Үйде отырып атқаруға болатын 12 жұмыс

Ең алдымен өзіңіздің қай іске икемділігіңіз бар екенін анықтаңыз. Мүмкін тігін машинасында жұмыс істей алатын шығарсыз? Көршілеріңіздің балаларымен тату шығарсыз? Мақала жазатын боларсыз? Осы секілді жұмыстардың ішінен өзіңіздің қолыңыздан келетінін таңдасаңыз дұрыс шешім қабылдайсыз.

Үйде баламен немесе үй шаруасына тәуелді болып отырғанда жұмыс істеудің 12 тәсілі бар.

1. Киім сату

Бұл үшін компьютер, интернет, сайттардың тізімі қажет. Тауарды көп мөлшерде сатып алу әлдеқайда арзанға түсетінін барлығымыз білеміз. Сол себепті фирмалармен келісіп, көп тауарды арзанырақ сатып алыңыз. Артынша осы тауарларды интернет желісінде қыздар қауымы көп отыратын форумға енгізіңіз. Оны алушылардың санын тізімдеп, ақшасын жинастырып, өзіңіз барып сатып алыңыз. Алған заттарды белгіленген бір жерде алушыларға таратыңыз. Көп мөлшерде арзандатылған тауарды алу арқылы 30–35% ақша үнемдейсіз. Яғни осы мөлшердегі ақша сізге тиесілі.

Пайдалы тұстары:

Мұндай кезде өзіңізге деген қажетті заттарды да арзан бағаға алып алуыңызға болады. Нәтижесінде сапалы дүниелерді қай жерден алуға болатындығын үйренесіз.

Кемшіліктері:

Тапсырыс беріп алған тауарды ұнамаған жағдайда қайтарып бере алмайсыз. Ал тапсырыс берген затынан бас тартатын тұтынушылар міндетті түрде табылады. Мұнымен қатар, "сіз алған тауар дәл интернет беттеріндегі суреттерге сәйкес келе ме?" деген мәселе бар. Сізді алдап немесе сіз алдадыңыз деп айып тағуы мүмкін. Өкінішке орай, бұл бизнестің осында олқылықтары бар.

2. Интернет-дүкен

Бұл үшін компьютер, интернет, желіде интернет-дүкен парақшасын жасауға арналған бірнеше бағдарламалар және Google-дың көмегі қажет.

Интернет-дүкен дегеніміз – өзіңіздің немесе өзгелердің өнімдерінің суретін интернетке енгізу арқылы сату. Интернет-дүкен ашу үшін ЖК-ызды тіркегеніңіз дұрыс. Бұдан өзге тауарлардың ақшасы келіп түсетін жеке шот аштырғаныңыз жөн. Интернет-дүкендердің дайын дизайндерін Google-дан таба аласыз. Бастапқыда мамандардың көмегіне жүгінуіңізге болады.

Пайдалы тұстары:

Сауда жасау үшін сауда орындарын жалға алып, ай сайын салық төлеп отырудың қажеті болмайды.

Кемшіліктері:

Бұрын жеке сайтыңызды жасап көрмеген болсаңыз, бұл үлкен қиындық тудырады. Әсіресе, бұл салада таныстарыңыз болмаған жағдайда.

3. Жеке блог

Бұл үшін компьютер, интернет, кем дегенде 500 адам оқитын сапалы блог қажет. Егер сіздің блогтарыңызды кем дегенде 500 адам қарайтын болса, көп ұзамай сізге мақалалар жазуға тапсырыстар түседі. Блогтарыңызға атақты брендтердің атауын қолданып жазсаңыз болады. Бұл олардың сіздің жарнамалай білу қабілетіңізге қызығушылығын арттырады.

Пайдалы тұстары:

Блогыңызды асықпай, барынша ойланып жазсаңыз болады. Ал тапсырыс берушілермен пошта, icq, скайп арқылы сөйлесіп, ақшаны электронды қапшығыңыз арқылы алып отырасыз. Әрине, блог жарнама үшін көп ақша төленбейді, алайда аз ақша да кедергі болмас.

