Әлихан Ыдырышева (Идришева)
Ыдырышева (кей жерлерде Ыдырысова, Идирисова, Идришева) Әлихан Оразғалиқызы 1950 жылы 9 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туылған. 1973 жылы Қазақ Мемлекеттік Консерваториясын "актерлік шеберлік" мамандығы бойынша тәмамдаған. Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы Драма театры шаңырағын көтерiскен ардагер әртістердiң бiрi.
Театрдағы рөлдері:
А,Кенжебекова «Абай туралы аңыз» - Тоғжан
К.Әбдiрахман «Қаракерей Қабанбай» - Назым
Ғ.Мүсiрепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» - Баян
Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат» - Луиза
Т.Әлiпбай «Қанды ғасыр» - Гүншу
Т.Әлiмқұлов «Қош бол, Қараой» - Әуес
Т.Ахтанов «Шырағың сөнбесiн» - Света
Ш.Құсайынов «Алдар көсе» - Қарашаш
М.Әуезов «Бәйбiше – Тоқал» - Дәмеш т.б.
Фильмография:
1990 - "Созақтан шыққан Гамлет"
2007 - "Қарой" (реж. Жанна Исабаева)
2009 - "Ойпырмай немесе менің қымбатты балаларым" (реж. Жанна Исабаева)
2010 - "Ғашық жүрек" (реж. Асқар Ұзабаев)
2011 - "Мәңгі өмір сүргің келсе" (реж. Еркін Рақышев)
2012 - "Кредитомания" (реж. Ермек Шахмет)
2012 - "Жаужүрек мың бала" (реж. Ақан Сатаев)
2012 - "Аңшы бала" (реж. Ердан Нұрмұхамбет, Бекарыс Елубай)
2012 - "Астана - менің жүрегім" (реж. Егор Кончаловский, Алексей Голубев)
Телехикаялар:
2011 - “Астана - махаббатым менің” (реж. Ермек Шынарбаев)
2013 - "Тракторшының махаббаты" (реж. Асқар Ұзабаев)
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Бауыржан есімді ұлы, келіні және немерелері бар.
235453_767851762________________________134.jpg
1969-шы жыл. Актерлік оқуға келген өндірдей жас талапкерлер қазақ консерваториясы маңында сеңдей соғылысады. Ай маңдай, аршын төс, қыпша бел бойжеткендер мен жауырындары қақпақтай, алып денелі алпамса жігіттер есіктен төрге лықсып, тынымсыз өрекпіген, толассыз атқақтаған, мазасыз сан жүректерде титтей де дамыл жоқ. Ол тұстардағы өнерге деген ынта-ықылас өзгеше ме еді, қайдам, сахна мамандығына деген құштарлық мығым көрінетін.
Сол жылдарда, «Қыз Жібекке» түсе бастаған ақшыл жүзі нұрға малынған, бар әдемілігі мен жан сұлулығы қос жанарына ұйыған көрікті Меруерт Өтекешова болашақ әріптестері арасында ерекше көзге түседі. Еліктің лағындай лыпып тұрған, шағын денесіне жалын мінезі риясыз жараса кеткен Алиса Әлайдарова (ол кезде Жапарова еді) неткен сүйкімді! Албырттық пен асаулықтың деміне масайраған Асылболат пен Төлеген, Досхан мен Асқарбек қандай адуын дерсіз!
Анадай жерде «Сүйген сәулемді» ақырын ғана сызылтқан сұлу үнді, бидай өңді Әлия қыз тұрар еді майысып. Сарт та сұрт жүріс-тұрысы мүлдем өзгеше, көркіне күлкісі сай, әзілі мен әңгімесі таусылмас, ұрыншақтау мінезі ұлдардан бетер, еркекшора әнебір бойжеткен... Аты-жөнін ұмытыппын. Сол қалқам, оқуға іліге алмай кетті-ау, деймін. Емтихандардың соңына қарай, тіпті көрінбей кетті. Мінезі тым қызық жан еді. Оның орнына тірлікке ебедейсіздеу, аузынан сөзі, қолынан бөзі қашқан, бірақ барынша ақкөңіл Сайра есімді сұлуша қыз тәуір тізімге ілінген.
