Қыз бен жігіт отбасын құрып, үйленгелі жүрген кезде өздерін әлемнің ең бақытты адамдарындай сезінеді. Олардың болашаққа құрған жоспаралары мен арман-тілектері көп болады. Бір-біріне серт беріп, «ерлі-зайыпты болғанда былай етемін, былай етемін» деп уәде етеді. Тек сол айтылған сөздердің бәрі отбасылы болған соң ұмыт болады немесе күшін жоғалтады. Мұны үйленгелі жүрген жастардың шаблон сөздері деп атап, сондай «құлақтан ілетін» тілектерді жинақтап ұсынғанды жөн санадық. Ендеше, жігіттер үйленбес бұрын қандай шаблон сөздерге ұста болады?
«Егер маған күйеуге шығатын болсаң, мен сені алақаныма салып жүретін боламын» Мұндай шаблон сөздерді көбіне қызды уысына түсіре алмай жүрген жігіттер қолданады. Үйленгенде алақанына салатын ер азамат қазірден-ақ (үйленбей-ақ) алақанына сала алатынын дәлелдеуі керек емес пе? Ескерту: «Алақанға салу» тіркесі материалдық жағдайдың аясында ғана айтылып тұрған жоқ.
«Басыңнан аяғыңа дейін үлде мен бүлдеге орандырамын» Бұл шаблонды қолданатын жігіттер қызды өз материалдық жағдайымен ғана қызықтырып тұр. Егер қыз сүймесе, ертең үлде мен бүлдеге оранып болғасын оған қызық ешнәрсе қалмай қалады. Қыздарды қалтаның томпайғанымен мақтанып тұрмысқа шығуға көндіруді аса өтімді идея деп санауға болмас.
«Үйге келін болып түскен күннен бастап таңертең сағат 5-те тұрып, шай дайындайсың» Бұл талапты кез келген жігіттің аузынан естуге болады. Мұны тек тәртіп орнатудың ырымы деп қана түсінуге болады. Жаңа түскен келінге сағат 5-те оянып, шай дайындаудың түк қиындығы жоқ. Өйткені, жаңа өмірге аяқ басқан келіншектің ол кездері қобалжығаннан онсыз да ұйқысы қашып жүреді. Сонымен қатар, таңертең ерте оянып, үйдегілерге шай ұсыну оған да (алғашында) қызық болып көрінеді. Бірақ ол уақытта үйде ешкім оянбайды ғой? Өздері тойдан кейін шаршап жатқан әке-шешеге таңғы 5-те шай беру де обал емес пе?
«Мен не айтамын, сол болады!» Қыздар, мына талаптан қорқып, сүйген жігітіңізге күйеуге шықпай қалып жүрмеңіздер. «Жарайды» дей беріңіз мұндай талапқа. Ер азамат болған соң талап қоюы заңдылық. Олар бұл талапты ауызбен айтқанымен, жағдайға байланысты кейде әйелінің де айтқанын жасап тұрады. Бірақ әйелдер қауымы талап қылып емес, өтініш қылып жұмсартып айтқаны абзал. Сонда ер адам өз жарының айтқанын қалай жасап қойғанын да білмейді. Ескерту: Біз бұл жерде әйелінің айтқанынан шықпайтын ер адамдар жайлы айтып тұрғанымыз жоқ!
Сурет: Александр Захарченко
Ұқсас жазба:
Мұғалімдердің шаблон сөздері