- Негізгі бет
- Психология
- Үйленгендер мен бойдақтар....
Үйленгендер мен бойдақтар. Бәрібір емес пе?
Осыдан бірнеше жыл бұрын әңгіме айту бұйырған үлкендердің көпшілігі мына сұрақты міндетті түрде қоятын. Ол сұрақ: "Үйленгенсің бе?". Ол кезде ондай сұрақтарға аса мән бере бермейсің ғой. "Жоқ" дейсің де, сұхбатты жалғастыра бересің.
Қазір отырып ойланып қарасам, бұл сұрақ тектен тек қойылмайды екен. Бұнда да бір астар, мән жатыр екен ғой.
Одан бері көпті көрдік демесек те, бастан біршама оқиғаларды өткердік. Сондағы көзге ұрып, анық байқалатын нәрсе - қыз баласымен қарым-қатынас құрған жігіттің міндетті түрде өзгеретіндігі. Ол былай. Жайдақ жүріп серілікпен өмірін өткізетін жігіттің ойлау жүйесі мен үйленгендердің ми құрылысы бір-біріне ұқсамайды.
Жайдақ жүрген жігіт тек өзіне зиян келмеуін, тек өзіне пайда келтіруді ойлайды. Қызық қуып, жалғанды жалпағынан басып жүре береді. Осылайша жастық шағын өзімшілдікпен өткізіп келе жатқан жігіт қызға алғаш ғашық болып қарым-қатынас орната бастағанда өзі ойламаған проблемаларға жолыға бастайды.
Қыздың қасиеті сол ер жігіттің оның қамын ойлап, аялап, күткенін қалайды. Тапырақтаған жігіт оны қайдан ұқсын? "Ойбай, мен еркін азаматпын. Қыздың басы болса, өз проблемасын өзі шешеді ғой. Менің не қатысым бар?" - деп баяғы сайран қуған өмірін жалғастыра береді, жалғастыра береді. Қыз байғұс сыңарының тарапынан жылулықты сезіне алмағандықтан, іштей қиналып, ол қиналыс уақыттың өтуімен үлкен дауға, проблемаға айналады. Бұндай негіздегі ұрыс-керістер көп жағдайда тараптардың екі жаққа кетуімен тынады.
Ал одақтың берік, шайқалмастай болғанын мақсат қылған жігіт тек өзін емес өзгені де ойлап үйренуі керек екендігі ақиқат. Азамат тек өзі үшін емес, өзгелер үшін де өмір сүріп үйренген кезінде көптеген пробламалар кері ысырылып күн тәртібінен автоматты түрде түсіп қалады.
Үйленгендер мен үйленбегендердің басты айырмашылығы да осында. Үйленіп, бақытты ғұмыр кешушілер өзге үшін өмір сүре білгендіктен ғана бақытқа кенеліп отыр. Көп мәселенің түйіні мен шешімі тек осыда жатқандығын кім білген? Барлығы өте оңай және қарапайым екен.
Әлбетте өмірлік тәжірибесі жоқ азамат бұл жазбаны оқыса да мәселені байыбына барып түсінбеуі мүмкін. Бірақ, өмірдің өзі үлкен мектеп. Үйренгің келмесе де үйретеді.
Бақытты болайық.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: vk.com