Тілдік жүйе мен құрылым туралы жалпы түсінік

«Тілдік жүйе мен құрылым туралы жалпы түсінік»


Тілдік жүйе табиғи тілдің ішкі заңына лайық (үйлес), сөздік құрам мен грамматикалық құрылыстың тұрақты қарым-қатынасқа түскен элементтерінің бірлігі мен тұтастығы. Тіл белгілі бір жүйе ретінде өмір сүреді. Тілдік жүйе сөздердің әртүрлі өзгеріске түсу мен сөйлемде тіркесу заңдылықтары анықтайды. Тіл - сөздер мен сөз тіркестерінің белгілі бір заңдылыққа құрылған тұрақты жүйелерінің жиынтығы. Тілдік жүйе тұтас бүтін, ал оның құрамындағы әр бөлік (компонент) бүтіннің бөлшегі. Әр бөлік өз алдына оңашаланбайды, жүйенің өзге бөлігіне қарама-қарсылықта түзіледі. Сондықтан да Тілдік жүйенің әр бөлігі Тілдік жүйе мәні (қызметі) тұрғысынан қарастырылады. Тіл таңбалар жүйесінің ерекше түрі. Ол екі қалыпта жүйеленген. Бірі тілдік тұлғалар (единицы) қатынасының "тік қалыпта жүйеленген ережелері мен заңдары" (қ. Парадигматика). Tap мағынада алғанда, Бұл сөз қосымшалары жүйесі (морфологиялық парадигма: бала, бала-ның, бала-ға, бала-мен т. б.). Кең мағынада алғанда, Бұл тіл деңгейлерінде (морфология, синтаксистік, лексикалық, сөзжасам) "тік" қалыпта орныққан Тілдік жүйе жиынтығы. Екіншісі тілдік тұлғалар қатынасының "көлденең" байланыста қалыптасқан жүйесі (қ. Синтагматика). "Көлденең" қалыпты жүйені нақты байқауға болады (қанағат-тан-дыр-ар-лық). Бір сөйлемдегі сөздерді дауыс ырғағымен бөлу арқылы сөйлеуші хабарламаға қатынасын білдіріп отырады (Асан / Меркеге Алмамен барады, Асан Меркеге / Алмамен барады, Асан Меркеге Алмамен / барады). "Көлденең" қалыпты жүйе тілдің әртүрлі деңгейінде бой көрсетеді. Тілдік жүйе тілде жоқ болатын құбылысты да қабылдайды.
Тілдік құрылым — тілдегі сөздер мен сөйлемдердің тілдің ішкі заңдылығына байланысты өзінше құрылу, түрлену жүйесінің жиынтығы. Тілдік құрылым тілдің сөздік құрамындағы сөздердің өзіндік морфология құрылысы мен синтаксистік ерекшеліктеріне қарай анықталады. Құрылымына қарай дүние жүзіндегі тілдер түбір тілдер, флективті тілдер, Агглютинативті (жалғамалы) тілдер болып бірнеше топқа бөлінеді. Бұл топтардың құрылым жүйесі бір-бірінен мүлде алшақ жатады. Мысалы, түбір тілдерден сөздердің құрамы түбір, морфема, жұрнақ, жалғау сияқты тұлғаларға бөлініп жатпайды. Ондағы сөздердің өзара байланысы морфология өзгеріссіз, сөздердің орын тәртібі мен көмекші сөздерге, интонацияға байланысты іске асады. Флективті тілдерде керісінше, сөздер ішкі флекция жолымен өзгереді де, аффикстер сөздің түбір морфемасымен сіңісіп кетіп отырады. Агглютинативті тілдерде түбір мен қосымшалардың ара жігі айқын білініп тұрады да, қосымша морфемалар түбір тұлғадан соң келеді. Қазақ тілі өзінің құрылымына қарай агглютинативті тілдер тобына жатады.
