Шәкәрімнің діни тақырыптағы шығармаларының тілдік ерекшелікт

Шәкәрімнің діни тақырыптағы шығармаларының тілдік ерекшеліктері


Иман дегеніміз Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне онан басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындық екендігіне анық ықыласпен нанбақ. Иман айтқан да «Лә-ә иләһа иллаллаһ Мухаммед расулуллаһ» дейміз, оның мағынасын «бір құдайдан басқа құдай жоқ және Мұхаммед (с.а.у.) Алла Тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген елшісі» деп түсінеміз. Мұның мағынасын білмей, құр айтқанменен иман болмайды. Және анық шын нанып айтпай, құр тілменен ғана айтса, ол да иман емес. Аятта: «Кейбір адам Аллаға һәм ахырет болатынына иман келтірдім десе де, ішкі ықыласы нанбай тұрған соң, ол мұсылман емес», - деген. Әлбетте, әр қашан шын ықыласпен нанып иман айтып жүру керек. Егер де, иман дұрыс болмаса, қанша құлшылық ғибадат қылынса да, ол қабыл болмайды. « Иман шарт» деген кішкентай кітапта діни ғұлама иман һәм тәуба туралы сөздің бәрін анықтап айтқан. Соның ішінде иманның жеті рәкәні бар. Бұлардың мағынасы: «Әуелі Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне нандым. Періштелерінің барлығына нандым. Пайғамбарларына, жіберген кітаптарының баршасына нандым. Барша пайғамбарларына нандым. Ақырет күні болмақтығына нандым. Барша жақсылық, жамандық істер Аллаһ Тағаланың тағдырынсыз болмайтындығына нандым. Һәм өлген соң тіріліп, сұрау беретіндігімізге нандым».
Ей достар! Осы иманды әр қашан айтып, салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде баһшт тақуалар үшін деген, тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам әр уақыт Алла тағаланың азабынан қорқынышты рахматынан үмітті болуы керек. Аятта: «Тілек, дұға қылыңыздар. Қауіп пенен үміттің арасында болып...», - деген Шәкәрімнің діни философиясы осының барлығын нақты тұжырымдайды.
Аллаһ Тағаланың барлығын ақылмен ойлап білмекке үндеген.
Ей, достар! Алла Тағала біреуден үйреніп, яки ата-бабаның жолыменен ұғып, нанып иман келтірген кісі де мұсылман болады. Алайда, өз ақылыменен ойлап осы дүниенің бір құдіреті күшті иесі болса керек деп, өз ақылыменен дәлел таппаған кісі қатты күнәһар болады және ондай кісі сайтанның азғыруына, біреудің алдауына еріп кетуге жақын тұрады. Алла тағала баршамызды сақтасын. Адам шын ақыл көзіменен қараса, осынша неше түрлі ғаламды жаратқан бір иесі бар екенін біреуден үйренбей-ақ білсе керек. Құранда Алла Тағаланың барлығына дәлел етпек көп. Алайда, ақыл менен білуге бұйырған. Аятта: «Айт, ей пайғамбар, құлдарыма қараңыздар ақыл көзіменен аспандағы һәм жердегі барша жаралған нәрселерге», - деген. Әлбетте, бұған қарасаңыз құдіретінде өлшеу жоқ бір иесінің барлығын білесіз. Жағпар Садық хазіреттері айтқан екен: «Алла Тағаланың барлығына бал жинайтұғын арадан артық не дәлел керек. Кішкентай нәрсені артында бал аузында ауы бар, ол екеуі таусылмайды, бірі-біріне қосылмайды», - деген. Және шейх Рағид деген кісі айтқан парсыша бәйіт: «Ағаштың жасыл жапырағына ақыл көзіменен қарасаңыз, әрбір жапырағы Алла Тағаланы білдіруге бір кітап сықылды емес пе?», - деген. Және адам ойлау керек: «Осы мені кім жаратты»,- деп. Сонда анық біледі, өзіндей бір адамзат жаратпағанын, кім жаратты деуге де болмайтынын, кім себеп болды десе, оның әкесінің жаратылуына кім себеп болды? деген сұрақ туады. Сөйте-сөйте адам, пайғамбарға кім себеп, ақырында барша себептерді біріне бірін себеп қылып жаратқан бір құдіреті күшті ие керек болады. Сол ие - Алла Тағала және адам ойлау керек: «Қайдан шықтым, не үшін жаралдым, түбінде не боламын?», - деп. Осылайша, ойлағанда әлбетте, жоқтан бар қылып, бір құдіреті күшті Алла жаратты. Не үшін жаратты?
Жаратқан иесін біліп, соған құлшылық қылсын деп жаратты. Ақырында не қылады? Кімде-кім жаратқан иесінің өміріне мойынсұнып құлшылық қылса, оны құр қалдырмай таусылмас рахат берсе керек.
Неге десең: осынша ғаламды басқа жаратудың қисыны жоқ. Ақырында жоқ болып кететін қылып жаратса керек. Онда әншейін бір ойын сықылды болады ғой. Аятта ұқтырып айтқан: « Аспан менен жердің һәм оның арасындағы барша нәрселерді ойнап жаратқаным жоқ!»- деген.
Енді жоғарғы аяттың мағыналарын һәм айтылған дәлел сөздерді анықтап ұғынып ойласаңыз, Алла Тағаланың барлығына шексіз көңіліңіз нанар.
Ей, достар! Алла Тағала жалғыз, одан басқа Алла жоқ. Мұны да ақылмен ойлап білу керек. Құранда бұл туралы аят көп. Олай болса, ақыл мен білуге ұғындырған аятта: « Егер де, дүниеде екі құдай болса, дүние бұзылар еді», - деген. Және бір аятта : «Алла Тағаланың баласы жоқ және бір Алладан басқа Алла жоқ. Егер де басқа бір Алла болса, әрқайсысы өзінің жаратқан нәрсесіменен кетер еді де бірін -бірі жеңер еді. Алла Тағала мұндайлардан таза», - деген.
Енді ойлап қараңыз, егерде Алла екеу болса, бір Алла бір нәрсені бар болсын десе, бір Алла жоқ болсын десе, сол нәрсе бар болар ма еді, яки жоқ болар ма еді. Әлбетте, бірінің айтқаны болмай қалады ғой. Айтқаны болмай қалғаны Алла болуға лайық болмайды. Сол себептен Алла Тағала жалғыз екені мағлум болды. Егерде біреу серіктесіп жаратады десе, бұл да бос сөз, оның үшін серікке мұқтаж болған соң, оныңда Алла болуға лайығы жоқ. Және бір аятта: «Анық Ғайса пайғамбарды Алла Тағаланың жаратқаны адам пайғамбарды жаратқандай. Адам пайғамбарды топырақтан жаратып тұрып «Адам бол!» деп еді Адам болды. Сол сияқты Ғайса пайғамбарды Мәриям ананың қарнында бала бол деп еді, бала болды», - деген. Және бір сөз Алла Тағала пайғамбарға өзге адамның қолынан келмей тұғын істерді істеуге мұғжиза берген һәм әулиелерге керемет берген. Бұлардың себебі пенделеріне тура жолды көрсетуге пайғамбарлардың пайғамбар екеніне дәлел болсын деп, әулиелердің күнәдан тазалығының қадірін көрсетпек үшін, бұлар да пендесіне рахметі.

