Газет лексикасының синтагматикасы мен жалпы синтагма туралы
Газет лексикасының синтагматикасы мен жалпы синтагма туралы мағлұмат
Синтагма (гр. σύνταγμα - біртұтас құрастырылған) — синтаксистік біртұтас қатынасты білдіретін интонациялық-мағыналық бірлік, анықтауыш-анықталушы түріндегі қос мүшелі Құрылым. Мұндай құрылым жеке сөздер мен морфемалардан (от-оғасы, орын-басар, қол-ғанат, жылкы-шы, ескерт-кіш), сөз тіркесгерінен (королы қой, шапқан сайын), паузамен шектелген кез келген фразалар (Адам ауыр науқас уетінде/бұл дуниеден гөрі о дүниені/көбірек ойлайтын әдеті ғой (Қ. Жұмаділов).
Парадигманың ең кіші бірлігі фонема болса, синтагманың ең кіші бірлігі буын. Парадигмалық қатынас жүйеге қатысты болғандықтан және де қатарлық сипатта келгендіктен көлемі жағынан, сыр-сипаты жағынан әр түрлі болады. Мысалға жіктеу есімдіктерінің парадигмасы:
Мен, сен, ол немесе жіктік жалғауларының парадигмасы: барамын, барасың, барады.
Кез келген тілдегі морфологиялық категориялар да парадигма құрайды. Олардың өзі құрамы жағынан әр түрлі болатындығы белгілі. Жүйе ішінде қатарлық қатынаста тұрғандықтан, сөз таптарын да парадигмалық қатынаста тұр деуге болады. Тіл білімінде парадигмалық қатынастар алғаш рет лексика саласына қатысты айтылғаны белгілі. Бұл құбылысты осы ғасырдың басында Швейцар ғалымы Фердинанд де Соссюр тілдегі мағыналық қатынастардың парадигмалық және синтагмалық қатары ретінде ұсынған. Ғалым парадигмалық және синтагмалық қатынастарды лексика саласына қатысты айтқан болатын. Ал Б.Қапалбеков бұл құбылысты тіл бірліктерінің жұмсалу мүмкіндігімен байланыстырады. Бұл жердегі мағына грамматикалық мағынаға жатады және лексикадағыдай сөздің статикалық қалпынан шығатын парадигмалық және синтагмалық қатынастар емес, көсемшелердің динамикалық қызметінен туындайтын әр текті және бір текті мағыналар. Яғни көсемшелердің жұмсалмалылығынан пайда болған грамматикалық мағыналардың парадигмалық және синтагмалық қатары болып табылады.
Сөйлеу кезінде сөздер бір-бірімен тіркесіп барып, түзу сызық бойында жататын қатынасқа түседі. Бұл қатынас бір мезгілде екі элементтің бірдей айтылу мүмкіндігін жоққа шығарады, сөйлеу элементтері бірінен кейін бірі тізіліп келеді. Мұндай тіркестер созылыңқы қасиетке ие. Бұларды синтагмалар деп атайды. Синтагма (гректің «syntagma» біртұтас құралған, біріктірілген) деген сөзінен шыққан. Қазіргі тіл білімінде синтагма термині екі түрлі мағынада қолданылады: 1) Синтагма аз дегенде екі элементтен құралу керек. Мұндай құрылым белгілі дәрежеде кешен құрауға мүмкіндік береді де, бұл кешен деңгейі өзін құрайтын бірліктерге қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Мысал ретінде туынды сөздерді, қос сөздерді, біріккен сөздерді, сондай-ақ сөйлем түрлерін, сөз тіркестерін келтіруге болады. Синтагма сонымен қатар тілдік жүйеге де тән бірлік, өйткені оның құрамындағы элементтер бір-бірімен тек белгілі бір тілдік заңдылықтар негізінде ғана тіркесе алады. 2) Сөйлеу әрекеті үстіндегі ритмикалық-интонациялық бірлікті, сөйлеу тактысын синтагма дейтін ғалымдар академик Л.В.Щербаның көзқарасын жақтаушылар болып табылады. Синтагманың бұл түрін кейде интонациялық мағыналық бірлік деп те атайды.
