«Туыстықты білдіретін сөздер»
«Туыстықты білдіретін сөздер»
Туыстық атаулар - туыстық қарым-қатынасты білдіретін ұғымдар.
Әр халықтың қайталанбайтын ұлттық ерекшеліктерін, өзіне тән өзгешеліктерін құрайтын әдет-ғұрып лексикасы бар. Ол рухани дүниені де, материалдық дүниені де түгел қамтиды. Солардың ішінде өзінің ғасырлар қойнауына кететін терең тарихымен, жүйелі құрылымымен, мәдениетаралық коммуникация үшін ерекше маңызды танымдық құндылықтарымен ерекшеленетін сөздер тобы – туыстық атаулар. Қазақ тілін түркі тілдерінің ішінде туыстық атауларға ең бай тіл ретінде атауға болады. Қазіргі түркі тілдерінің арасындағы сөз байлығы мол тілдердің көпшілігі бұл мәселеде қазақ тіліне тең келе алмайды.
Сөздің ұлттық мәдениетпен байланысты семантикасы сөз мағынасындағы мәдени компонент деп аталады. Тілдегі сөздер әлеуметтік құбылыс ретінде қоғам өмірінің белгісін, оның материалдық және рухани мәдениетінің таңбасын сақтайды. Міне сондықтан да осы «мәдени мағына» сөз мағынасының айтарлықтай қомақты бір бөлігін құрайды. Мәдени мағынаның сөздіктерде айқын, ашық және жеткілікті дәрежеде ашылуы өзге тілді оқырмандардың тілді жақсы меңгеруіне мүмкіндік тудырады.
Мысал үшін айтар болсақ, отбасын құруға байланысты халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, желісін үзбей жалғасып отырған салт дәстүрі бар. Бұл әдет-ғұрыптардың барлығы көбіне жастарды тәрбиелеуге, оларды отбасын құрудағы жауапкершілікке үйретуге бағытталады. Жастардың отбасын құруы, ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақта құда болудың бірнеше түрі болған: бел құда, бесік құда, т.б. Құдалықтың баянды болуы көп жағдайда қыз айттыратын жаушыға байланысты. Жаушы жөн-жосықты білетін, тілге шешен, сөзге жүйрік адам болуы керек. Жаушы жіберіп құдаласып, сөз байласқаннан кейін, екі жақ қалыңмал кәдесі туралы келіседі. Қалыңмал төлеу дәстүрі де көнеден келе жатқан әдеттің бірі. Жалпы, қазақ дәстүрінде үйлену тойлары екі кезеңге бөлінеді: бірі – қалыңдықтың ұзатылуы, яғни қызды шығарып салу тойы, екіншісі – күйеу жігіттің ауылында болатын той. Көне көз қариялардың айтуынша ертеректе қалыңдық үйінен басына сәукеле киіп шыққан, ал болашақ қайын жұртының ауылына жақындағанда ауыл әйелдері алдынан шығып, шашу шашып, сәукелесін шешіп, басына шәлі, орамал салған.
Қазақ тілінің туыстық атауларға қатысты дәстүрлі этномәдени лексикасын концептологиялық тұрғыдан қарастыра отырып, концетілер аясындағы нақты ұғымдардың мән-мағынасын ашу үшін сөзге қатысты барлық мазмұнды ақпаратты қамтудың қажеттігін анықтау қажет болды. Шындығында, сөздің мағынасын және оның алуан түрлі ассоциациялық байланыстарын бейнелейтін денотативті және коннотативті мазмұн. Олар өз ішіне көптеген лексикалық бірліктердің мағыналарын жинақтайды. Концептіде әрбір тілдік тұлғаның мәдени деңгейі іске асады. Концептінің көрінісі сөзде ғана емес, сөз тіркестерінде де, сөйлеудегі дискурста, мәтіндерде жүзеге асырылады. Қазақ мәдениетінің негізгі туыстық жүйесінде бекітілген тілден тыс білімдерді (аялық білім) тіл арқылы ашып көрсету қажет. Жалпы кез келген тілдік құбылыстың табиғатын тек тілдік заңдылықтарға ғана сүйенбей, сонымен қатар, халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына назар сала қарау лингвоелтанымдық, лингвомәдениеттанымдық тұрғылардан маңызды. Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың лингвомәдени сипаты семантикалық маңызға ие болатын белгілі бір әдет-ғұрыпқа, ритуалдарға байланысты болып келеді. Туыстық лексика құрылымында ұлттық ерекшеліктер айқындалады.
