ХІХ ғасырдағы айтыс өнері

ХІХ ғасырдағы айтыс өнері

Қазақ айтысының суырыпсалмалық (импровизациялық) өнердің ерекше дамыған биік шыңы екендігін, оның ұлттық сипаттарын дәлелдеу үшін жазылған зерттеулер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жарияланып, Ресей, Еуропа ғалымдарын таңдандырып тастаған еді. Әсіресе, олар жұмбақ айтыстарды суырыпсалма өнердегі аса ірі құбылыс деп түсінді. Мұндай жыр сайысына түсу үшін айтыскердің бойында ақындық дарынмен қатар үлкен тапқырлық, білгірлік қасиеттер қалыптасуы керек. Айтыс кезінде жасырылатын жұмбақтың қаншалық терең болғанына қарамай, оның жауабын қолма-қол, табан астында жүйелі көркем тілмен қайтару айтыс ақындарының барлығына бұйыра бермейтін биік зердені қажет етті.