«Тілдік такт» пен «дем алыс тобын» бірдей нәрсе деп қарастырушыларға қарама-қарсы көзқарасты ұстанушы ғалымдар сөйлеу элементі болып табылатын сөздің ритмикалық тобын – «тілдік такт» (ал оның физиологиялық атауы – «дем алыс тобына») жатқызатындықтарын дәлелдеуге тырысады. Дем алыс сияқты физиологиялық процесс сөйлеуді семантика-синтаксистік бірліктерге, яғни синтагмаларға бөлудің бірден-бір себебі болуы мүмкін емес. Синтагманы таза физиологиялық топпен шатастырмау керек. Тілдегі сөздердің объектілік, субъектілік және құрылымдық мағыналары болады. Құрылымдық мағына дегеніміз қасындағы сөздің айқындалуына көмектеседі [1.21]. Синтагма компоненттері бір-бірімен мағыналық та, синтаксистік те, интонациялық та байланыста болады, сол себепті де синтагманың үш жағы бар деп есептелінеді: 1- семантикалық; 2- синтаксистік; 3- интонациялық.
Тілдегі синтагмалық және парадигмалық қатынастар жөнінде мамандар пікірі бірізге түскен деп айту қиын. Кейбір мамандар бұл қатынастарды тіптен оңай шешуге тырысады: «По типу отношений, в основе которых они лежат, компоненты значения могут быть синтагматическими и парадигматическими. Так, семы субъектности и локальности в значении глагольной словоформы находится (например, в предложении Он находится здесь), обусловливающие соответствующую ее семантическую сочетаемость, являются синтагматическими, а остальные семы (лексическая сема «быть» и грамматические семы лица, времени, наклонения) – парадигматическими. Первые обусловливают взаимосвязь семем в составе синтагме, а вторые – их взаимосвязь в составе лексических и грамматических парадигм» [2.23].
Сөздердің негізгі және қатысты мағыналық құрылымдары олардың мағыналас болуына негіз болады. Мысалы, мылжу, танту, көку, оттау, былшылдау, мыжу етістіктерінің негізгі мағынасы – көп сөйлеу, ал қалған мағыналары (не болса соны сөйлеу, қызықсыз сөйлеу, жүйесіз, орынсыз сөйлеу т.б. с.с.) қосымша болып табылады. Мағыналас ететін ортақ мағыналары да, жеке лексема ретінде танытатыны да осы қосымша мағыналары. Бұдан жоғарыда келтірілген етістіктердің бәрі қосымша мағыналардан ғана тұратын лексемалар деген ой тумауы керек. Негізгі және қосымша мағына парадигманың құрамында тұрған сөздерге қатысты. Жеке тұрған әрбір лексеманың өз алдына негізгі мағынасы болатындығы белгілі.
Етістіктердің негізгі және қатысты мағынасы біріктіруші (интегралды) және ажыратушы (дифференциалды) семаларға жақын. Бірақ мамандар оларды сөздің жеке-жеке мағыналық құрылымдары ретінде таниды. Өйткені белгілі бір сема бір парадигмалық топ үшін біріктіруші қызмет атқарса, келесі бір парадигмалық топ үшін ажыратушы қызмет атқарады. Біріктіруші семаны негіз етіп, тұлғасы әр түрлі етістіктерді де (туынды, түбір, модификация және т.б.) бір топқа (қатарға) біріктіруге болады. Бұл кезде олардың жеке лексикалық мағыналары ажыратушы семаның қызметін атқарады. Мысалы, зыпылдату, зыту, ұшу, жүгіру етістіктерін лексика – грамматикалық сипатына қарамастан тез деген біріктіруші семасына негіздеп, бір парадигмаға жинақтауға әбден болады. Тақырыптық топтарға жіктеу кезінде бұл етістік тұлғалары бір парадигма құрай алмайтындығы белгілі. Жоғарыда талданған негізгі семасының бірдей болуына қарай синонимдік қатар да түзе алмайтындығы белгілі. Олардың грамматикалық сипаты да парадигмаға негіз бола алмайтындығы олардың грамматикалық тұлғаларынан көрініп тұр. Лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық жағынан бірдей емес етістік тұлғаларын бір парадигма деп тануда, әйтеуір бір біріктіруші семасын негіз етіп алу жеткілікті.
