Виртуалды махаббат

Виртуалды махаббат

Суретіңді жақын басам,  

Көрем сосын жасырын...

Келер екен хатың қашан,

Виртуалды ғашығым.

Өткен ғасырларда би алаңында танысу қандай сәнді болса, бүгінгі күні интернет алаңдарында танысып, табысу сондай сәнге айналып отыр. Ыңғайлы әрі қолжетімді құрал "Тағдыр маған екінші жартымды қашан жолықтырар екен?!" деген салмақты сауалды тіптен оңайлатып жібергендей. 

Шынайы оқиға: Қыз бен жігіт танысу сайты арқылы бір-бірімен танысып, ұзақ уақыт сөйлесе бастайды. Ақыры кездеседі. Жігіт суреттегі сұлу қызды күтіп тұрады, қыз да сымбатты жігіт алдымнан қарсы алар деген үмітпен келеді. Соңында екеуінің де қарсы алдарында қарапайым ғана киінген кәдімгі қыз бен жігіт тұрады. Бір-біріне көңілі толмаған екеудің әңгімелері жараспай, кездесулері сәтсіз аяқталады. Бірақ, оқиғалары аяқталмайды. Келесі күні қыз жігітке кездесу туралы ләм-мим деместен хат жібереді. Жігіт те дәл бұрынғыдай сөйлесе береді. Сөйтіп, олар мүлде кездеспеген адамдардай хат жазысып, виртуалды махаббаттарын қайта жалғайды... 

"Ол маған сондай керемет сөздер жазды, өмірімде бұндай сөздерді естіп көрмеппін! Өзі сондай ақылды көрінді!"

Психологтардың айтуынша, Ғаламторда адам шынайы өмірде өзін қалай көргісі келсе, сондай болады. Яғни, ол өз қолынан өзі ұмтылатын образды құрап алады. Махаббат деген тек ақыл-ойдың бір арнада тоғысуы емес, бір-бірін тілсіз түсініп, көзбен ұғу, оның иісіне ғашық болу. Үздіксіз хат алмасудың нәтижесінде бір-біріне бауыр басушылық пайда болып, адамды көрмесең де, оған зәру боп қаласың. Интернетте адамның өзі емес, суреті сөйлейді. 

Интернетке бағынышты адамдар көбіне жаратылысынан тұйық, жабық адамдар болып келеді,-дейді психологтар тағы да. Оларға шынайы өмірде қарым-қатынас жетпегендіктен, жеткіліксіз қарым-қатынастың орнын интернеттегі қарым-қатынас басады. 

Таңғалдырар дерек: Интернет арқылы танысқан екеу кездесіп, жүре бастайды. Сосын үйленеді. Бірақ, олар көбіне екі бөлмеде отырып алып, интернет арқылы сөйлеседі екен. Әлбетте, адам сенгісіз. Бірақ, виртуалды әлемнің күші деген осы шығар. 

"Шын өмірде саған бұрылып та қарамас едім"

Интернет арқылы қарым-қатынас жасағанда адамның бет-жүзі екінші орынға ысырылып қалады. Біз күніне жүз адамды көрсек, оның кем дегенде онымен танысқымыз келеді. Бірақ, оны түгілі, бірімен де таныспаймыз. Яғни, өз-өзімізді шектейміз. Ал интернетте шектеу жоқ...

Интернет арқылы пайда болған махаббат қасіретке әкеледі демейміз. Бұдан ешкім аяғын шалыс басып, өміріне қауіп төндірмейді. Ешкім махаббат үшін өз өмірін құрбан етпейді. Дегенмен, Интернет арқылы қарым-қатынас адамның шынайы өмірде өз тағдырын жасауына кедергі болуы мүмкін. 

Британия ғалымдары интернет арқылы адамды 3 % ғана білуге болады деп отыр. Ал бетпе-бет қарым-қатынас арқылы адамды 70 %-ға тануға болады.

Әлеуметтанушылар интернетті пайдаланатындардың 50 %-ы виртуалды махаббатты бастан кешіргендер дейді. Виртуалды махаббаттың сыры неде? Виртуалды қарым-қатынас адамзат баласын несімен бағынышты қылып отыр? Сіз қалай ойлайсыз?

Сурет: liveseed.net, stopvirtu.ru

Р. Роза