Халықаралық айтыстар

Халықаралық айтыстар

Қазақ айтыстарының ерекше жанр ретінде танылып, ел арасынан жиналуы, баспа бетінде жариялануы және зерттеу нысанына алуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Бұл ретте академик В.В.Радловтың «Жар-жар», «Жұмбақ», «Жанақ пен Түбек», «Ұлбике мен Күдері қожа», Шортанбай мен Орынбай», «Мәнек пен Опан қыз» айтыстарын, Ы.Алтынсарин мен Я.Лютштің хрестоматияларында «Жанақ пен бала», «Орынбай мен Қожа», «Болы-Толық пен Әзілкеш», Айдос пен Қарашаш», жыр тартыстарын атап өтуге болады. Мұнан өзге Т.Сейдалин мен С.Жантөриннің, Н.И.Гродековтың, А.В.Васиьевтің, М.Ивановтың т.б. Ресейдің орталық қалаларындағы, Түркістан өлкесіндегі баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Қазақ», «Айқап» сияқты төл басылымдарда жиі жарияланып отырды. Сонымен қатар Қазан төңкерісіне дейін «Біржан мен Сара», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», «Жүсіпбек пен Шөкей қыз» сынды айтыстар жеке жинақ ретінде Қазан қаласынан бірнеше рет қайталанып басылып келді.
Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында осы жанрды жинау шараларына Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ш.Сарыбаев, І.Жансүгірұлы т.б. зиялы қауым өкілдері белсене араласып, жаппай басылым көруіне мұрындық болды. Аталған шаралар кейін де жалғасын тауып, жеке жинақтар ретінде жарыққа шығып отырды. Бұған «Айтыс» топтамаларының 1942 (1-т.), 1965-1966 (1, 2, 3-т.), 1988 (1, 2-т.) жылдардағы томдары айғақты дәлел болады. Оған жекелеген халық ақындарының кітаптарындағы айтыстарды қосқанда, қанша мол мұраның кейінгі ұрпаққа қайта оралғанын аңғару қиын емес. Қазақтың айтыс өнерін ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап шет елдердегі қандастардың қолындағы жәдігерлер де толықтырып, халқымыздың осынау рухани құндылығын ұлықтауға, дамытуға атсалысқаны баршаға мәлім.