Жылдардың жылжуымен салт бас, сабау қамшы тұрмыстан әбден мезі болған бір экономика ғылымының докторы бас құрау бекіміне келіпті. Әйтсе де үй тігіп, қазан асудың өзі ойлағандай болмауынан алаңдап, әрі-сәрі болған ол экономика іліміндегі өзіндік ұстанымына сай есеп жасапты. Алдымен құн және табыс заңына сүйене отырып, некелесуден түсер пайданы есептепті.
Ерлі-зайыпты екеуміз үйдің қарызын тең төлейміз. Ерлі-зайыпты екеуміз ақша тауып, бір отбасын бірге асыраймыз. Қиын-қыстау сәттерде келелі істерді онымен ақылдаса аламын. Жұмыстан шаршап келгенде, ас-тамағым әзір болады. Жауынды күні ол қолшатыр алып, алдымнан шығады. Сырқаттанып қалсам, ол емханаға жеткізеді. Ісспарға шыққан күндері үйдегі мысыққа қарайтын адам бар.Ол енді әйелінің тыйым салар істеріне сүйеніп, бас құраудан тартар зиянды есептеп көріпті:
Әйелдерді үйге орынсыз ертіп келуге болмайды. Достарыңа қымбат бағалы сыйлықтар тарту етуге болмайды. Дербес үкім жасап, шешім шығаруыма рұқсат жоқ. Жұмыстан үйге кеш оралсам немесе қайтпай қалсам, құлағымнан қиқу кетпейді. Үйде кемінде екі қолшатыр болу керек. Ол ауырып қалса, емханаға апаруыма тура келеді. Іссапардан оралғанда оған сыйлық ала келмесем, оның қабағы ашылмайды.Сонымен бұл екеуінің пайда-зияны бірдей. Ал аздап пайда табу үшін біраз құрбандық беру керек. Сонымен ол ақыры үйлену бекіміне келіп, шаңырақ көтеріпті.
Ойламаған жерден ол үйленгеніне үш күн болмай жатып, өкіне бастады. Олар болмашы бір іске бола түсшайысып қалды. Ашу қысқанда келіншегін итеріп қалып еді, келіншегі оны бассалып төпелей жөнелді. Ойбайлап жылап, қиғылықты салсын кеп. Жағдай бұдан ары ушыға бастағанда, оны алдап-сулап зорға басты. Осы шайқас бір-ақ күн болғанымен, ол осыдан кейінгі бір аптада кітап оқып, мақала жазуға зейінін шоғырландыра алмады. Осы сәтте ғана өзінің қателескенін сезді.
Осы кезде ғана ол пайда-зиян туралы есептегенде, сүйіспеншілік пен махаббатты ұмытып кеткенін есіне түсірді. Бірақ оны өлшеуге келмейтін. Себебі, ол шексіз, шектеусіз. Енді не істеу керек? Некеден ажырасу ше? Бұл төккен терімнің босқа кеткені емес пе?! Бүйткенше, өлгенім артық. Осыны ойлағанда ол талып қала жаздады.
Сонымен ол бірте-бірте әйеліне сүйіспеншілік сыйлауды үйренді. Пайда мен құн заңына сүйенгенде бұл зиян тартумен бірдей еді. Ол осылай құрбандық беру арқылы он жылды өткеріп тастады. Бүгінгі күндері екі баланың әкесі, бақытты отбасы бар. Өзі де айтарлықтай табысқа жетті. Жазған шығармаларын жұрттың бәрі оқиды. Мамандық жағында белді қайраткерге айналып үлгерді. Тілші одан табысқа қалай жетудің кілтін сұрағанда ол:
- Ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибем де жоқ,- деді езу тартып. Тек берген құрбандығымды пайдаға айналдыру үшін тынбай тырыстым.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com