Фильмдер мен шығармаларда үйдің кенжелерін көбіне тентек етіп суреттейді. Көпбалалы аналардан да үйдің кенжесін басқаларына қарағанда тентектеу екенін айтып жатқанын естуге болады. Бұл кездейсоқтық па әлде оның ғылыми дәлелі бар ма?
Американдық психолог Фрэнк Саллоуэй баланың дүниеге келген реті оның тұлға ретінде қалыптасуына және әрекетіне әсер ететіні жайлы гипотезаны алғаш болып ұсынды. Ол үйдің үлкендері жылдам келісетін және өздерін ата-анасының немесе қоғам талаптарына сәйкес ұстағысы келетін болады деп болжам жасады.
Үйдің үлкені, әдетте, "отбасының үміті" рөлін ойнайды, ал олардың ата-анасымен қарым-қатынасы үйлесімді болады.
Ал үйдің кенжелері тентек, бүлікші және олар өздерінің ерекшелігін, аға-әпкелеріне ұқсамайтынын дәлелдегісі келеді, ата-анасымен жанжалдасуға, отбасылық және қоғамдық нормаларды бұзуға бейім, өздеріне назар аудартқыш келеді.
Зерттеу
Фрэнк Саллоуэй теориясының дұрыстығын немесе бұрыстығын дәлелдеу үшін әртүрлі зерттеулер жүргізіліп келді. Бұл тақырыпта жүргізілген жаңа зерттеу барысында британ және поляк психологтар екі мыңнан аса ересек адамдардың мәліметтеріне анализ жүргізген.
Ғалымдар олардың отбасыдағы реттілігін, тұлғалық қасиеттерін және татуировканың бар-жоғын сұрады.
Олар татуировканы бүлікші рухының бір белгісі ретінде таңдады. Зерттеушілер тату үйдің үлкендерінен гөрі кенжелерінде көп кездеседі деп күтті.
Алайда нәтиже олар күткендей болмады. Татудың бар болуы үйдің үлкендері мен кенжелерінде бірдей болып шықты.
Үйдің кенжелері шынымен де тәуекелді әрекетке бейім болып шықты, бірақ үйдің үлкендері өздерінің ерекшелігін көрсетуге ынталы екені байқалды.
Зерттеу нәтижесі Фрэнк Саллоуэйдің теориясын дәлелдеген жоқ. Яғни, баланың отбасыда нешінші болып дүниеге келуіне қарап, оның тентек немесе заңға бағынатын адам болып шығатынын болжау мүмкін емес екенін көрсетті.