Егер сіз жұмысыңызды кеңседе емес, үйіңізде жасасаңыз, өз күніңізді алдын ала жоспарлау сіз үшін өте маңызды. Үйдегі тірліктер жұмысыңыздың нәтижелі болуына кедергі жасамасын десеңіз, белгілі бір ережелер ұстанған жөн.
- Күнделікті бір уақытта ояныңыз. Үйдегі жұмыс та жұмыс, сондықтан оны орындаудан кеш қалмаңыз. Ол үшін күнделікті белгілі бір уақытта оянып, бір уақытта жұмысқа кірісе бастаңыз.
- Киім ауыстырыңыз. Халат немесе басқа да үйдегі киім жұмысқа емес, ұйқы мен теледидар қарауға итермелейді. Өзіңізге ыңғайлы, бірақ басқа киім киіңіз. Осылайша іске деген көзқарасыңыз да өзгереді.
- Теледидарды мүлдем қоспаңыз. Әрине жұмыспен қатар сериал мен тв-шоуларды тамашалауға болады. Бірақ олар қайта-қайта көңіліңізді аударып, тиянақты жұмыс істеуге бөгет жасайды.
- Спортпен шұғылданыңыз. Егер жұмыс күніңіз үйде өтетін болса, спортпен шұғылдануға далаға не спорт залына барған дұрыс. Осылайша біраз сергіп, күш-қуат жинайсыз.
- Пайдалы істермен айналысыңыз. Үйдегі жұмыстың кеңседегіден артықшылығы: жұмыспен қатар пайдалы істерді тындыра аласыз. Мысалы шашыңызға маска жасап немесе түскі асқа пайдалы, дәмді ас даярлаңыз.
- Ыңғайлы жайғасыңыз. Ұйықтап тұрған төсегіңізге ноутбукты алып, не ас үйде тамақ ішіп отырып жұмыс жасаған қате. Ыңғайлы үстел мен орындыққа жайғасқан жөн.
- Өз-өзіңізбен сөйлесіңіз. Жұмыс барысында өзіңізге сұрақтар қойып, жауаптарын іздеңіз. Жемісті жұмыс үшін өзіңізді мақтап, қателіктер үшін ұрысыңыз. Осылайша жоқ әріптестердің қызметін өзіңіз атқарып, ми жұмысына да көмектесесіз.
- Үй шаруаларына белгілі бір уақытты бөліңіз. Үй жинау, тамақ даярлау сияқты жұмыстарға нақты бір уақытты арнап, сол кестеңізге сәйкес жүріңіз.
- Дем алуға да бөлек уақыт арнаңыз. Тәтті бәлішпен шәй ішуге не құрбыңызға қоңырау шалуға белгілі бір уақытты белгілеп, оны жақсы жұмысқа сый деп күтіңіз.
- Онлайн болыңыз. Әріптестеріңіз, басшылығыңызбен ылғи байланыста болыңыз. Жұмысты тастап ұйықтап кетпеудің жақсы амалдарының бірі осы. Басқалардың жұмыс жасап жатқанын сезінгендік өзіңізге де ерініп кетпеуге көмектеседі.
- Үстеліңізді жинастырып тұрыңыз. Әрине сіздің жұмыс үстеліңізді ешкім көрмейді, тексермейді де. Алайда жемісті жұмыс жасау үшін, күнделікті жұмыстан кейін жұмыс орныңызды жинастырып тұрыңыз.
- Күніңізді дұрыс бастаңыз. Жұмыс күнінің басын алдын ала ойластырып қойыңыз. Дайындық жұмыстарын, жеңіл тапсырмалармен күнді бастап, миды жаттықтырып, кейін қиын тапсырмаларға кірісіңіз.
- Блокнот арнаңыз. Оған орындауға қажетті тапсырмалар мен шұғыл шаруаларды жазып отырыңыз. Бастысы - үй мен жұмыстың шаруаларын араластырмау.
Ал сіз үйде жұмыс жасайсыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: beest-site.com
С. А