Лингвистикалық ықтимал болжамы Сепир-Уорф теориясы
Лингвистикалық ықтимал болжамы (Сепир-Уорф теориясы) және ол туралы пікірлерді сарапқа салып, өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
Лингвистика тарихында тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрыппен байланыстыра зерттеушілік те болды. Бұл жөніндегі алғашқы пікір ХVІІІ ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген неміс жазушысы және әдебиетшісі Иоганн Бердердің /1744-1803/ поэзияға байланысты зерттеулерінде, одан кейінгі кезде Вильгельм Гумбольдт еңбектерінде кездеседі. Бірақ тіл мәселелерін мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санамен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлу, оны тіл білімінің күрделі проблемасы ретінде қарау XX ғасырдың 20-30 жылдарында белең алды. Қазіргі тіл білімінде осы негізде туып қалыптасқан екі бағыт бар: оның бірі - Америкада, екіншісі - Германияда.
Бұлардың екеуі де этнолингвистика деген шартты атаумен аталады. Оны Америкада қалыптастырушылар - Эдуард Сепир /1884-1939/ мен Бенджамин Уорф (1897-1941). Америкалық этнолингвистика мектебінің теориялық негізі Э.Сепирдің «Тіл» (1921), "Лингвистиканың жайы" (1929), Б.Уорфтың "Тіл, ойлау және шындық" (1956) деп аталатын жинаққа енген мақалаларында баяндалған.
Э.Сепир көтерген мәселелері тек этнолингвистикалық шеңберде ғана қалып қоймайды, ол индеецтердің бірнеше тайпаларының тілдерін зерттеген, жиырмасыншы жылдардың аяғына дейін тілдің құрылымы жөніндегі мәселелерімен де шұғылданған, тілдердің типологиялық жіктелуі, әр түрлі әлеуметтік құбылыстармен байланысты мәселелер де Сепир еңбектерінің өзекті салалары. Э.Сепир тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің құралы, адамдар, белгілі мөлшерде, өз тілінің ықпалында болады, тіл мінез-құлық нормасына да әсер етеді, халықтың мәдени дәрежесін оның тілін зерттемей тұрып түсіну мүмкін емес, тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің жетекші құралы дейді.
Сөйтіп, екі мектеп те тіл функциясын, оның қоғам дамуындағы атқаратын ролін шектен тыс асыра сөз етеді. Тілге оның жаратылысына тән емес қызметтерді телиді. Адамдардың ой-санасы дүниеге көзқарасы, өзін қоршаған объективтік өмірді тану, мінез-құлық нормалары – бәрі де тілге тәуелді, осылардың бәрін тіл басқарады, бағыт сілтейді, тіпті адамдардың өздері де өз тілдерінің ықпалында болады, тіл – мәдениетті де, тарихты да жасаушы, қайта туғызушы, тіл - объективтік өмірге тәуелсіз, тек рух заңына ғана бағынатын өз бетінше бөлек жатқан бір бөлек дүние, ой дүниесі, адамдарды сыртқы әлеммен ұштастыратын, осы екеуінің арасындағы аралық дүние дейді. Мұндай пікірлер, әсіресе Америка лингвисі Уорф еңбектерінде ашық айтылады.
Тілдің қоғам өмірінде, оның даму тарихында елеулі роль аткаратыны, қоғам тарихын, оның рухани өмірін тарихын зерттеуде елеулі септігін тигізетіні белгілі. Сонымен бірге, тілдің қоғамдық ой-пікірдің қалыптасып, дамуында да бейтарап қалмайтындығы айқын. Бірақ соның ешқайсысында да тіл билеушілік, басқарушылық, бағыт сілтеушілік, жол көрсетушілік қызмет атқармайды. Ой-сананың қалыптасуына, жарыққа шығуына тілдің көрсетер қызметі аз емес, бірақ бұдан ойлауды, сананы тіл туғызады, басқарады деген қорытынды шықпайды. Тілдің объективтік өмірді танып, білудегі қызметі де осындай. «Тіл адам санасы мен объективтік шындық арасындағы бірыңғай қатынас тізбегіне ене отыра, өзі сол санадан, объективтік шындықтан туған туынды болып табылады».
Сепир –Уорф (ХХ ғ.) тілдік ықтимал болжамының мәнісі: ”Адамдар объективті заттар мен қоғамдық қызмет әлемінде ғана өмір сүрмейді, сонымен бірге адамдар сол қоғамда қарым-қатынас құралы болып отырған тілдің де ықпалында табылады. Шындығында “нақты әлем” айтарлықтай дәрежеде сол топтың тілдік нормалары бойынша құрылады. Сол я басқа бір құбылысты біз өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның тілдік нормалары ұсынған сөйленіс формасында есітіп, қабылдаймыз. Түрлі тілдерде сөйлейтін қоғамдық құрылымдар өмір сүріп жатқан әлем алуан түрлі әлемді алға тартады, сол бір ғана әлемді емес.
Б. Уорф: “Әр тілдің лингвистикалық жүйесі идеяларды жеткізу құралы ғана емес, тілдің өзі де адамның интеллектуалдық қызметіндегі бағдарлама болып, басшылық етеді. Біз табиғатты зерттегенде, оны өз ана тіліміз нұсқаған бағытта зерттейміз”. Яғни, олар – неогумбольдтшылдықтар тілді дүниеге ашылған терезе ретінде қарайды. Адам – сана - әлем тұрғысынан қарайды. Тіл қандай болса, сол тілде сөйлеуші халықтың да санасы белгілі бір деңгейде сол дәрежеде деп есептеледі. “Адам өз туған тілінің призмасы арқылы ғаламды түрліше көреді” дәлелдемесі Э.Сепир мен Б.Уорф ықтимал лингвистикасы теориясының негізінде жатыр. Олар орта еуропалық (батыс) мәдениет пен басқа мәдени әлем (жеке алғанда, Солтүстік Америка үндістері) арасындағы арасындағы айырмашылық тілдегі айырмашылықтарға негізделетінін дәлелдемек болды. Ю.Д.Апресян бұл лингвистикалық ықтимал теориясы туралы “тамаша болжамды” дәлелдеу қиын деген пікір білдіреді. Бұл кезде енді тіл әр тілдің призмасы арқылы көрінген ғалам бейнесінің бейнелену формасы ғана емес, қабылдау, есте сақтау, қайта құру процесіне тікелей байланыс бар, әрі құрушы, әрі ұйымдастырушы, әрі дамытушы қызмет тұрғысынан санамен қатысты қаралады.
Қазіргі заман тіл білімі - дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әр түрлі лингвистикалық бағаттар, мектептер, зерттеудің әр түрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөліп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете, білдіре алмайды, оған өрісі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.