Айтыс – шындықтың қаруы

Айтыс – шындықтың қаруы

Айтыс - фольклор, ауыз әдебиеті, ақындар шығармашылығымен терең байланысып тұрған ерекше синкретті жанр. Мұнда театрлық әрі драмалық өнердің басы қосылған, сондықтан айтысты - фольклорлық театр, немесе фольклордың драмалық жанры десе де болады (С.Қасқабасов). Айтыс түрік тектес халықтардың барлығында бар, С.Сейфуллиннің тілімен айтсақ «Қазақ болған түрік-моңғол руларының ескіден келе жатқан ауыз әдебиетінің бір саласы ­ - айтыс сөздер». Алайда түрік-моңғол халықтарының көбінде айтыс негізінен топтық түрде айтылатын әдет-салт айтысы деңгейінде ғана қалған, ал қазақ, қырғыз (айтыш), әзербайжан (дейішме, мейхана), түрікте (атышма) екі әріптес бірін-бірі халық көпшіліктің көзінше ашық жеңуді мақсат ететін суырыпсалма ақындар айтысы дәрежесіне жетіп, кемелдене дамып, ХХІ ғасырға жеткен өміршең өнер. Сонымен, әдет-салт айтысы түрік халықтарының бірлігі дәуірінде ел ішіне жайылған байырғы құбылыс болғандықтан бауырлас елдердің барлығына ортақ, ал ақындар айтысы болса әсіресе қазақ халқында классикалық дәрежеге жетіп дамығандықтан ол қазақ хандығы заманына тиеселі, нақтырақ айтқанда отанымызда рулық-патриархалдық қоғамның қайшылығы шығандаған кезеңде үдеп толыса түскен деуге болады.

Айтыстың жазба ескерткіштерде белгілі болған ескі түрлеріне Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрк" атты кітабындағы «Қыс пен жаздың айтысы», Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанындағы Күнтуды Елік (Әділдік), Айтолды (Дәулет), Өгдүлміш (Ақыл), Одғүрмыш (Қанағат) арасындағы бастан-аяқ сұрақ-жауап түрінде келетін талас-тартысты үлгілер, Қожа Ахмет Иасауидің "Диуани хикметінде" кездесетін ұжымақ пен тозақтың айтысы жатады (М.Жармұхамедұлы).