Неолингвизм деген не?
Неолингвизм (гр. нео - жаңа және лингвистика атауларының бірігуінен туған). Неолингвизм де жас грамматизм бағытына қарсы XX ғасырдың бас кезінде қалыптасқан лингвистикалық мектеп. Неолингвистика деген атауды бұл мектеп өкілдері өздерін жас грамматизм бағытынан мейлінше бөлек лингвист етіп көрсету үшін қолданған. Бұл мектеп Италияда қалыптасты. Оның негізін салушылар Маттео Джулио Бартоли (1873-1946), Джулиано Боифанте, (1904), В.Пизан (1899 ) т. б..
Неолингвистер жас грамматистерді сынаған, өз принциптерін баяндаған көптеген еңбектер жазды. Сондай еңбектердің бірі - 1925 жылы М.Д.Бартоли жазған "Неолингвистиканың қосымша очеркі" атты кітап. Онда лингвистикалық жаңа мектептің істері мен принциптері қысқаша баяндалады. Неолингвизм бір-біріне үйлесе қоймайтын әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың - В.Гумбольдттың, Г.Шухардттың, К.Фосслердің, кейбір мәселеде Г.Паульдің принциптеріне сүйенеді. Сондықтан бұл мектеп кейде эклектикалық неолингвизм деп те аталады.