Виртуалды достарыңызды қаншалықты танисыз?

Кезекті материалымызды виртуалды өмірдің құпияларына арнаймыз. Жасы да, кәрісі де алмасатын электронды хаттарды ХХІ ғасырдың жетістігі деп айтсақ болады. Сол хаттарды жіберетін адамдарды жақсы танысақ, кейде мүлдем білмей жатамыз. Экранның ар жағында отырған бейтаныс адамның мінезін анықтау қиынға соғады. Оны анықтау үшін виртуалды қарым-қатынастың жетістіктері мен кемшіліктерін бірге талдайық.

Әлеуметтік желілердегі, танысу сайттарындағы, форумдар мен чаттардағы виртуалды достықты құптайтын адамдар көп кездеседі. Алайда оны даттаушылар да жоқ емес. Аталған екі жақтың да сенуге тұрарлық дәлелдері бар.

Экранның ар жағындағы адамды көзбен көріп білмесек те, оны келбеті мен мінезін ойша құрастыра бастаймыз. Ұшқыр қиялдың арқасында мінсіз адам жасап, бетпе-бет кездескенде қателескенімізді түсінетін сәттер болады. Алайда, виртуалды өмірдің артықшылықтары да жоқ емес. Бейтаныс адаммен жүргізіп отырған вербалды қарым-қатынаста кейбір адамдар қысылып, қымтырылмайды. Өзін барынша еркін ұстайды. Таныс адамдар жақсы білетін кемшіліктерді жасырудың да қажеті жоқ. Екіншіден, электронды хат жазысу арқылы ешкімге айтпаған сырларды еркін айтуға болады.

Интернет қолданушылары бейтаныс достарымен кездесіп, аз уақыт өткен соң бауыр басып кеткендерін айтады. Артынша бауырмалдық махаббатқа ұласып, үйленгендер де болған. Бауыр басу құбылысы электронды хат алмасу барысында басталады.

Виртуалды досыңыздың шынайы келбетін анықтаңыз!

Жазу техникасы мен ойының салмақтылығына қарап виртуалды досыңыздың шынайы болмысын тануға болады.


Мінезін анықтауға көмектесетін басты қағидаттар:

- смайлдардың жоқтығы – виртуалы досыңыздың тым байсалдылығын білдіреді.

- хаттың тұтастай кіші әріппен жазылуы – кемшіліктерінің көптігі, шамадан тыс жасқаншақтық, аздаған көреалмаушылық қасиетінің бар екенін танытады.

- тұтастай үлкен әріптермен жазылған хаттар – өзіне деген сенімді, кейде көрініс табатын дөрекі мінезін немесе шамадан тыс ұялшақтығын көрсетеді. 

- сөйлемнің басын кіші әріппен бастауы – белгілі бір жұмыспен айналысып отырғандығын немесе жалқаулығын, сізбен хат алмасуға бей-жай қарайтындығын айқындайды.

- тыныс белгілерінің болмауы – алдыңғы қағидатпен ұқсас немесе сауатының төмендігінен болуы мүмкін.

- тыныс белгілерін өте көп пайдалану – виртуалды досыңыз тым эмоцианалды.

- сөз арасында ашық жердің жоқтығы – бұлай жазатын досыңыз барынша салмақты, алайда өзі ғана түсінетін әлемде өмір сүретін жан болуы мүмкін.

Енді ойының салмақтылығына тоқталайық. Досыңыз қысқа да нұсқа жауап қайтарып, дәл солай сұрақ қойып жатса, таң қалмаңыз. Ол - заманның талабына сай уақыт үнемдегені. Ал егер ұнатқан адамыңыз «иә», «жоқ», «білмеймін» деген секілді жауаптар қайтарса, оның сізді ұнатпайтындығы. Сіздің жағдайыңызды бұрынғыдай сұрамайтын болса, сіз оны қызықтырмайсыз. Яғни, бұл адам жақын арада өміріңізден жоғалып кетуі мүмкін.


Қауіпті жағдайлар

Әлеуметтік желілерде жақсы қасиеті мол адамдардың отыратынына қарамастан, арасында алаяқтар да бар. Кімге жолығатындығы әркімнің ниетіне байланысты болса керек. Қоғамға қауіп төндіретін адамдар жұлдыздар мен атақты адамдардың атынан парақшалар ашып алуы мүмкін. Бұндайда сақ болыңыз!

Виртуалды досыңыздың кенеттен ұзақ хаттар жазып, өлең шығарып, гүлдер жібергеніне алданып қалмаңыз. Анықтау үшін виртуалды досыңыздың фотосын Гуглға салып, веб ресурстардан мекенжайын анықтаңыз. Анықталған мекенжайды анкетасында жазылғанымен салыстырып көріңіз.

Өзгелердің суретімен ойнап жүрген кім?

Олар әдетте жас жеткіншектер, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер немесе жұмыссыз жатқан бос адамдар болуы мүмкін.

Ал сіз виртуалды достарыңызды қанша пайыз танимын деп ойлайсыз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: akak.ru