Айтыс өнерінің зерттелуi

Айтыс өнерінің зерттелуi

Бұл туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Ру жігіне бөлінген ел кей кезде ұранмен бас құрасып, ұран атымен тіршілік еткенде рудың бәйгеге қосқан атын қызықтаса, күреске түскен палуанын қызықтап намыспен сүйсе, мынау өлеңдердің тұсында сол сияқты ру таласы, ру намысы, ру бәйгесіне сөз жүйрігін қосқандай болып, жік-жікке бөлініп, солардың тілеуін тілесіп, қызығын қызықтасады». Бұл түйінді пікірді ғалым Е.Ысмайылов былай деп дамыта түседі: «Шынтуайттап келгенде революциядан бұрынғы айтыстың көбі әсіресе жеке рулардың, ата ұлдарының өмірлік мәселелерін қозғаушы еді. Патриархалдық-феодалдық заманның тұсында жеке рулар, ата ұлдары өзара жауласып, атысып-шабысып жататын, сондықтан, сарбаз жігіттер сияқты, суырыпсалма ақындар да өзіндік шешендік өнерімен, ақындық шеберлігімен өз руының ар-намысын, мүдде-мақсатын қорғайтын, қызу айтыс-тартыстың үстінде қарсы жақты мінеп-сынап, өмірдегі шындықтың бетін ашатын». Ал халық қазынасының білгірі С.Сейфуллин айтыс туралы бүй деп байлам жасайды: «Өз руының шашбауын көтеріп, айтысқан рудың «нашарлығын» қазып, жамандап, зор ақындардың жұмыла айтысып, айтыс өлеңді қыздырған кезі - билер табы бастаған қазақ атанған рулар, руларды бастаған үстем тап шетелдермен жауласуды қойып, өзара ру таласын күшейткен заманда болған. Сол өзара қағысып, барымталасып, жауласуды күшейткен кезде, қазақ атанған елдің ауыз әдебиетінің, тіл өнерінің дені айтыс болған тәрізді. Бұл әсіресе, қазақ атанған рулар орыс патшасына бағынған дәуірде қатты қызған тәрізді». Бұндай құбылысты аңғарған Ә.Қоңыратбаев «Бір рудың аты немесе ақыны бәйге алса, құсы қасқырға түссе, ауыл ақсақалдары қайғырып, қуанысқан... Міне, айтыс поэзиясының туған заманы - осы. Дәл кешегі күнге дейін көптеген айтыс ақындары ру атынан сөйлеген. Айтыс, бәйге сияқты халықтық дәстүрлерге феодалдар мен билер рулық арқау беруге тырысқан» деп жазады.