Ал енді мына дәл қазір сөз еткелі отырған құлақ-мұрыны күлкіге тегіс сұранып тұрған, танауы делдие біткен, шағын денелі қара қыздың жылтыраған қуақы қос жанарында әлдеқандай бір тылсым сиқыр бар секілді. Тәжірибелі, көргені көп егде ұстаздар солай ұйғарды. Ары-бері сұрастырып көрген емтихан алушылар жағы аса пәлендей мардымды жауап алып жарытпады. Әлгі Әлихан қыз ішін ашып, ақтарыла қоймады. Ыржиып күлген қалпы, көңілді хал-күйінен көз жазар емес. Әйтеуір, күлкісі тегін. Үстіңгі еріні түріле, астыңғы еріні жайыла дегендей... барынша көңілді жан. Тілінен тартпақтап отырып тапқанымыз, өздері арғы беттен оралыпты. Арғы беті – Шығыс Түркістан ғой... Семей өңірінің Аягөз бе, Үржар ма екен... Сол маңайдың жергілікті жұрты алыстан келген ағайынға қойындарын айқара ашыпты. Қара қыздың айтуы солай. Мектепке барып, хат таныған. Өнер деп, өзегі өртеніп бара жатқан түгі болмаса да, сахна десе селк етіп, алыстан, сонау тым алыс-тан естілер ішкі үнге жан ұшыра құлақ түрер әдет тапқан. Әрі-сәрі, бей-жай күйге түскен. Онысын сездірмеуге тырысқан. Жақын-жуық, ағайын-туыстары да Әлихан мінезіне енген өзгерісті біршама сезе бастаған. Сыныптас ұл-қыздардың қайсыбіреулері: – Бойың кіп-кішкентай, анау айтқандай тасып-төгілген өнерің де шамалы, одан да мұғалім болмайсың ба, біз құсап, – деп, оның өнерге деген ұмтылысына сенімсіздік білдірген. Ол ондай ақыл-кеңеске пысқырмаған да. Өзінің ішкі үміттеріне сенім артқан. «Тәуекел» деген де, Алматыға тартқан да кеткен! Енді міне, көп жылдарғы ішкі арман-тілегі таразы үстінде тұр. Тағдыр таразысының тілі қалай қарай ауса, арман қуған қара қыздың да болашағы соған байланыс-
ты. Әп, бәрекелді! Тағдыр таразысы тура соқты. Кержік танау қара қыз консерваторияның театр бөліміне бас сұқты. Актерлік сүрлеуге аяқ салды. Хадиша Бөкейқызы сынды алып өнер иесінің алақан аясынан орын еншіледі. Қос жанарынан тынымсыз жылтылдаған от ұшқындары оның ылғи да өртке оранып жатар ішкі әлемінің мазасыз хабаршысындай көрінді. Лып етіп бет-жүзге шыға келер жеңіл сезім мен көкейді толқытпаған, жүректі қозғамаған, суға түсіп кеткен сабынның көбігіндей тез ыдырар, әп-сәттік ойларға тұла бойымен қарсы еді қаршадайынан. Көп тыңдап, аз сөйлейтін шәкірттің бірінен саналды. Суырылып көзге түспеді. Шешенсіп, шеберлік танытуға аса асықпады. Бәрін де ретімен, жүйесімен жөндеуге барын салды. Айғайласып, араздасып жатар шәкірттер тобынан аулақ жүрді. Көшбасшы да болған жоқ, көштен кейін де қалған жоқ. Қиылып Қыз Жібек, қылымсып Қарагөз болуға ұмтылмады да. Өз шамасын жетік білуімен дараланды. Жүрер жолын, сөйлер жөнін білді. Маңайындағы табиғатынан көрікті құрбыларымен қасақана бақ жарыстырудан бойын аулақ ұстады. Баса-көктеп, бас рөлдерді «бүріп тастауды» ойына да алған емес. Бұйырғанын місе тұтты. Екінші кезектегі рөлдерді, эпизодтық кейіпкерлерді еншілегенін қанағат тұтты. Хадиша ханымнан кейінгі ұстазы болғанымды қалай жасырайын, сондықтан да болар, курс ішіндегі ірілі-ұсақты болып жатар жаңалықтардан хабар-ошарым