ХХ ғасыр лингвистикасы
ХХ ғасыр лингвистикасы
Қазіргі заман тіл білімі жас грамматистерге қарсы күресте туып қалыптасты. XIX ғасырдың соңғы он жылы мен XX ғасырдың бас кезінен бастап Батыс Еуропа тіл білімінде жас грамматистік бағыт қатты сынға алынды, зерттеудің жаңа әдісі, бұрынғыдан өзгеше амал-тәсілдері іздестіріледі. Әр елде, әр жерде жас грамматизмге қарсы лингвистикалық мектептер пайда болды. Олардың қатарына "Сөздер мен заттар", "Эстетизм", ''Социологизм" деп аталатын мектептерді жатқызуға болады. Жас грамматизм бағытын сынауда бұлардың өкілдері бірауызды болғандығымен, тілдің өзіндік сипатын, мәнін айқындауға келгенде әр-қайсысының өзіндік көзқарастары, ұстаған жолдары болды.