«Екіншісін қашан жоспарлап жүрсіңдер?», «Тұрмысқа қашан шығасың?», «Ажырасып кеттіңдер ме?» деген сияқты жеке өміріңізге қатысты ыңғайсыз сұрақтарды жиі естіп тұратын боларсыз? Әлбетте, жаныңыз екінің біріне ашылуға дайын болмайды, сондықтан жауаптан жалтарған сайын әңгімелесушімен қарым-қатынасыңыз да өзгеше күйге енуі мүмкін.
Ыңғайсыз сұрақтарға жауап бере отырып, өзіңіз де ыңғайсыз жағдайға түсіп қалмас үшін не істеу керек? Төменде келтірілген нұсқаулар кәдеңізге жарап қалар.
Программистер мен Шерлок Холмс ұсынады
Ыңғайсыз сұрақтарға жауап бере отырып, әңгімелесуші адамға нақты жауап бермесеңіз де болады. Мына бір анекдотқа назар аударыңыз. Әуе шарында саяхаттап жүрген Холмс пен Ватсон адасып кетеді, бір кезде программистен сұрайды:
– Сэр, қазір қайда екенімізді айта аласыз ба?
– Әуе шарында, сэр!
Бір жағынан ол сұраққа дұрыс жауап берді. Ал екінші жағынан нақты ештеңе айтпады. Немесе жалпы, бірақ сонымен қатар аса маңызсыз ақпарат беруге тырысыңыз.
- Жалақың қанша?
- Сол саладағы орташа жалақы (Абрамовичтан аз аламын енді)...
«Айна тәсілі»
Әңгімелесушіге өз сұрағын өзіне «қайтарыңыз». Ол үшін мына екі әдісті пайдаланыңыз:
1) Әңгімелесуші қызығушылығына ұялып қалатындай, өз сұрағын өзіне қайтара қоятындай сұрақты тұжырымдаңыз. Мысалы, «Менің жеке өмірімді ойлап басыңыз қатып жүрген сияқты ғой», «Біздің қарым-қатынасымызды бақылағаннан басқа жұмысыңыз жоқ сияқты ғой» деп ең бастысы өзіңіз күмәнданып тұрғандай «шығар, сияқты» модаль сөздерді пайдаланыңыз. Бұл сөздерді айтып жатқанда өзіңізді салқынқанды, биязы ұстаңыз және қолыңызды сермемей сөйлеңіз.
2) Сұралған сұрақты әңгімелесушінің өзіне бағыттап, екі еселеңіз:
– Екінші баланы қашан жоспарлап жүрсіңдер?
– Ал сіздер үшіншісін қашанға жоспарлап жүрсіздер?
«Бір актерлі театр»
Ыңғайсыз сұрақты естіген уақытта, өзіңізді драма актрисасы сезініп, әңгімелесушінің көздеріне ықыласпен қарап, терең күрсініп, қолыңызды кеудеңізге қойып, түпсіз тұңғиықта қажып жүрген адамдай мұңая: «Өтінемін! Ешқашан, ешқашан осы туралы сұрамашы!» деп жауап беріңіз. Екінші нұсқа, өзіңізді баспасөз-маслихатында отырғандай сезініңіз, танымал саяси адамдардың сұрақтарға жауап бергенін көрген шығарсыз, ыңғайсыз сұрақ сұралғанда әдетте: «Келесі сұрақ!» деп жауап береді. Үшінші нұсқа қысқа да нұсқа - «Бұл аса құпия ақпарат!» десеңіз жеткілікті.
Қалжыңмен жауап беріңіз!
– Мәссаған, мына көйлекті қаншаға алдың сонда?
– Екі апта аш жүрдім, киім үшін не істемейді адам!
Әмбебап жауаптар
«Сіздің тығырыққа тірейтін сұрақтар қоя білетін дарыныңызға тәнтімін!» Немесе: «Сіз – таңғажайып адамсыз, әсіресе ыңғайсыз сұрақ қоя білетін өнеріңіз мені таң қалдырады!»
«Қатты қызық па?», «Неге сұрадыңыз?», «Шынымен білгіңіз келе ме?» деп күле жауап беріңіз.
Өмірі жөнсіз, ыңғайсыз сұрақтар қойып, адамды қапыда қалдыратын адамдардан аулақ жүрген дұрыс. Егер тіптен араласқыңыз келмесе: «Бұл менің жеке шаруам» деп өзін қапыда қалдырсаңыз жеткілікті.
Сурет: images.businessweek.com
Дайындаған: Анар Мұстафина