жетерлік еді. Қайсыбір парталас құрбыларының жігіт көзіне түсіп, алғашқы махаббат сезімдерінің алай-түлей өртіне күйіп-жанып қалған сәттерінде бүкіл курс болып әбігерленген тұстарымыз да кездескен. Ондайда аһлап-уһлеген жан аптабы, жүрек жалыны, сезім өрті әупірімдеп барып, байыз тауып жатушы еді. Сезім шіркін, шырқап бір кеткен шақтарда, жастық алауы өз сабасына әзер-әзер барып түсер еді. Болашақ шығармашылық иелері, сезім адамдары... Не істей аласыз?! Зілтабан, ойы батпан кісіден сезімтал өнер иесін даярлаудың азабы да аз емес.
Әлихан, сол баяғы өзгермес Ыдырышева... Сезімін де, сезігін де білдірмейді. Тымпиған қалпы. Күледі де қояды. Бет-жүзі түгел жымияды. Мұрны да... танауы да... еріні де... көзі де.
Күліп жүріп, консерваторияны да тәмамдады. Өткен ғасырдың 1973-інің күзінде Семейдің Абай атындағы драма театрына (Сайра құрбысымен бірге) жолдама алды. Аталған театрдың бас режиссері Есмұхан Обаев мырза-тын. Директоры Отанбай Кәрібжанов деген айтулы азамат. Жастар жырғап берген сол кезеңдер әлі есте. Хадиша ханым екеуміздің Семейге жолымыз түскен. Қақаған Арқаның ақшұнақ аязы еді. Құтырынған қаңтар айы болатын.
Өзі өнер жолын бастаған Семей сахнасында С.Жүнісовтың «Қызым, саған айтам...», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындыларындағы Сәуле, Қожа рөлдерін зор шабытпен орындаған Әлихан аяқ-алысы біздерді сол жолы-ақ едәуір таңдандырған еді.
Арада бірер жыл өтер-өтпесте жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан Талдықорған театрына ауысыпты деген хабарды естігенбіз. Міне, табаны күректей отыз жеті жылға жылжыған мезгіл аралығында сол сахнада сан тағдырлы кейіпкерлер нұсқаланды. Классикалық дүниелер де, заманауи туындылар да, үздіксіз комедия, драмалармен алмастырылып-ақ келеді. Ерке қыз, шайпау келін, сөзшең жеңгей, керенау кейуаналардың талайымен сахнада ұшырасты.
Әуезов, Мүсірепов, Ахтанов, Майлин, Чехов, Гольдони, Құсайынов (Қарлығаш, Текті, Таңсық, Дәмелі, Дуня, Гүлжамал, Мақпал, Қалыңдық, Смеральдина, Дәметкен) қаламдарынан туған кейіпкерлер жан-дүниесі Әлихан әлемімен біте қайнасып жатқандай. Д.Исабеков, С.Балғабаев, Қ.Мұқашев, С.Ахмад, Б.Жәкиевтен бөлек, тағы басқа да драматургтер еңбегін жарқырата көрсетуде актриса Әлихан Ыдырышева көрсеткен шеберлік нышандары ешқандай да олқылықтар танытпағаны көпшілік қауымға барынша аян. Кинофильм таспаларында, тележарнамаларда тәп-тәуір көрініп жүрген елгезек өнер адамының әрбір табысына өз басым, дән ризамын. Осы Алматыда өтер кино-премьераларына арнайы талай рет шақырды. Еш сәті келмеді. Таяуда ғана болып өткен шығармашылық еңбегінің қырық жылдық салтанат кешіне де жолым түспеді. Қайтерсіз! Шақырылған жерден қалмайтын дағдымның бұл жолы да серттен тайғанын қараңызшы! Парталас құрбысы Меруерт-Жібек екеуінің тойлары бір күнге белгіленіпті. Қым-қуыт тіршілік емес пе? Бірі – Алматыда. Екіншісі – Талдықорғанда. «Екеуіне де бара алмадым» деп, алабұрта телефон соғады, Астанада тұрып жатқан арқалы актер Асылболат, сахна серісі Смағұлов.