Кемшіліктері:

Блогтар арқылы жарнама жасауға көзіміз әлі де үйренбегендіктен, ол әзірге мәдениетсіздік деп саналады. Өзіңізге қарсы жазылған пікірлер де болуы мүмкін. Поштаңызды да үнемі тазалап, тапсырыстар келгендігін қарап отыруыңыз керек болады.

4. Мәтінді компьютермен теру

Бұл үшін компьютер, А4 қағаз, принтер қажет. Сізге әкелген мәтіндерді компьютерде теріп бересіз. Жұмыс қиын емес, алайда жалықтыратын тұстары бар. Баяу жазатын болсаңыз, уайымдамаңыз 3-4 айдан кейін экран ғана қарап отырып жазатындай дәрежеге жетесіз.

Пайдалы тұстары:

Үйде боласыз, ешқайда барудың қажеті жоқ. Арнайы білім мен таланттың қажеті жоқ, бар болғаны шыдамдылық.

Кемшіліктері:

Қанша шыдамдылық танытсаңыз да, денсаулығыңыз сыр беруі мүмкін. Көзіңіз талып, арқаңыз бен жамбасыңыз ауыра бастайды. Сіз жұмсаған еңбек үшін міндетті түрде ақша төленеді деген кепілдік жоқ.

5. Рерайт

Бұл үшін компьютер, интернет, туған тіліңізді жоғары деңгейде меңгергендігіңіз қажет. Тапсырыс беруші сізге мәтінді әкеліп береді. Сіз ондағы сөздерді синонимдерімен алмастырасыз. Артынша сіз жасап берген дүниені тапсырыс беруші ешқандай плагиат жоқ деп көпшілікке ұсына алады.

Пайдалы тұстары:

Бұны да үйде отырып, тәуліктегі қалаған уақытыңызда жасай аласыз. Тек келіскен уақытта аяқтасаңыз болғаны.

Кемшіліктері:

Ми шаршап, аяқ-қолдарыңыз ұйып қалуы мүмкін. Өз ана тілін мықты меңгерген адам үшін жалақысы ең аз жұмыстардың бірі.

6. Сайттарға арналған мақалалар

Бұл үшін компьютер, интернет, қабілет қажет. Интернет-журналдан адамдар көп кіретін порталдарды іздестіріңіз. Порталдан редакциямен хабарласу деген жерді табыңыз. Тапқан соң элоктронды мекен-жайыңызды көрсетіп, бірнеше мақалаңызды жіберіңіз. Бастапқыда өте аз қаламақы ұсынуы мүмкін. Абыржымай, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Тәжірибе жинақтап, портфолиоңызды толықтырып отырыңыз.

Пайдалы тұстары:

Уақытты өзіңіз белгілейсіз. Сіздің үйіңіз бақытты ошағы ғана емес, мұнымен қатар кеңсеңіз. Үй де орындалатын жұмыстардың осындай пайдасы бар.

Кемшіліктері:

Сіздің еңбегіңізді төмен бағалаулары мүмкін екендіктеріне дайын болыңыз.

7. Рефераттар мен курстық жұмыстар жазу

Бұл үшін компьютер, интернет, принтер, сканер, А4 форматындағы қағаз қажет.

Бірінші кезекте өзіңіз меңгерген сала бойынша біліміңізді пайдалануыңызға болады. Тапсырыс берушіге интернет желісінен жүктеп алған дайын рефератты бере саламын деп ойламаңыз. Оны бесінші сыныптың оқушысы да жасай алады.

Екіншіден, тапсырыс берушіге рефератты қорғау үшін міндетті түрде оқып шығу керектігін түсіндіріңіз.

Пайдалы тұстары:

Хабарламаларға арнайы уақыт бөлмей, балаңызбен қыдырып жүрген кезіңізде іліп қоюыңызға болады. Ал дайын өнімдерді өздері үйіңізге келіп алып кетеді.

Кемшіліктері:

Сессия кезінде тапсырыс көп түседі де, қалған уақыттарда аз болады. Тапсырыс берушілер үйіңізге көптеп келуі мүмкін. Реферат жазу үшін де күш-жігер жұмсауыңыз керек. Кейде тапсырыс берушілер ақшасын аз мөлшерде береді.

