Әрбір бойжеткеннің өз заманына сай, ақылды, көрікті, сымбатты, білімді һәм бақуатты болғысы келетіні хақ. Дегенмен ол үшін неден бастау керек екенін кейбіреулері білмей жатады. Сондықтан, бірнеше кеңес ұсынамыз:
1. Дене сымбатыңыздың қай типке («алма», «алмұрт», «банан», «құмсағат») жататынын анықтап алыңыз. Өзіңіздің дене бітіміңізге сай келетін киімдердің тізімін жасаңыз. Егер өз бетіңізбен тізім жасау қиынға соқса, пішіндерге байланысты сайтымызда бұрын жарық көрген мақалаларға сүйенуіңізге болады. Бұл уақытыңызды және қаржыңызды зая кетіруден сақтайды.
2. Аруларымыз аққұба, бидай өңді, қара торы болып бөлінетіні белгілі. Өзіңізге қандай түс жарасатынын біліңіз. Өйткені, кейбір түс бетті одан сайын қуқылдандырып немесе керісінше қошқылдандырып көрсетеді. Қай түстің бет-жүзіңізге көрік беріп, ажарландырып тұратынын зерттеңіз. Мысалы, қызыл түс сізге жараспайды делік. Бірақ бұл түстегі киімдер сәнде. Сәннен қалмау үшін қызыл киімді сатып аласыз, үйге келіп киіп көріп, көңіліңіз бұзылуы мүмкін.
3. Ақылды болу үшін айналаңыздағы адамдарға көңіл аударыңыз. Олардың жақсылығына қуана біліңіз, қателігін қайталамауға тырысыңыз. Психологтармен кеңесіңіз, олардың кітаптарын оқыңыз (А.Свияш, Л.Хей, Л.Бурбо, В.Исаева, т.б.), бейне роликтерін көріңіз. Жақсылықтарға ұмтылыңыз. «Ондай болу қайда?!» деп отырмаңыз. Шағын-шағын мақсаттар қойып, жүзеге асырып, бірте-бірте үлкен мақсатқа жетуге тырысыңыз. Осылайша ерік-жігеріңізді тәрбиелеңіз.
4. Жоғары білім алыңыз. Егер жұмыс істеп жүрсеңіз, өз салаңызда білікті маман болуға, біліміңізді үнемі жетілдіріп отыруға ұмтылыңыз. Мамандығыңыз бойынша дамыған елдердегі әріптестеріңіз туралы мәлімет жинаңыз. Жаңа технологияны меңгеріңіз, өз кәсібіңізде қолданып үйреніңіз.
5. Ақшаны дұрыс, орнымен жұмсауға дағдыланыңыз. Егер сіз 18 жастан асқан азамат болсаңыз, адал жолмен ақша табуға жұмыстаныңыз. Хоббиіңізді табыс көзіне айналдыруды ойлаңыз. Қандай үйде, отбасында тұратыныңызды қиялдаңыз. Өзіңізді бай, бақуатты өмір сүруге әзірлеңіз.
Сурет: ©Гаухар Зукенова
Оқи отырыңыз:
Неліктен мақтауды дұрыс қабылдай алмаймыз?
Нағыз әйел затына лайық қасиеттер қандай?
"Жеңілмес мықты қаруың сенің – нәзіктік" #2
Жасөспірім қыздарға кеңес