– Бірге оқу бар екен де, бірге жүру жоқ екен ғой. Қазақ ұғымында Қыз Жібек боп қалыптасқан Меруерт құрмет-қошеметтен құр емес қой, орталықтан шеткерілеу жүрген қарапайымдылығымен, кішіпейілдігімен, еңбекқор да естілігімен көңіл баурар Әлиханды сіз болып, мен болып шығармашылық кеші үстінде құттықтай алмағанымыз өкінішті-ақ, аға! Ең болмаса, Досхан бара алса жарар еді, – деп өрекпіді алыстан қоңырау соққан дегбірсіз актер жүрегі толассыз атқақтай.
Рас. Актердің сөзі де рас, өкініші де орынды. Қара суды бөліп ішіп, қара нанды қақ жарып жеген шәкірттік жылдарын ұмыта алмаған актер жаны түсінікті. Актер жүрегі сезімтал. Әріптесіне деген сағыныш сырлары. Менікі де сол, жан толқыныстары... Жүрек тартылыстары... Асылболат екеуміздің де бар шынымыз – осы. Тойыңа араласа алмағанымызға айыптымыз. Сан рет шақырылдық-ау! Бара алмадық. Сәті түспесе қиын екен, Әлихан! Сен өмірде де, өнерде де аса сезімтал, жаның таза, жүрегің нәзік жансың. Өзіңнің өнердегі әрбір қадамыңа өте адал да зор жауапкершілікпен қарар сергек ой иесісің! Өнер азабымен арпалыса жүріп, жалғыз ұлыңды бағып-қағып, оның да қолын белгілі бір дәрежеге жеткіздің. Театр ұжымындағы әріптестеріңмен бар-жоғыңды бірге бөлісіп, бей-жайлықтан ада, әділетті ғұмыр кешіп, өнер адамына тән ортақ тағдыр еншіледің!
Театрда кәсіби қызметіне жан-тәнімен беріле (азаматтық тұрғыда), Ар мен Намыстың тізгінін берік ұстайтын өнер тұлғалары болады десек, Әлихан, сен солардың бірі де, бірегейісің!
Көбінше қосалқы рөлдерде жүріп-ақ, ел-жұртыңа таза еңбектің парқын таныттың. Сан фестивальдердің жеңімпазы тұғырына көтеріліп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атандың!
Бұл – еңбектің жеңісі, ізденістердің жемісі, қадірлі Әлихан, инабатты Ыдырышева ханым!
Әшірбек Сығай.
(с) http://www.writers.kz
434_030a307c76bd80779554dfc80bfb811a.jpg
Театр өнері көне өнер көрсететін қасиетті орын. Сахнаға шығып көрермен алдында образды сомдау, жаны таза, көңілі кіршіксіз, Әлихан Ыдырышева секілді жандардың маңдайына бұйырған тағдыр. Ол күйкі тірліктің күйбеңін сиқырлы өнердің сыры арқылы жеңіп жүрген жан.
Өмірдерек
Туған жері: Шығыс Қазақстан облысы, Үржар кенті
Туған жылы: 1950 жыл 9 желтоқсан
Білімі: 1969-1973 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның актерлық бөлімі
Ұстаздары: Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Халық әртісі, профессор Хадиша Бөкеева, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр сыншысы профессор Әшірбек Сығай
Отбасылық жағдайы: баласы Бауыржан, немересі Ақарыс, келіні Бақыт
Марапаттары: «Қазақстанның 10 жылдығы» медалі, «Астананың 10 жылдығы» медалі
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасының иегері
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері.
