Дескриптивті мектеп туралы

Дескриптивті мектеп үстіміздегі ғасырдың 20-жылдарында Америкада қалыптасқан. Мектепті қалыптастырушылар және АҚШ тіл білімінің классиктері профессорлар Эдуард Сепир (1884-1939), Леонард Блумфилд (1887-1949). Бірақ структурализмді қалыптастыруда екеуінің атқарған ролі мен ұстанған принциптері бір емес, сондықтан бұл екеуі қазіргі АҚШ тіл біліміндегі - этнографиялық, структуралық деп аталатын екі мектептің дем берушілері болып саналады.
Америка структурализімі дескриптивтік мектеп немесе дес-криптивтік әдіс деп те аталады. Бұл әдіс бойынша тілдің белгілі бір дәуірдегі күйі, статикалық қалпы эмпирикалық тәсіл бойынша сипатталады, ондағы өзгеріс-құбылыстар, даму, тарих дегендер ескерілмейді
Дескриптивтік мектеп - тілдік текстерді талдаудың әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, жетілдіру, лингвистикалық терминдерді айқындау мәселелерге ерекше мән береді.
Дескриптивтік мектеп ол баста таза практикалық мақсаттан туған. Американың байырғы тұрғындары индеецтер тілдерін зерттеуге салыстырмалы-тарихи әдіс жарамады. Бұл тілдердің қазіргі статикалық күйін түсіну үшін зерттеудің жаңа әдіснамасын табу қажет болды. Ізденіс нәтижесінде структуралық әдістің тиімділігі айқындалды.

Дескриптивтік мектептің жұмыс әдісі мен принциптері салыстырмалы принципке сай келгенімен, көп мәселеде Ф. де Соссюр мен Копенгаген структуралистерінің концепцияларын басшылыққа алғандарымен, оның өзіндік ұстанған жолы, бағаты бар. Структурализмнің басқа мектептеріне қарағанда оның қалыптасқан, тұрақты зерттеу жүйесі бар. Кейбір ғалымдар дескриптивтік тіл білімін тілдің құрылымын сипаттаудың ең айқын тәсілін қалыптастырған мектеп деп санайды.