Қазақ әдебиеті сынының тарихы АЛҒЫ СӨЗ
Қазақ әдебиеті сынының тарихы
АЛҒЫ СӨЗ
«Қазақ әдебиетінің сын тарихы’’ пәнін педагогикалық институттарда оқытудың қажеттілігі қазақ әдебиетімен бірге оның ғылымы да жан-жақты даму үстінде. Қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихы жасалып, ұлттық игілігімізге айналды. Алайда, бір ғана төстеген әміршілдік-әкімшілдік заманда қоғамдық өмірдң барлық мәселелеріне таптық тұрғыдан баға беру принципі әдебиеттану ғылымына кедергі жасап, оның шын мәнінде ғылыми арнада дамуына кесір келтіргені белгілі. Қазір қазақ әдебиеттану ғылымы сан ғасырлық тарихы бар ұлттық әдебиетімізді бар болмысымен, сыр сипатымен танып білу жолында жіберілген олқылықтардың орнын толтыруда. Демек жоғарғы оқу орындарында бұл пәнді оқытуда бірсыпыра тәжірибе жинақталған, жұмыс бағдарламалары бар. Алайда бұл пәнді сапалы, қазіргі талапқа сай оқыту ісінде шешімін таппаған кейбір қиындықтар бар. Оның бірі студенттерге оқулықпен қоса ұсынар қажетті оқу құралы-хрестоматияның жоқтығына да байланысты. Демек оқу әдістемелік кешен қазақ әдебиеті сын тарихын оқытуда кеңестік идеологияға сай бұрмаланып келген әдеби шығармалар мен шығармашылық топтың замана тұрғысынан қайтадан қалпына келтіріп, дұрыс оқытылуын басшылыққа алады.
Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық дәстүрге өз шығармалармен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын тереңдеп зерттеп, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік қолтаңбасын ажыратып, бағалап беру қажеттігі үлкен зерттеудің одан әрі үлкен үлгісін көрсетеді.
Сондықтан сын әдебиеттану ғылымының бір саласы, оның әдебиет тарихымен, әдебиет теориясымен байланысы да бар. Сынның арқасында ұлт тарихындағы орны бөлек қадау-қадау қаламгерлердің А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов т.б. көркемдік құны жоғары қымбат мұраларының мәні мен маңызын қайта бағалаудың, қайта бағамдаудың, олардың шығармашылық ғұмыр болмысын зерттеуге, зерделеуге кеңірек жол ашылды.
Қазақ әдебиетінің сынының тарихы пәні негізінен толық теориялық тұжырымдарға сүйенбесе де осы бағытта біраз еңбектерімен танылып жүрген ғалымдарымыздың (Т.Кәкішұлы, С.Әшімбаев, З.Серікқалиев, Д.Ысқақов, Т.Шапай т.б.) ой-пікірлерінің негізінде құрастыруға тырыстық. Бұл талпыныстың бәрі айналып келгенде - Әдебиет сыны туралы дұрыс түсінік қалыптастыру.