада кеңінен қарастырылып, адресанттың прагматикалық ұстанымы проблемасын құрайды [1.7].
Адресанттың ақпараттылық қажеттілігін өтеу – ақпарат құралдарының негізгі мақсаты болып табылады. Сондықтан да, газеттің тілі оқырман қауымға түсінікті болуы шарттылық десек, газет сол оқырманның әлеуметтік тілін ескереді. Осы мақсат орындалуы үшін газет тілінде белгілі бір құрылымдар орындалуы керек. Газет тіліндегі сөз бен сөз тіркесі, сөйлем мен сөздік қор осы мақсатты іске асырудың амалы. Газет тілінде оқырман түсінігіне ауыр, адресант танымына сай емес бірліктерді барынша шектейді. Газет тілінің лексикалық ерекшелігі адресанттың әлеуметтік ерекшелігіне тікелей тәуелді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда газет тілінің лексикалық ерекшелігі бағалауыштық, жалпылама қатысымдық, яғни көпшілік коммуникациялық, мақсатты экспрессиялы тұрғыда болып келеді.
Бірақ, газет тілінің лексикалық қабаттарын нақты анықтау мүмкін жағдай емес. Газет тілінің лексикалық ерекшеліктерін зерттеген Г.Я.Солганиктің тұжырымдары негізінде әдеби тілдегі газет, публицистикалық лексикасының мөлшерін, олардың ара салмағын саралау мүмкін еместігін байқауға болады [2]. Г.Я.Солганик пен басқа да ғалымдардың тұжырымдарынан мынадай қорытынды жасауға болады:
Газет лексикасы үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп, жаңғырып отырады. Газет лексикасын бағалауыштық тұрғыдан қарастырғанда да бір қалып, бір деңгейді көрсетпейді, оның кезеңдік сипаты болады. Өйткені, кейбір бағалауыштық бояулы сөздер өзге сөздіктерде бейтарап мән иеленіп, өзгеріп отырады. Сол секілді «жаңа» деп таңбаланған сөздердің бұл белгісі жаңадан жасалынатын сөздіктерде берілмеген. Тіпті, жекелеген газетизмдер осылайша газет тілі жүйесіне берілмеуінің әлеуметтік, қоғамдық факторлары бар. Ол газет ұстанған позиция, саяси идеологияға негізделген. Осылайша газет лексикасының әлеуметтік сипаты көрінеді. Сонымен бірге, газет лексикасының қызметі, ақпарат жеткізу, үгіт-насихат тарату қызметіне бағынады.
Газет лексикасының басым бөлігін құрайтын сөздер тобының актив қолданысына қарай емес, бағалауыштық сипатына, көптеген саясиландыруына қарай топтастырылады. Сонымен қатар қолданысы жиі лексикалық бірліктер де (неологизмдер, терминдер, этнолексика, т.б.) таса да қалмайды. Жалпы басылым беттеріндегі газет лексикасын жоғарыда аталған ерекшеліктеріне қарай тіл білімінде топтастырылып жүргені белгілі. Қазақ тіл білімінде орыс тіліндегідей сөздіктердің түрлері көп еместігін ескерсек, газет лексикасы бойынша іргелі зерттеу жүргізу, баспасөз бетіндегі лексикалық бірліктердің жиілігін анықтау күрделі мәселе.
Газет тіліне тән лексикалық басылым атаулының ұстанатын позициясы мен кағидаларына бағынады. Газет лексикасына ішіндегі этнолексикалық бірліктердің қоғамдык-әлеуметтік қызмет түрлеріне, этнолексикалық бірліктердің газет типтеріндегі қолданысының да өзіндік ерекшеліктері бар. Газет типтерінің ішіндегі этнолексикалық бірліктердің ағартушылық қызметіне байланысты қолданылған сөздер тобы кандай да бір газет типіне тән этнолексиканың да қолданыс аясына қарай икемделеді. Баспасөздің басты факторлары – үгіт-насихат таратумен қатар қоғамдық пікірді қалыптастырумен қатар идеологияны сіңіру; хабар-ақпарат жеткізу қызметін атқару барысында, газет лексикасының негізгі екі үлкен қабаты құрылатыны ғылыми әдебиеттерде айтылған. Бұл екі фактор баспасөз атаулының бәріне тән, сөздік қолданыстардың және жалпықұрылымдық ерекшеліктерінің ұйытқы болуына зор әсер етеді. Аталған факторларды кадағалап отыру газет тілінің лексикалық топтарын айқындауға болады.
Газет лексикасында әр дәуірдің бет-бейнесі мен бедерін көрсететін лексикалық бірліктер қатары болады. Олар өз дәуірінің болмыс-бітімінен ақпарат таратады. Бұл жөнінде Б.Момынова «Қазақ» газетіне тән лексикалық бірліктердің қолданысын үш топқа бөліп қарастырады:
- оқу-білім, ағартуға қатысты (жазу мәселесі, бастауыш мактаб, жосық, оқу құралдары, бірінші басқыш мактаб, мұғалім, медресе, т.б.);
- ішкі саяси және сыртқы жаңалықтарға байланысты қару-жарақ атаулары, Г.Дума, Дума депудаттары, земства, сенат, мүптилік, қара жұмыс, жұмыскер, т.б.);
- Алаш автономиясына қатысты (алаш, алты алаш, алаш азаматтары, Алаш автономиясы, жерлі автономия, низам, тәуелсіздік, азаттық, бостандық, т.б.) – деген түрлерін саралап көрсетіп береді [3.81]. Ғалымның осындай саралауларын этнолексикалық бірліктердің бұрынғы және қазіргі қолданысында осылайша жіктеуге болады.

