Динара Сұлтан биография
Динара Сұлтан 1986 жылы 8 желтоқсанда Атырау қаласында туылған. Динара бесте болғанда анасы оның музыкалық дарынын байқайды. Және кішкентай, бірақ талабы зор әншінің алғашқы ұстазы да анасы болады. Содан бері музыка және Динара бір секундқа да ажыраған емес. Мектеп жылдары Динара жақсы оқып қана қоймай, көптеген муызкалық байқауларға қатысып жүлдегер атанып жүрді.
9 сыныпты бітірген соң сахнада ән салу оның басты арманы болып, ол оңтүстік астанаға музыкалық колледжге түсуге келеді. Колледжге бірауыздан қабылданып, КСРО Еңбек сіңірген әртісі Кесоглу Лаки Константинұлының сыныбына түседі. Колледжді 2006 жылы тәмамдап, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқуын жалғастырады, және мұнда да оның ұстазы Лаки Кесоглу болады.
2006 жылы Динара "SuperStar kz" республикалық дарынды жастар байқауына қатысады. Динара көпшілікке осы байқауда танылады. Ол соңына дейін жетіп, Қазақстандықтардың есінде дарынды, әдемі, дербес әнші ретінде қалады.
"SuperStar kz" байқауы аяқталған соң қазақстандық China Town тобында өнер көрсетеді. Топтың құрамында 2008 жылы "Жаңа толқын" байқауына қатысады. Топ елімізді лайықты деңгейде көрсетіп, финалға дейін өтіп, байқаудың дипломанттары атанады. ЖОО-нын 2009 жылы жақсы көрсеткіштермен бітіріп, Динара жеке шығармашылықпен айналысуды қолға алады.
Жеке шығармашылықтағы алғашқы қадамдарын ол 2010 жылы "Екі Жұлдыз" телевизиялық байқауында бастайды. Онда да ол жұбымен финалға дейін жетеді. Және осы жылы Қазақстан атынан "Славян базары-2010" халықаралық байқауында өнер көрсетіп, лауреат атанады.
Халықаралық байқауларды бағындыруды Динара осымен тоқтатпайды. Және 2011 жылы Эстонияның Таллин қаласында өткен IV "Laagna Laul 2011" Халықаралық жас эстрада әншілерінің байқауында Динара бас жүлдені жеңіп алады.
"Wow" журналы ұйымдастыруымен жыл сайынғы өтетін жүлдеде "Үздік орындаушы 2011" номинациясы бойынша Динара ең көп дауыс жинап, жүлдегер атанады.
2011 жылдың тамыз айында Динара Сұлтан "Аңсағаным" атты тұңғыш альбомын шығарады. Альбомға Қазақстан, Украина және Ресейдің атақты композиторлары мен авторлар жазған 13 ән кірген. Солардың ішінде: Е. Шакеев, Е. Көкеев, Т. Решетняк, А. Саркисян және т.б.
Музыкалық шығармашылығының 3 жылында Динара Сұлтан 4 бейнеклип ұсынған: "Найди меня", "Сенің ғана", "Энергия любви", "Киелі мекен".
Динара Сұлтан тұрмыста, бір қыз, бір ұлы бар.