Тілдің қызметі туралы қазіргі зерттеулер коммуникация теориясындағы базалық түсінік ретінде коммуникативтік акт құрылымына мән береді. Коммуникативтік актінің нақты сызбасын АҚШ ғалымы Клод Шеннон «Байланыстың математикалық теориясы» деген еңбегінде баяндаса, Р.О. Якобсон «Лингвистика және поэтика» еңбегінде коммуникативтік актінің негізгі компоненттері ретінде төмендегілерді көрсетеді. Яғни коммуникативтік акт кезінде адресант хабарды адресатқа кодпен жеткізеді. Референция (лат. referre – хабарлау, баяндау, атау, қатыстыру) - бұл хабардың мазмұны. Хабарлауды, яғни референцияны жүзеге асыру барысында тілдің коммуникативтік қызметі жүзеге асады. Бұл – тілдің басты функциясы және коммуникативтік актінің басым көпшілігінің басты функциясы. Тілдің екінші маңызды бір қызметі танымдық қызмет те осы референцияға тікелей қатысты. Адресант пен адресатқа тілдің реттеуіштік немесе үндеу-бұйыру қызметі де байланысты. Дәлірек айтсақ, хабарды жеткізуші тарапынан адресаттың күйін реттеу функциясы. Сол сияқты экспрессивті немесе эмотивті қызметі сөйлеушінің субъективті-психологиялық күйімен тікелей байланысты. Коммуникативтік сөйлеу актісі кезінде сондай-ақ тілдің фатикалық, эмоционалдық, эмотивті-волюнтативті немесе әсер ету және әлеуметтік функциясы да жүзеге асады. Хабарланған пікір тек бір ғана қызмет атқармауы мүмкін, сонымен бірге оның бойында осы аталған функциялардың біреуі (не бірнешеуі қатар) басымдық сипатқа ие болуы мүмкін.
Коммуникативтік синтаксисті зерттеушілердің қай-қайсысын да пікір білдірудегі форма мен мазмұн арақатынасы бейтарап қалдырған емес. Бұл жөнінде Г. Байтоғаева былай дейді: «Выбор формы выражения мыслей, т.е. организация сложной мысли в одном сложном или в нескольких простых предложениях зависит от воли говорящего или пишущего, который ищет для своей мыслей более подходящую и более доходчивую действенную форму. Выбор формы выражения мыслей зависит от того, о чем важнее сказать и какую связь сильнее нужно подчеркнуть» [2, с. 182].
Бірақ сөйлеу тек сөздердің тіркесі ғана емес, оның басты сипаты ретінде төмендегілер көрсетіледі:
– сөйлеудің грамматикалық құрылымы;
– паралингвистикалық сипаттамасы (сөйлеу қарқыны, екпіні, интонациясы, әуені, тон биіктігі; ым, мимика, жест, дене қимылы т.т.);
– коммуникативті жағдаятты бақылау/қабылдау (нысандар мен адамдардың қатысы);
– айтылып жатқан хабар туралы сөйлеуші мен тыңдаушының білімі, ойы;
– әрекет туралы жалпы білім;
– жалпылама сипаттағы дүние туралы басқа да нәрселер [3, 15 б.].
Белгілі бір пікірді білдіруге сөйлем мүшелерінің қатысы жөнінде тіл білімінде орын алған қайшылықтарды Т. Ермекова көрсетеді: «Сөйлемнің грамматикалық және семантикалық белгілерін ажыратып, ұстанымдарды нақтылаудың сан түрлі әдістері ұсынылғанымен, олар, негізінен, сандық сипатта болды. Осылайша сөйлем мүшелері теориясын жетілдіру жолдарын іздестіру мақсатында синтаксистік конференциялардың бірінде тұрлаусыз мүшелердің классификациясын төмендегі категориялармен толықтыру ұсынылған болатын: предикаттық анықтама, пысықтауыштық анықтама, толықтауыштық-анықтауыштық сөйлем мүшесі, толықтауыштық-пысықтауыштық сөйлем мүшесі, жайылма сөйлем мүшелері, объектілік-предикаттық сөйлем мүшесі, кейіннен дифференциялануға ұшыраған анықтауыштық сөйлем мүшелері.
