Романтика дегеніміз не? Романтика — әлемді терең эмоциямен қабылдауға құрылған идея, сезім, өмір сүру шарты секілді түрлі факторлардың жиынтығы дейді уикипедия ашық энциклопедиясы. Яғни өмірдегі әр құбылысқа бар эмоциясымен беріліп, тереңінен қабылдау деуге болады.
Бұл ауқымы аса кең түсінік болғанымен, көпшілігіміз романтика сөзін тосынсыйлармен, күтпеген қуантарлық оқиғалар орнатумен ассоциациялаймыз. Осы тұрғыдан алғанда арулардың басым бөлігі болашақ жарының романтик болғанын қалайды. Демек жігіт пен қыз боп кездесіп жүрген кезінде күтпеген жерден гүл сыйлап, киноға шақырып, жиі-жиі саябаққа серуенге шығып, түрлі сыйлықтар, тәттілер тарту етіп жігіті қуантып жүреді.
Ал үйленгеннен кейін қыздардың өмір бойы армандаған ақ боз атты ханзадасы қарапайым ер азаматқа айналып, тәтті ертегі өмірі қарабайыр тіршілікке алмасады. Бірден осындай жағдайға көндіккісі келмеген нәзік жандылар күйеуім романтиканы ұмытты, соңғы рет қашан гүл сыйлағаны есімде жоқ, мүлде киноға апармайды деген секілді бітпейтін өкпе-назын білдіріп жиі шағымданады. Сіз осы құбылысты романтиканың аяқталуы деп бағалар ма едіңіз? Ал мен олай айта алмаймын. Себебі романтика таусылмайды, ол жай ғана түрін өзгертеді.
Бұрынғы ештеңеге бас ауыртпай, бейқам өмір сүріп жүрген сері жігітіңіз енді тапқан табысын жеке басына ғана жұмсамайды, енді ол бір отбасының отағасына, болашақ әкеге айналды. Демек отбасы асыраудың, бала-шағаның қамы үшін тынбай еңбектенудің уақыты жетті. Жай қыдырып, көңіл көтеруге қарағанда, уақыт пен ақшаны үнемі жоспарлап, барлығына жеткізуді көбірек ойлайды.
Күйеуіңіз күн сайын үйге нан әкеліп, тоңазытқышыңызды азық-түлікпен толтырып, қарныңызды аш қоймай, жерік асыңызды қандырып отырса, жиі-жиі гүл сыйлап тұрғаны деп біліңіз.
Ата-анаңыздан жырақта тұратын болсаңыз, өзінің еңбек демалысын қайын жұртына баруға арнаса, яғни сізді төркініңізге апарса, шетелге жолдама алғанымыз деп ұғыңыз.
Өзі бір костюммен түрлі образ жасауға тырысып, төрт тойға барып келсе де, сізге әр той сайын жаңа көйлек алып берсе, табиғи теріден тігілген тон сыйлады деп түсініңіз.
Тіпті ренжісіп қалған кезде де сізге қамқор болудан танбаса, ешкімде жоқ қымбат сый тарту етті деп санаңыз.
Жыл сайын не екі жылда бір рет перзентханаға жіберіп тұрса, ең жақсы шипажайға жіберді деп елестетіңіз. Ең қымбат әтірдің түпнұсқасын сатып алып берді деп қуаныңыз, жас сәбидің иісін ешқандай таза әтірдің иісімен алмастыра алмайсыз ғой.
Сіздің шаршағаныңызды көріп, түнде жылаған баланы жұбатуға өзі оянса, басқалардың қолы жетпейтін ең қымбат салонға жіберді деп біліңіз.
Күні бойы бала күтімімен айналысқан сізді бір сәт босатып, өзі жұмыстан қатты шаршап келсе де баласын ойнатуға уақыт тапса, ең жақсы саябаққа серуендеуге шақырды деп ұғыңыз.
Айналада жылтыраған жылтыраққа бас бұрмай, үйге уақытында оралып, сізге деген сезіміне адал болса, өмір бойы алтынмен аптап, күміспен қаптап отырғаны деп есептеңіз.
Тізе берсек бұл алмастырулардың шегі жоқ. Әркім ішкі әлемі нені қаласа, соны көреді. Қалаулы жар, аяулы ана қалпыңызды сақтап қалғыңыз келсе, шағымдарды шүкіршілікке алмастырыңыз.