- Негізгі бет
- Психология
- Зерігуді жеңудің жолы....
Зерігуді жеңудің жолы. Зерттеуге сүйенген психологтардың 4 кеңесі
Кейде адам зерігіп, көңілсіз күй кешетін кездер болады. Әсіресе локдаун кезінде зеріккендер аз болмады. Мұндай көңіл-күй кейбіреулер үшін оңай болса, енді біреулер күйзеліске түсуі де мүмкін.
Британ психологиялық қауымдастығы зерігуді жеңуге 4 кеңес ұсынады. Оның барлығы ғылыми негізге алынған.
1. Телефоннан алыс болыңыз
Адамдар зеріккенде бірінші телефонына жармасады. Әлеуметтік желіні парақтап отырып уақыт өткізеді. Ал зерттеу бойынша телефон адамды зерігуден құтқармайды.
Телефонды зерігіп қараған адам біраз уақыттан кейін одан да жалығады. Бұдан кейін оның көңілі бұрынғыдан да құлази түседі. Ал әлеуметтік желіге жиі кіру мен жазба жариялау – қосымша когнитивті күш болады, - дейді психологтар.
2. Зерігу жайлы көзқарасыңызды өзгертіңіз
Зерігу ешкімге ұнамайды. Бірақ оны құлазу ретінде емес, өзіңді-өзің тексеру немесе сынау ретінде ойласаңыз, онда өміріңізді айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін.
2016 жылы Шығыс Лондон Университетінің психологы Тим Ломас ұшақтағы сапар кезінде өзін мақсатты түрде зеріктіреді. Бір сағат бойы зеріккені жайлы ойлап, өзінің ішкі сезімін жазып та отырады. Осы зерттеуі арқылы қорытынды шығаруға тырысады. Нәтижесінде зерігуді құлазу деп емес, керісінше медитация деп түсінуге үндейді. Зерігуді оң қабылдау – ерекше ойлау білуге мүмкіндік ашады.
3. Шығармашылықпен айналысыңыз
Адамдардың көбі шығармашылықпен айналысудан қашқақтайды. Себебі жазғаны немесе істегені онша болмай қала ма деп жүрексінеді. Зерттеулер дәлелдегендей, шығармашылық пайдалы болу үшін міндетті түрде талантты болу маңызды емес. Шығармашылық жұмыс күйзелістің алдын алады, адамды зеріктірмейді.
4. Өткенге үңіліңіз
Өткенді еске алу, естеліктерді ақтару – зеріктірмейтін бір жол. «Адам құлазығанда, көңіл күйі түсіп жалғыз қалғанда өткенге үңілгені пайдалы» - дейді психологтар. Себебі өткен шақтар мақсатыңды мықтап, арманыңды айқындауға көмектеседі.
Н. Үсенова