8. Хенд-мейдинг

Бұл үшін жақсы материалдар мен балалар жүрмейтін жұмыс орны керек. Үйде отырып киім тіксеңіз де, бұйымдар жасасаңыз да сапалы маталарды қолдануға тырысыңыз. Бұл сізге деген келушілердің санын арттырады. Хенд-мейдинг үшін шебер қолдар+сапалы материал+дизайн ойлап таба білу қасиеті керек.

Пайдалы тұстары:

Бұйымдарға адамдардың қызығушылығы күннен-күнге артуда. Қолөнер бұйымдары жоғары бағаланады. Сол себепті бұл салада жұмыссыз қалу қиын.

Кемшіліктері:

Маталар мен материалдардың бағасы қымбат, бәсекелестер де аз емес.

9. Балаларды қарау

Бұл үшін таза үй, балалармен жұмыс жасай білу, аз да болсын білім қажет. Балаларын сізге әкеліп береді, сіз оларды келіскен уақытқа дейін қарайсыз.

Пайдалы тұстары:

Сізге өзгелердің емес, өзіңіздің де балаларыңызды қарау арқылы ақша табасыз.

Кемшіліктері:

Баларға абайсызда бір нәрсе болған жағдайда заң мен ар алдындағы жауапкершілік сіздің мойныңызға түседі.

10. Маникюр немесе шаштараз қызметін көрсету.

Бұл үшін арнайы құралдар, жұмыс жасайтын орын қажет. Егер сіз маникюр, педикюр, шаштараз маманы болсаңыз, келушілерді үйде де қабылдай аласыз. Шаштараз болу үшін арнайы үйреніп алған жөн, ал тырнақ күтімін үйде интернеттегі видеолардың көмегімен үйрене аласыз. Ең алдымен құрбыларыңызға жасап үйренгеніңіз жөн. Бір шетінен жарнамалауға көмектеседі. Бастысы әрдайым тазалыққа мән беру.

Пайдалы тұстары:

Табысыңыз ауқымды болады. Келушілерді үйде қабылдаған да ыңғайлы.

Кемшіліктері:

Үйіңізде бөтен адамдардың жүруі.

11. Косметика сату

Бұл үшін косметикалар фирмасында тіркеліп, каталогтар сатып алу керек.

Косметика сату үшін үнемі қозғалыста болуыңызға тура келеді. Бұл жұмыста ең бастысы сапалы өнімді қай жерден алуға болатындығын анықтап алу.

Пайдалы тұстары:

Көп адам жинасаңыз, міндетті түрде қалтаңызда ақша болады. Косметикалық компаниялар сыйлыққа өнімдерін беріп тұратындықтан, олардың арқасында да быраз ақша жинастырып алуыңызға болады. Және туған туыстарыңызға апаратын сыйлықтарыңыз да үнемі дайын тұрады.

Кемшіліктері:

Бұл жұмыс «қасқырды аяғы асырайды» дегенмен тең.

12. Әлеуметтанушыларға қызмет көрсету

Сауалнамаға жауап беруші ретінде атсалысыңыз.

Пайдалы тұстары:

Өте қарапайым әрі қызықты жұмыс.

Кемшіліктері:

Бұл жұмыс тұрақсыз, әрі ұзаққа созылмайды. Әрі тек үлкен қалаларда тұратын адамдар үшін ғана ыңғайлы. 

Қорытынды жүргіземіз:

Үйде отырып жұмыс істеу деген - қолыңыздан келетін іспен айналысу. Бастысы ең алғаш ойыңызға келген жұмыспен айналысып кетудің қажеті жоқ. Ол нәтижесіз болуы мүмкін. Осындай жұмыстарға үйреніп алған соң, әдеттегі толық күнді алатын жұмыстарға барғыңыз келмеуі де мүмкін. Әрдайым уақытыңызды бағалап, оны бос өткізбеуге тырысыңыз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: five.ru