Қазақ әдеби сыны туралы жалпы түсінік
Қазақ әдеби сыны туралы жалпы түсінік. Оның жанрлық түрлері
Сынның жазба әдебиетке тән жанр екені, онымен үзеңгі қағыса тарихи-эстетикалық сахнаға шығатыны, көркем әдебиеттің бүгінгісіне назар аударып, келешекте барлау жасайтыны, алынбаған шеберлік қамалдарын нұсқайтыны, жаңалықтың жаршысы болып, қалың жұртшылыкқа әдебиеттің әлеуметтік мәнін түсіндіретіні, насихаттайтыны теориялық тұрғыдан анық тұжырымдалған шындықтар.Алайда әсемдікті танып-білу, оны ардақтау, сұлулықтың сырын ашып, ажарсыздық пен келіссіздікті мінеу сияқты эстетикалык, түйсіктер халық творчествосына, оның ауыз әдебиетіне жат па? Әрине, жоқ. Жазба әдебиетке дейінгі немесе жазба әдебиетпен катар дамыған, күні бүгінге дейін өркендеп келе жатқан ауыз әдебиетінде, оның озық үлгі-өрнектерінде эстетикалық талап-талғамның элементтері молынап кездеседі. Мұның бәрі де оқушы мен тыңдаушыны ажарлылықты ардақтауға, көркемдікті танып-білуге, ләззат алуға, сұлулықты қастерлеуге үйретеді де, халықтық эстетиканың негізін қалыптастырады.
Әдебиеттану ғылымы ауыз әдебиетінің өсіп-өркендеу заңдылырын зерттеп, оның әлеуметтік-эстетикалық нәріне айрықша мән беруде. Сын жанрының туу, даму жолдарына назар аударсақ, халықтық эстетиканы сыни ойдың бастауы деп танып, халықтың көркемдік түсінік-талғамы мен талап-талғамының өресін байқауға болады.
Талай ғасырдан бері халықтың рухани азығы болып келген ауыз әдебиеті эстетикалық мұратты қалыптастыру барысында елдік пен ерлікті, әсемдік пен сұлулықты, әділдік пен имандылықты ардақтауды, қадірлеуді, жалғандық пен жамандықтан, зорлық пен зомбылықтан, ажарсыз бен көріксіздіктен жиренуді үйрету, ұғындыру арқылы жұрттың көркемдік талап-талғамын жетілдіруде озық үлгі-өнегесі бар ауыз әдебиеті көне дәуірде де, бүгінгі заманда да өзінің ықпалынан арылған жоқ. Ата мұрасы, халық енері әлі күнге дейін қазақ әдебиеттану ғылымында әлеуметтік және эстетикалық, тұрғыдан терең зерттеле қойған жоқ. Халықтық эстетиканың көп мәселелері қаға берісте қалып келе жатыр. Біз соның бір ғана саласына, атап айтқанда, халықтық эстетиканың ауыз әдебиеті үлгілерінен көрінуіне назар аударып, сыншылық ойдың бастауын аңғартпақпыз. Біз басқа елдердің мәдениетінде болғанды сол күйінде, сол пішінде қазақ әдебиетінің үлгілерінен іздемей, өзіміздің тұрмыс-тіршілігіміз, эстетикалық ортамыз үшін жасалған туындылардың ерекшеліктерінен, қадір-қасиетінен тауып, мән-мағынасын аша алсақ, сонда қазақ деген халықтың өзіндік сана-сезімі, ақыл-есі ғана емес, көркемдік таным-түйсігі, сыни ой-пікірі болғандығын айна қатесіз дәлелдейміз. Қазақ халқының тарихи сахнаға шығып, өз қалауымен өмір сүрген заманында, яғни бодандыққа дейінгі кезеңде қандай сана-сезім биігіне көтерілгенін сөз өнерінен анық байқаймыз.
Әдеби сынның жанрларын әдеби шығарманы талдау барысында анықтауға болады. Әр сыншының зерттеу обьектісіне айналған әдеби шығарма сыншының сыни талдауының нәтижесінде белгілі бір жанрдың тууын қалыптастырады. Сын мақалалар сыншының ойындағысын оқырмандарға жеткізу ғана емес, пікірдің бағышталған обьективінің ерекшеліктерін көрсетуді талап ететін жақтары да болу керек. Сын жанрлары ретінде орыс-қазақ сыншы-ғалымдары (В.Брюсов, Т.Кәкішұлы, Д.Ысқақ т.б.) дәлелдеп жүрген-рецензия, шолу, мақала,фельетон,эпиграмма,пародия,эссе т.б. түрлерінің өзіне ғана тән ғылыми негіздерін,заңдылықтарын басшылыққа алу керек.
Сынныц жанр ретінде қалыптасуына қатысты тапсырмалар
1.Қазақ әдебиет сынының жанрлық қалыптасуы жолындағы кездескен қиындықтар мен қайшылықтар, қателіктер.
2.Жеке ақын-жазушылар төңірегіндегі болған айтыс-тартыстардың әдебиет бағытын айқындаудағы ролі. Әдеби ағымдардың күресі, шығармашылық күштердің өркендеуі, дөрекі социологиялық сынның зияны мен кесірлері.
3.Қазақ әдебиет сынының жанрлық қалыптасуын көрсететін формалар және олардың эстетикалық қауқары. Айтыс, полемика мақалаларының идеялық-шығармашылық күштерінің артуы, нақтылыққа ден қоюы, ғылыми ой-пікірге жүгінуі.
4.Әдеби сын очерктерінің шығармашылық нысанасының биіктігі, сын мен әдебиеттану тәсілдерінің үщтасуы, көркемдік сырларына үңілуі.