Театр фестивалінде: Қызылорда, Павлодар, Жезқазған қалаларында өткен театр
фестивальдарынде қосалқы рөлдер үшін арнайы сыйлықтармен сан рет марапатталып, театр
фестивалінің лауреаты атанған.
Қазіргі қызметі: Алматы облыстық Бикен Римова атындағы қазақ драма
театрының әртісі.
Театр өнері көне өнер көрсететін қасиетті орын. Сахнаға шығып көрермен алдында образды сомдау, жаны таза, көңілі кіршіксіз, Әлихан Ыдырышева секілді жандардың маңдайына бұйырған тағдыр. Ол күйкі тірліктің күйбеңін сиқырлы өнердің сыры арқылы жеңіп жүрген жан.
Қазақ халқының дәстүрі мен салтын сүйген, тілі мен өнерін сақтауда аянбай еңбек етіп, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өз үлесін қосып келе жатқан ұлтымыздың дарынды қыздарының бірі.
Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртісі Әлихан Ыдырышева балғын балалығының базарлы күндерінде-ақ «Оразғалидың әртіс қызы» атанған. 1968 жылы Әлихан Ыдырышева орта мектепті бітірді. Әлиханның әке-шешесі ән айтып, ауылда өтетін тойларда түн ұзаққа айтысатын. Солардың әдемі ән айтқан дауыстарын естіп, Әлихан да: «шіркін, мен де әке-шешемдей ән айтып, сахнаға шығып рөл ойнайтын әртіс болсам», - деп армандайтын. Өнерге деген құштарлығы 1968 жылы мектептен кейін Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның актерлық бөліміне алып келді. Ол алыстан ат терлетіп келгенінше қабылдау уақыты бітіп кетіпті. Мәскеуден «Щепкин атындағы театр училищесіне» қабылдайды екен дегенді естіп, ескі алаңдағы үкімет үйіне барып, Мәдениет министрлігінен бір-ақ шықты. Небір өнер саңлақтарының алдында сынақ тапсырып М.Горькийдің «Сұңқар туралы жыр» әңгімесінен үзінді және М.Хакімжанованың «Ана» деген өлеңін оқыды. Бәрі жақсы қабылдады. Бірақ, сынақтан қаланың қызын өткізіп жіберді. Сол кезде Жүсіпбек Елебеков қасына келіп: «Қарағым, жанып тұрған қыз екенсің, жасыма. Келер жылы Хадиша Бөкеева деген апаң жаңадан курс қабылдайды. Соған тура осы дайындығыңмен келсең болды, міндетті түрде оқуға түсесің» деп жылы сөзімен жұбатып, шығарып салды. Келесі көктемге дейін ауылдың қара жұмысына жегіліп, 1969 жылы ұстазы КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның курсына оқуға түседі. Еңбек жолын Семей облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрынан бастады. Онда С.Жүнісовтың «Қызым, саған айтамын» атты пьесасында Сәуле, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» қойылымында Қожа рөлдерін ойнады. 1975 жылы жаңадан шаңырақ көтерген Талдықорған облыстық драма театрына ауысты.
