Адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап тәрбие алады. Ес біліп, етек-жеңін жинастырғанша тыйым сөздер естіп өседі. Алайда зиянды әдеттерден бәрібір де бас тарта алмайды.
Балаларда жиі кездесетін қарапайым зиянды әдеттердің бірі - қалам немесе қарындаш тістелеу. Қарындаштың түбін ақ жем қылып, кеміріп, кей жағдайда жарып, сындырып тастайды. Мұндай сәтте ата-аналардың көбісі балаларына ұрысып, сөгіп жатады. Әрине, ата-ананы да түсінуге болады. Біріншіден, қалам, қарындаш арқылы бактериялар бала ағзасына түсуі мүмкін. Екіншіден, құрал-жабдықтар әрдайым түгел болғаны дұрыс. Үшіншіден, құралға да белгілі бір дәрежеде қаржы жұмсалады.
Зиянды әдеттер қайдан шығады? Неліктен халқымызда «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөз бар?
Зиянды әдетті адам ойланып, әдейілеп жасамайды. Мысалымызға оралайық, баланың қаламды кеміріп тастағаны оның үй тапсырмасын орындау кезінде үлкен психикалық құлдырау үстінде болғанын білдіреді. Зиянды әдет 3-4 рет қайталанғаннан кейін дағдыға айналып, механикалық түрде жүзеге аса бастайды.
Неге тістелейді?
Тістену, тістелеу арқылы бала ішкі қысымды не күйзелісті шығарады. Бұл айғайлағанмен бірдей. Тістелеу айғайлаудан ешкім байқамайтындығымен ерекшеленеді. Бөтен біреуге зияны, кедергісі жоқ.
Өз тырнағын тістелейтіндер де жиі кездеседі. Психологтар мұндай жандардың өзін үнемі кінәлі сезініп, өзін-өзі жазалау үшін істейтінін айтады.
Әрине жоғарыда айтылған әдеттердің бөтен біреуге залалы, кедергісі жоқ. Десе де, олардан арыла білген абзал. Алдымен қай кезде жасайтыныңызды байқап, қадағалап, себебін анықтағаныңыз жөн. Содан соң осы мәселені шешіңіз. Мысалы, жауапты баяндаманы жазып отырып, қалам тістелейтін болсаңыз, алдын ала баяндаманың тақырыбын нақтылап, жоспарын құрып, қажетті әдебиеттерді жинап алып, іске кірісіңіз. Адам өзіне сенімді кезде ғана барлық істі сабырмен, байыппен жасайтын болады. Өзіңізді өзіңіз кемсітпей, жеке тұлға екеніңізді үнемі есте ұстаңыз.
Ұқсас жазбалар:
Неліктен бұл жайттар есімізде жоқ?
Қызғаныш неден туындайды?