Қоғамдық өмірдегі әр алуан құбылыстарға қатысты туындаған лексикалық бірліктер газет бетінде актив қолданысқа ие болады. Мұндай сөздерді тіл білімінде неологизмдер деп аталады. Сонымен қатар ұлттық тілдің бай қойнауындағы этнолексикалық бірліктерде өзіндік қолданысқа ие болып, өзінше бір функционалдық кызмет атқарады.
Сол баспасөз беттерінде актив қолданылатын этнолексикалық бірліктерді мынадай топтарға топтастыруға болады:
1. Жалпы халыққа таныс сөздер. Бұл сөздер газет беттерінде қолданыс тауып, жалпыхалыққа таныс сипатымен ерекшеленеді.
2. Мағынасы күңгірттенген этнолингвистикалық сипат алған сөздер. Көпшілік оқырманға мағынасы бейтаныс, тарихи көркем әдебиеттерде, тарихи филологиялық еңбектерде қолданылатын бірліктер.
Газеттің қоғамдык-әлеуметтік қызметін этнолексикалық бірліктер көрсетеді десек, ал автордың оқиғаға, ситуацияға деген көзқарасын бағалауыштық лексикалық бірліктер білдіреді.
Басылым беттерінің көп бөлігі этнолексикалык бірліктердің үлесіне тиеді. Аталмыш лексиканың бұл түрі арқылы оқиғаның болған немесе болатын жері, уақыты мерзімі қамтылады.
Басылым беттеріндегі ауызекі сөйлеу элементтері, диалектизмдер, терминдер, этнолексикалық бірліктер қатары (жанр түрлеріне орай) қолданыс табады. Бағалауыштық сипат газет тілін құрайтын жалпы лексикаға тән. Тілдегі этнолексикаға бағалауыштықпен қоса оның басты ерекшелігі ретінде сөздің этнологиялык мәнді иеленуі де жатады. Этнолексика қоғамдық этностың қоғамдық өмірінде болып жатқан өзгерістер мен тарихи оқиғалардан тыс қалмайды. Осыған қатысты газет лексикасын дәуірлеу мен кезеңге бөліп қарастыру мәселесі қазақ тіл білімінде біршама қарастырылған. Газет лексикасын дәуірлеп қарастыру мәселесі этнолексикалық бірліктердің өзіндік ерекшеліктерімен тікелей байланысты.
Газет лексикасының функционалдық қызметі мен лексилық құрылымы тіл білімі саласындағы семасеологиямен тікелей қатысты жүргізіледі. Басылым беттеріне тән жалпы қасиеттер мен ерекшеліктерді, лексикалық құрамын Г.Я.Солганик пен Б.Момынованың еңбектерін басшылыққа ала отырып, мынадай топтарға топтастыруға болады:
1. қоғамдық-саяси;
2. этнолексикалық бірлік;
3. бағалауыштық лексика;
4. бейтарап лексика.
Газет беттерінде жарияланатын материалдардың басты ерекшелігі олардың сол уақыт кеңістігіндегі маңыздылығы. Бұл фактор газет лексикасының құрамына да әсер етеді. Газет мәтінінің лексикалық құрамына материал мазмұнының әсерін айтқанда, ондағы этнолексикалық бірліктердің біршама тұрақтылығын (қоғамдық-саяси лексикамен салыстырғанда) айту керек. Газет тіліндегі этнолексикалық бірліктер әдеби стилде еркін қолданылатын, тілдің ұлттық сипатын танытатын біліктерден болса, қоғамдык-саяси лексиканың терминдік сипаты басым. Ал газет тіліндегі терминдердің біршамасы жалпы халықтық сипат алса (мысалы шенеунік), енді біреулері белгілі бір салаға, әлеуметтік топқа ғана тиесілі болып, қоғамның даму барысында көнеріп отырады.

Сұрақтар:

1.Газет типтерін атаңыз?
2.Қандай әлеуметтік, қоғамдық факторлар газет лексикасына үлкен әсерін тигізеді? мысалдар келтіріңіз.

Әдебиеттер:

1. Есенова Қ.Ө. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы. – А., 2007. – 7-24 б.б.
2. Солганик Г.Я. Лексика газеты. – Москва, 1981. – 112 с.
3. Момынова Б. Қазақ газеттерінің лексикасы (жүйесі мен құрылымы). Фил. ғыл. док. дәреж. алу үшін жаз.дисс. авторефераты. – Алматы, 1999. – 51 б.
4. Жақсыбаева Ф. Газет мәтінінің прагматикалық функциясы. Фил. ғыл. канд. дәреж. алу үшін жаз.дисс. авторефераты. – А., 2000. – 21 б.