Кейіннен мұны біршама синтаксистер өз еңбектерінде кең қолданды. Екінші бір ұстаным бойынша, тұрлаусыз сөйлем мүшелерінен бас тартып, оларды сөйлем мүшелерінің құрылымдық сызбасын таратушы ұғымдарымен алмастырған еді. Бірінші және екінші жағдайда да сөйлем мүшелері жүйесі тек жаңаланады да, маңызын зерттеушілер мәнбірлерді бұрынғыша сол категорияларды жіктеу арқылы түсіндіреді. Грамматикада детерминант деп аталатын бұл біріккен таратушылар мазмұны бойынша объектілік, субъектілік, пысықтауыштық деп дифференцияланады. Сөйлем мүшелері туралы ілімнен қалған семантикалық және позициялық ұстанымдардың араласып кетуі олардың синтаксистік мүмкіндіктері мен байланыс сипатын анықтайтын сөз тұлғасының сипатын анықтауға кедергі болады» [4, 185 б.].
Баяндауыш және бастауыш деп аталатын сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін айқындау мен айыруға байланысты қиыншылықтар мен қарама-қайшылықтарды пікірталас нысанасы еткен Д.П. Шмелевтің “Қазіргі орыс тіліндегі сөйлеудің синтаксистік бөлінуі” атты кітабында бұл мәселе терең талданады. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің түрлі анықтамаларын және түрлі құрылымдардағы бұл мүшелердің берілу жолдарын салыстыра отырып, Д. Шмелев түрлі типті сөйлемдердегі бастауыш пен баяндауышты оқшаулауды негіздейтін ұстанымдардың белгілі бір жүйеге негізделмегендігін көрсетеді. “Предикаттық қатынасқа өзгермейтін сөз тұлғалары енгенде, олардың арасындағы арақатынас сөйлемнің тұрлаулы мүшелері арасындағы қатынас ретінде анықталатын қатынасқа әкеліп тіреледі” [5, 31 б.]. Зерттеушілер мұның шешімін семантикалық талдаудан, логикалық ұстанымдардан, парадигматикалық сәйкестіктерден іздейді. Сондықтан бұл жағдайда сол бір сөйлемнің синтаксистік сипаттамасы әр зерттеушіде әр түрлі болуы таң қалдырмаса керек.
Д.Н. Шмелев: “Біз үшін, даусыз, Бала ойнады сөйлемі баяндауыш пен бастауыштан тұрады деп біз оның мүшелері толық бастауыш пен баяндауыштың анықтамаларына сәйкес келгені арқылы ғана танымаймыз. Анықтаманың өзі осындай сөйлем түріне сай келіп, оның құрылымы бастауышта логикалық субъектінің берілуін, ал баяндауышта логикалық предикаттың берілуін негіздегенінен туындамайды ма?”деген сұрақ қояды [5, 34 б.]. Қарама-қайшылық негізін Д.Н. Шмелев “бастауыш пен баяндауыш терминінің өзі сәйкестенген морфологиялық белгілердің синтаксистік бет пердесі болуынан” көреді. Д.Н. Шмелевтің пікірінше, синтаксистер алдында дилемма тұр: “не бастауыш пен баяндауышты беру амалдарын қарастыруды кеңейту, не орыс тілі сияқты тілдерде бастауыштық-баяндауыштық сөйлемдерден басқа өзгеше белгілеуді талап ететін компоненттері бар екі негізді сөйлем түрлері бар екенін мойындау”.
Қазіргі кезде тілдік қолданыста етістікті баяндауышсыз, атау септігінде тұратын бастауышсыз сөйлемдер жиі кездеседі. Олар коммуникация бірлігі ретінде танылып жүр.

Сұрақтар:
1. Тілдік жүйенің басты ерекшеліктерін атаңыз?
2. Қазақ тілінің тілдік құрылымын талдап беріңіз?

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Якобсон Р.О. Лингвистика и поэтика. Москва: «Наука», 1978.
2. Байтугаева Г. Определительные конструкции казахского яхыка // Вопросы грамматики тюркских языков: Материалы координационного совещания по проблемам глагольного вида и сложноподчиненного предложения в тюркских языках, состоящегося 24-27 сентября 1956 года. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1958. – С. 176-190.
3. Ван Дейк Т.А. Язык. Познание. Коммуникация. – Москва: Прогресс, 1989.
4. Ермекова Т.Н. Құрмалас сөйлемдер жүйесі. Алматы, 2008.