Көптеген туыстық атаулардың мәдени-тарихи қосымша мағыналары (коннотациялары) еліміздегі мемлекетқұраушы қазақ ұлтының өкілдеріне, әсіресе Қазақстанды мекендейтін өзге мәдениеттің өкілдеріне бірдей дәрежеде, бірдей көлемде белгілі емес. Халықтың мәдени өмірінен хабар ететін туыстық атаулар ерекше таңбалық жүйені құрайды. Ол жүйе жалпыұлттық семиотикалық моделдеуші жүйемен диалектикалық өзара байланыста болады. Тіл де осындай жүйе болып табылатындықтан, мұнда әлеуметтік ақпарат жүзеге асырылады. Демек, туыстық атау – әлеуметтік таңба. Туыстық атау – этномәдени (лингвомәдени) таңба. Ол лингвомәдени таңба ретінде өзінің тарихи-мәдени семантикасында түрлі мәдени қосымша мағыналарды (коннотацияларды) жинақтайды. Мәдени коннотация екі семиотикалық жүйені (тіл мен мәдениет) салыстырып, олардың байланыстарын жүзеге асырады. Коннотациялар сөз мағынасындағы ассоциативтік белгілердің бекітілуі арқылы пайда болады. Туыстық атаулардың мағыналарында пайда болатын және жасырын формада бекітулі болатын мәдени коннотациялар мәдениет типтерімен және олардың ескі әдет-ғұрып тәрізді таңбалық көріністерімен қатысты қаралады.
«Туыстық атаулардың құрылымдық және семантикалық ерекшеліктері» деп аталады. Бұл бөлікте алдымен туыстық атаулардың құрылымдық ерекшеліктері сөз болады. Туыстық – тарихи-этникалық ұғым. Оның қалыптасуы мен дамуы белгілі бір этностың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, әдет-ғұрып, салт-санасымен байланысты. Қазақ тіліндегі туыстық қатынастар мен атаулар топ-топқа бөлініп жүйеленеді. Туыстық терминологиясы бойынша американ этнографы Л.Г. Морган тарапынан жүргізілген алғашқы зерттеулер аталған топқа кіретін сөздердің әлеуметтік институттардың, әсіресе отбасы мен некенің, ескі замандардағы жағдайы мен даму жолын реконструкциялау үшін маңыздылығын байқатты. Отбасы мен ру-тайпа тарихы үшін туыстық терминдерінің маңыздылығын Ф.Энгельс те жазған еді. Туыстықтың терминологиялық жүйесі тілші қауым үшін де қызғылықты. Себебі оның әлеуметтік дамудың заңдылықтарына бағдарланған даму жолы тілде бейнеленеді, тіл заңдылықтарына бағынады.
Туыстық қатынастар мен атауларға байланысты материалдар жинау барысында ағылшын, орыс, қазақ тілдеріндегі туыстық атауларды салыстыра отырып, жүйе-жүйеге келтіріп, жан-жақты талдаған, классификация жасаған М.Ш.Сарыбаеваның жұмысынан бұдан ертеректе жарық көрген жүйелеуде кездеспеген соны жаңалықтар, өте маңызды сапалық ерекшеліктер байқалады [2]. Сол себепті, біз М.Сарыбаеваның классификациясын негізге ала отырып, туыстық атауларды туыстық қатыстылығына қарай жеке-жеке бөліп алуды жөн көрдік. Алдымен, туыстық қатынастарға байланысты жүйелеуді анықтап алдық. Туыстықтың типологиясы мағыналар жүйесінде нақты мағына ажыратушы семаларға сәйкес келетін параметрлер негізінде жасалады. Барлық мағына ажыратушы семалар денотативті мағынаны көрсетеді.