Әлиханның көзі нұр төгіп жалтырап тұратын, тығыршықтай қараның әдемі, ерекше тартымы бар адам. Өзінен талап еткен нәрсені тез қағып алып, режиссердің айтқанынан дөп шыға алатын жан. Театрға алғаш келгенде бойжеткенді де, керек десеңіз бозбаланы да сомдап, келе-келе адамзат баласы құрметтейтін ана образының да сан қырын ашқанына куә болдық. Әлиханның отты көзі балбұл жанып, ұршықтай үйірілген қайраттылығы, қандай рөл берсе де құлпыртып жіберетін ойнақтылығы, өзіне сенімі мол еңбекқорлығы өнеге боларлықтай актриса. Әрине, жастық шақта шарықтап ойнайтын рөлдерге түсе алмай, жарқылдаған отты көзі, айқын мінезіне сай жастық шақтың жалынды жүрегін көрсете алмай, қосымша кішкентай рөлдерге түсуден күйді. Дегенмен, бұған жасыған Әлихан жоқ. Режиссер қандай рөл тапсырса, соны місе тұтып, сол берген образды бақайшағына дейін шағып, кішкентай рөлден есте қаларлық үлкен мағына шығарып таңғалдыратыны бар. Бұл еңбекқорлығына қызыққан режиссерлар сондай тапқырлықты талап ететін рөлдерді беретін. Әлихан жұмысқа барын салатын өнер иесі. Осы жылдар ішінде Әлихан көптеген образдар жасап, сахна өнеріне маңдай терін төкті. Ол сомдаған Қ.Баяндиннің «Жаңғырығында» - Асқар, Қ.Мұқаметжановтың «Қайдасың Қайдарбегінде» - Алмас, А.Вампиловтың «Сүйінші табылды, табылдысында» - қыз, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» - Гүлжамал, «Күтпеген кездесуінде» - Ғайни, М.Әуезовтің «Қаракөзінде» - Текті, «Абайында» - Қарлығаш, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдығында» - Майра, Т.Калилахановтың «Алтын бесігінде» - Бөрте, М.Ақынжановтың «Алтын сақасында» - Күнбала, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» - Дәмелі, Ш.Құсаиновтың «Алдаркөсесінде» - Дәметкен, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» - Сатыхан, Ф.Буляковтың «Ұзатылмақ кемпірлерінде» - Фатима, Н.В.Гогольдің «Үйленуінде» - Фекла Ивановна т.б. образдары өнертанушылар мен театр сыншылары тарапынан өте жоғары бағаланды.
Ол ойнаған рөлдердің біразына тоқталсақ С.Жүнісовтың «Өліара» қойылымындағы Әлихан Ыдырышева ойнаған Сәлиха бейнесі арқылы қазақтың қонақжайлығы, кішіпейілдігі, интернационалдық достық құшағының ашықтығы жарқын көрініс тапқан.
Әлихан Р.Рахымбековтың «Шаған хикаясы» қойылымының идеясын айқын ашыла түсуіне үлкен септігін тигізіп, колхозшы әйел бейнесін жақсы ойнаған. Л.Егембердиеваның «Әріптестер» спектаклінің басты кейіпкері Күнбибінің рөлін сүріндірмей, көрермендерді нәзік қызға тәнті етіп алып шыққан. Ш.Құсайыновтың «Алдаркөсе» екі бөлімді музыкалық комедиясында Әлихан ойнаған Дәметкен рөлі көрерменді көңілдендіре серпілтіп жіберетіндей қунақ шыққан.
Оның сыңғырлай күліп, жайнаңдап шыға келуі айырықша жарасымды. Тіпті, бұл кейіпкерді жағымсыздар қатарына қосқың келмейді. Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу», И.Ғайыптың «Ана аманаты», Б.Мұқайдың «Тойы көп үй» қойылымдарындағы ана рөлдерін көрсеңіз, еріксіз иланып, жанарыңызға жас аласыз. Ал, М.Әуезовтың «Мен бір партия, сен бірдегі...» эпизодтық рөліне көрермен ерекше риза болған. А.П.Чеховтың «Ваня ағай» қойылымының сәтті шығуына да Әлихан Ыдырышева айтарлықтай үлес қосты, ол жасаған қарт няня Марина бейнесі көрермен жүрегіне ұзақ сақталатын кейіпкер болды. Ш.Мұртазаевтың «Сталинге хат» қойылымында Рысқұловтың қарындасы Түйметайдың рөлінде ойнаған Әлихан Ыдырышева, сахна өнерін жетік меңгергендігін байқатты. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегендей, театрдың өнер жүгін арқалаған Әлихан өзінің алғашқы саяси-тарихи тақырыптағы қойған спектакліндегі образын діттеген жерден шығарған. Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» қойылымында ана рөлін сомдаған Әлихан Ыдырышева қоғамдағы ана рөлінің жоғары екенін, ал ана келбеті ажарлы болса, өмірінің шуақты болатынын ашып берді.