Сема
Біріктіруші (интегралды)
Ажыратушы (дифференциалды)
Зыпылдату, зыту, ұшу, судырату, ала өкпе болу, жүгіру және т.б.
«Тез» деген мағынаны беруі
Лексемалық мағыналары
Бұл мағыналық құрылымдардың негізгі және қосымша мағыналардан елеулі өзгешелігі бары байқалады. Негізгі және қосымша мағыналар лексемалардың синонимдерге келуіне негіз болады, ал біріктіруші және ажыратушы мағыналар әр уақытта синонимдік қатар түзе бермейді. Сөздің біріктіруші және ажыратушы мағыналары грамматикалық тұлғасы бірдей емес лексемалардың бір парадигмаға бірігуіне жағдай жасайды, ал негізгі және қатысты семалардың негізінде біріккен топ көбіне грамматикалық жағынан бір тұлғада келеді.
Негізгі сема ортақ болғандықтан әр лексемаға қатысты болып келеді. Яғни парадигмалардағы жеке-жеке лексемалардың лексикалық мағынасы негізгі семалардан тұрады.
Сема
Негізгі (доминирующие)
Қосымша (зависимые)
Меншіктеу, иелену, иемдену, еншілеу
Иелік ету
Бөліп алу, қожа болу, өзіне қарату және т.б.
Сөздердің ядролық (орталық) және перифериялық (шеткі) мағыналық құрылымдары тілді тігінен емес, көлденеңінен бөлшектеуден туындайды. Әсіресе, грамматика деңгейінде бұл ұғымдар өріс теориясына қатысты. Яғни өрістің орталық және шеткі аймақтары болады.
Лексикада өріс термині семантикалық немесе тақырыптық топ терминдерімен мәндес қолданыла бастаған болатын. Мәселен, кейбір лингвистикалық әдебиеттерде әр түрлі лексикалық топтар өрістік құрылымдар деп танылып, оларға етістіктің түрлі семантикалық топтары, туыстық атаулар, түсті білдіретін сөздер және т.б. жатқызылады. Өріс, лексика-семантикалық және тақырыптық топтар, парадигмалар немесе лексика-семантикалық разрядтар немесе категорияларды бір құбылыс, яғни бір тектес, бір санаттағы топтар деп айтуға болады. Бірақ сол топтарға енетін элементтерді жіктеудің принциптері басқа-басқа болып келеді.
Парадигмалық қатынас – тіл жүйесіне тән типологиялық қатынасқа жатады. Сөйлеу процесінен тыс ортақ белгілері бар сөздер адам жадында ассоциацияланып, топ құрады, олардың өзара қатынастары мүмкіндігінше әр түрлі болады. Мұндай қатынастарды ассоциациялық қатынастар немесе парадигмалық қатынастар деп атайды [5.133].
Жоғарыда келтірілген синонимдік қатарлардың жұмсалымдылығы парадигмалық қатардың бірінің қолдануымен талап етсе, қалған алтауы синтагмалық қатынаста тіркесіп қолданылып тұр.
Сұрақтар:
1. Синтагманың басты үш белгісін атап беріңіз? Синтагманың сөз тіркесінен айырмашылығ неде?
2. Парадигмалық қатынасқа тән ерекшеліктерді көрсетіңіз? Морфологиялық парадигма мен сөзжасамдық парадигманың аражігі неде?
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Головин Б.Н. Лингвистические термины и лингвистические идеи // Вопросы языкознания. №3. Москва, 1976. 21стр.
2. Кодухов В.И. Введение в языкознания. Москва, 1987. 23 стр.
3. Зубкова Л.Г. Язык как форма. Москва, 1999. 172 стр.
4. Васильев Л.М. Семантика русского глагола. Москва, 1981. 23-24 стр.
5. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы, 1991. 133-151 бб.