Шәкәрім өлеңдеріндегі көне сөздер
Шәкәрім өлеңдеріндегі көне сөздер»
Ш. Құдайбердіұлының шығармашылық поэтикасы өзіндік ерекшелігі бар күрделі көркем жүйе.
Ақын туындыларының көркемдік келбетін құрайтын компоненттер оның күрделі дүниетанымымен ғаламдық сипаттағы ой-танымымен тамырлас. Өйткені ұлттық құндылықтарды ғана емес, адамзаттық ақыл-ой жетістіктерін еркін игерген ғұлама ойшыл қазақ өлеңінің көркемдік деңгейін де биікке көтере білген.
Шәкәрім поэтикасы қазақтың халық шығармашылығының дәстүрінен, шығыс пен батыс мәдениетінің озық үлгісінен игере тұра өзіне ғана тән айшығы анық көркемдік құрылым ретінде бағалы.
Сөз зергерінің даралық қолтаңбасы рухани ұстазы Абай тағылымымен әрі сабақтас, әрі өзгеше. Шығармашылық еңбегінде ұстазының ұлағатын ұстанған Ш.Құдайбердіұлы оны тың тұжырым, келісті көркемдік нақыштармен толықтырған, жетілдірген, түрлендірген. Сол арқылы рухани үрдістің өткен ғасыр басына дейінгі даму жолын жалғастырған.
Өзгеше поэтикалық болмысты туындылар иесінің бұрынғы ұғымдардың өзін күрделендіріп, тереңдете толғағандығы өмір мен өлім, жан мен тән, адам мен қоғам, адам мен жаратушы қарым-қатынасын өлең сөзбен зерделегенінен көрінеді. Діни таным түсініктердің қалыптасқан қағидаларына шығармашылықпен қараудың нәтижесінде бұл ұғымдардың бәрін жаңа мазмұндағы адам тұлғасын қалыптастырудың жолы ретінде ұсынған. Мәселен, «Иманым» атты өлеңдер топтамасындағы көне замандардан келе жатқан символдық ұғымдардың көркемдік мәнде жұмсалуы осыны айғақтайды. Сондай ақ ақын «түзу адам» қалыптастырудағы жан көріністерінің ішкі сипатын жандандырып «ар», «ақыл», «ынсап», «рақым», «қанағат», «еңбек», «ақ жүрек», «ақ ниет» ұғымдарының поэтикалық образын тудырған. Сөйтіп көркем әдебиеттің тәрбиелік- тағылымдық қуатын жаңа арнаға бұрып, биік белеске көтерген.
Зерттеу нәтижесіндегі негізгі тұжырым түйіні – Шәкәрім шығармашылығында махаббат, сүйіспеншілік сезімдерінің мән- мазмұнының тереңдеп, жалпы ғаламдық, адамзаттық ауқымда алынуы. Махаббат құдіретін адам жанын ізгілікке, мейірімге толтырып сол арқылы оның бүкіл болмысына әсер ететін күш ретінде бейнелейтін сыршыл ақын бұл идеясын адам мен жаратушы арасындағы байланысты көрсетуде одан әрі биіктете түскен. Ақынның жаратушы жайындағы ой-толғамдары өзіне дейінгі әлемдік ілім қағидаларды игеріп, өз таным мен жүрегінен өткізудің нәтижесі. Мұсылмандық мифтегі Жаратушының мейірім мен жақсылықтың қайнар көзі, дүниенің нұрлы сипатының себепкері ретіндегі тұлғасын өз шығармашылығында шебер пайдаланған. Осы арқылы «Жар, Жаратушы» секілді сөз ұғымдарын тудырып және соны тануға ұмтылу арқылы жеке адамның сапалық өзгерістерге түсу жолдарын өлең өрнектері арқылы тағлым еткен. Осы аталған күрделі ой таным белгілері ақынның шағын философиялық лирикалары мен кең тынысты эпикалық туындыларында жан-жақты көрініс тапқан.
Ақын өлең құрылысында (ұйқас, бунақ, тармақ) көркемдік амал- тәсілдерді пайдалануда бұрынғыны жаңартушы, жаңғыртушы ретінде көрінеді.
Шәкәрім поэзиясының көркемдік поэтикасын сюжеттік-композициялық, стилдік, интонациялық, образдық ерекшеліктерінен көруге болады. Поэтикалық талдау Шәкәрім өлеңдерінің рухани-эмоциялық энергиясын ғана емес, олардың тәлімдік және танымдық байлықтарын, мүмкіндіктерін ашуға жол ашады.
Ақын адамның ішкі әлемінің күрделілігі және құндылығын ішкі сапа мәселелерімен бірлестіре көрсетеді:
Дұрыс деме құры ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бірезу болма өзімшіл.
Мініңді тапса кім сынап,
Аяғына бар, жығыл.
«Қап, бәлем» деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл [52, Б. 92-93].
Осындағы «бірезу», «кекті» болу сынды жағымсыз ұғымдар арқылы, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген. Адам мінезіне қатысты әртүрлі бейнелі образдарды ақын шығармаларынан көптеп кездестіруге болады:
Сөз, мінезі құбылса,
Ар, иманы жоқ деп біл.
Аулақта жемтік сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.
Дұспанға да бол әділ,
Түсірме ойға тат пен ніл.
Ұмытпа болсаң біздің ұл,
Осы өлеңді құлаққа іл [52, Б. 93].
Бірінші шумақта сөз бен мінездің құбылуын арсыздықпен, имансыздыққа балаған ақын, арсыз, имансыз жандарды айуанға теңейді. Досың түгіл, дұспаныңа әділ болу керектігін үлгі тұтқан ақын оқырманына өз өсиетін көркем жеткізе білген. Бұл – қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің жаңаша түрге енуі.
Шәкәрім шығармашылығында адамгершілік, ізгілік мәселелері халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықта алынып, көркемдік-эстетикалық мәні мен өлең өрнегіндегі өзіндік үні айқын айшықталады. Ұрпақ бойындағы ізгілікті, адамгершілікті жаңғыртуды көксеген ақын «ар-ұждан» мәселесін ең алдыңғы кезекке шығара отырып:
Еңбекпенен,
өрнекпенен,
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл,
қайнар өмір,
Ар білімі оқылса – [52, Б. 266 ].- деп тұжырымдайды.
Ақын осы өлеңінде қазақ поэзиясына Абай алып келген түр жаңалығын жалғастыра отырып, оны түрлендіре пайдаланған. Алғашқы екі тармақты ұйқасқа құрған ақын әрбір үшінші тармақты басқа ұйқасқа тізген. Өлеңнің алғашқы алты тармағындағы сөз кестесі кейінгі жолдарда мүлде басқа түрге ие. 7-16 тармақтардың кестесі мүлде басқа болып келеді де, өлеңнің соңғы алты шумағы әдепкі қайталауды сақтайды. Міне, осындай бір өлеңнің ішінен тармақ, буын, ұйқас құбылуы да қазақ поэзиясын түрі жағынан байытары даусыз.