1996 жылы Жезқазған қаласында Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналып өткен республикалық театр фестивалінде Е.Домбаевтың «Қор» сатирикалық комедиясында Бәтима рөлін ойнап, әйелдер бейнесін жасаудың шебері ретінде бас бәйгені жеңіп алды. 2000 жылы Кереку жеріндегі республикалық театр фестивалінде М.Әуезовтың «Мен бір партия, сен бір» қойылымында эпизодтық рөлде бәрінен озып, лауреаттық дипломға ие болды. О.Бодықовтың «Жер тағдыры» - Қалдыбике рөлі үшін Қызылорда қаласында өткен республикалық театр фестивалінде театр сыншылары Әлихан Ыдырышеваға лауреат атағын беріп, бағалы сыйлықпен марапаттады.
Облыс өнерінің мақтанышы Әлихан трагедия, драма, соншалықты шиыршық атып тұрған комедия да оның оң жамбасына келе береді. Қай рөлде болмасын, қандай рөлді ойнамасын Әлихан кейіпкер бейнесін ашып, көрерменін бей-жай қалдырмайды.
Соңғы жылдары кино актрисасы ретінде де аты шығып, ел-жұртына таныла бастаған Әлиханның бірнеше кинофильмдерде де түскен іздері бар. Режиссер С.Нарымбетовтың «Созақтан шыққан Гамлетінде» Гамлеттің шешесі, режиссер Ж.Исабаеваның «Қараой» деген кинофильмінде ана образын, Досқан Жолжақсыновтың режиссерлігімен қойылған «Біржан сал» кинофильмінде күтуші кемпір эпизодтық рөлдерін ойнаған. Республикамыздың кинотеатрларында жүріп жатқан «Ойпырым-ай немесе менің сүйікті балаларым» атты лирикалық комедиясында басты рөл - бес баланың анасын ойнап, кейіпкер мінезін бар болмысымен ашу үшін образ табиғатына ене білген. Өзінің бойында қазақи өрнегі бар өнер иесі Әлихан Ыдырышева жақында режиссер Е.Рақышевтың «Мәңгілік өмір сүргің келсе» комедиясында басты рөлді ойнады. Елбасының қолдауымен түсірілген он екі сериялы фильмде әже рөлін ойнады. 2011 жылы режиссер Егор Кончаловскийдің «Астана - жүрегім менің» кинофильмінде ана, режиссер А.Сатаевтың «Мың бала» кинофильмінде емші рөлдерінде түсіп келді. 2009 жылы «Ойпырым-ай» кинофильмімен Дубайға кино фестиваліне кеткенде, Қазақстанда Әлихан үшін үлкен қуанышты хабар келіп, Президентіміздің Жарлығымен Әлихан Ыдырышеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Міне, Әлиханның көп жыл еткен еңбегі еленіп, өміріне қуаныш әкелді. Әлиханның бергенінен берері мол. Ендігі жерде бар жиған тәжірибе-тәлімін ортаға сала отырып, шабытпен еңбек ететініне сенімдіміз.
Отбасында баласы Бауыржанды тәрбиелеп, өсіріп отырған абзал ана. Өмірінің тағы бір белесі басталып Ақарыс деген немерені әлдилеген мейірімді әже. Әлиханға зор денсаулық, өнер әлемінде шығармашылық табыс тілейміз.
Зәмзәгүл Әмірғалиева,
өнертанушы.
(с) http://baq.kz
[youtube:khpc4kxx]http://www.youtube.com/watch?v=fnk7mLM_G4w[/youtube:khpc4kxx]