Туыстық атаулар (ТА) өзіндік стилистикалық боямасы бар, қалыптасқан әдеби мен сөйленістегі құрылымды көрсету және туыстықтың екі түрін атау үшін жұмсалады: нақты қандық (когнациялық) туыстық (НҚТ) және нақты некелік (матримониалдық) туыстық (ННТ). Осыдан келіп, туыстықты атаудың екі түрі айқындалады: а) нақты қандық туыстық атаулар (әке, бапа); ә) нақты некелік туыстық атаулар (әйел, әйкеш). Қазақ тіліндегі туыстық атауларды қандас ТА және некелік ТА деп екіге бөліп қарастырдық. Қандық ТА екіге бөлінеді: 1.Тікелей аға буын (баба, ата, әке,ана, әже, шеше, бапа, әти, жөке, ене, шеке). 2.Тікелей кіші буын (ұл, қыз, нашар бала, бала, жортпашақ, немере, актық, жиен, шөбере, немелтай, жиеншар, шөпшек, жаулық, немене, туажат, жүрежат, темене, көрбақ). Жанама орта буын «ұрпақ ішіндегі аға буын» (аға, ақа, ағатай, апа апатай, әпке). Жанама орта буын «ұрпақ ішіндегі кіші буын» (іні, інікеш, қарындас, демеген, сіңлі, сіңді).
Некелік ТА екі топтан тұрады. 1. Матримониалды НТА үшке бөлінеді: а) тікелей аға буынды НТА (ене, кебе, мұрындық ене); ә) бастапқы орта түрдегі НТА (күйеу, әйел, әйкеш); б) жанама орта түрдегі НТА (абысын, бажа, бажай). 2. Когнациялық НТА үшке бөлінеді: а) тікелей аға НТА (құда, құдағи, ақлай құда, жың құда, құдағай); ә) жанама кіші буынды НТА (құдаша); б) жанама орта буынды НТА (жезде, жеңге, жише).
М.Ш.Сарыбаеваның пікірі бойынша, қазақ тілінде туыстық қатынасты білдіретін 147 терминологиялық бірлік бар. Олардың ішінде 105 бірлік когнациялық туыстықты, 42 бірлік матримониациялық туыстықты білдіреді.
Кез келген лексеманың семалық құрылымына, осы мәселені зерттеген ғалымдардың пікірі бойынша, төрт түрлі семаның (тектік сема, архисема, дифференциялдық семалар және потенциалды семалар) жиынтығы кіреді. Компоненттік талдау тілдік бірліктерді зерттеудің әмбебап тәсілі болып табылмайды. Алайда, семантикалық белгілердің (семалардың) анықталған жиынтығы көмегімен сөздің одан арғы семантикалық даму жолының механизмдерін ашуға болады. Яғни жаңа семантикалық статустардың (Д2, К1, К2) жасалу жолдарын түсіндіруге жол ашады. Немере аға, немере іні, немере апа, немере қарындас/сіңлі сөздеріндегі немере — Д2
Денотативтік және коннотативтік семемалардың маңызды белгілерін сөз етіп көрелік. М.М.Копыленко, т.б. ғалымдардың пікірі бойынша, семемалардың 5 түрі бар:
Д1 – экстралингвистикалық мәнді дәл бейнелейтін денотативті семема (адамның басы, туған аға).
Д2 — өзге денотатпен ұқсастық немесе аралас-құралас шектестік негізінде анықталатын денотатты бейнелейтін денотативті семема (таудың басы, немере аға).
К1 – денотатты тікелей бейнелемейтін, алайда осы лексеманың денотативті семемасымен логикалық байланысты сақтайтын коннотативті уәжді семема (бетпе-бет келу, қаламдас)
К2 – осы лексеманың денотативті семемасымен логикалық байланысы жоқ коннотативті уәжсіз семема
К3 – қандай да бір денотативті семемамен байланысы жоқ уәжсіз коннотативті семема.