Шәкәрімнің «ақиқат бас көзімен емес, көкірек көзімен көріледі» деген сөзінің өзінде үлкен көрегендік жатыр. Бұл сөз оның материалистік көз қарастан ғалымдарға жол көрсеткендей әрі оларды өмірдің шындығын көруді нұсқағандай сезімге бөлейді. Сондай –ақ «көрінгеннің бәрі көрінгеніндей емес» деген шындықты қуаттай түседі. Шәкәрім философиясы шындықтың жаршысы десек болады. Оның «Үш анық» кітабы ғылымыи нақ-
ты дәлелдермен ауқымды жазылған. Ол сол еңбегінде бүкіл әлем дүрліктіріп артынан қаншама адамдарды ерткен Дарвинның негізсіз теориясының негізсіз, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп берген. Сондай-ақ, әлі күнге дейін дұрыс шешімін таппай келе жатқан әлемнің жаратылысымен адам жаратылысы жайлы мардымды пікір айтқан. Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегіндегі жан, рух турасында айтқан дәлелді ойлары кімді де болса ойландырмай қоймайды. Сонымен қатар, «Мұсылманшылық шарттары» деген еңбегіндегі исламның негізгі қағидаларын егжей – тегжей түсіндіріп өзінің ойын жан- жақты дәлелдеуге тырысқан. Онда ол Ислам дінінің негзідерін талдап қана қоймай қалың оқырманға ой саларлық мардымды пікірін де айтқан. Осы еңбектері ақиқатқа тұнып тұр десек, артық айтқандық болмаса керек. Ақынның дүние танымымен философиялық ойлары идеологиялық көз қарасқа негізделгенін байқаймыз. Шәкәрім еңбектерінің әлі күнге дейін сырлары толық ашылмағандығы шынайы шындық. Сондықтан оның шығармалары үлкен зерттеуді талап етеді.