Егер ата-анаңыз бір жаққа кетіп, үйде бір-екі күн жалғыз қалсаңыз, не істеу керек? Ғаламтор мен теледидар жалықтырып жіберсе ше? Бір қызығы, ең керемет демалыс күндері ата-аналар жоқта өтеді. Немен айналысуға болады?
Хобби. Әрбір адамның өз хоббиі бар. Мысалы, фотоаппарат, ине-жіп алып, қайталанбас дүние жасаңыз. Сіңіліңізге ойыншық тігіп беріңіз, мазалап жүрген ойларыңызды дәптерге жазып қойыңыз немесе бір тілді үйренумен айналысыңыз.
Бөлмені жинау. Іс-әрекетті өзгерту демалуға септігін тигізеді. Сондықтан, демалысты үй жинауға арнауға болады. Біріншіден, үйдегі шаңнан құтылып, тынысыңыз ашылып қалады. Екіншіден, төсектің астынан немесе шкафтан қажет жылы киімдеріңізді тауып алуыңыз мүмкін. Ең бастысы – үй жинап жүріп шұлықтың бұрын жоғалып кеткен сыңарын таба аласыз.
Дәмді тамақ ішу. Жай күндері артық тәттілер мен калориясы көп тамақтан бойыңызды аулақ ұстауға тырысасыз. Ал мұндай күндері өзіңізді біраз еркелетуге болады. Көруге уақыт болмай жүрген киноны қосып, дәмді тамақ ішіңіз. Тіршілік қамынан уақытша ажырап, тәжірибе жинау үшін өзіңіз тамақ әзірлеңіз немесе дүкеннен сатып алыңыз. Егер пицца жегіңіз келсе, тапсырыс беріп алдырыңыз. Бұл жерде ең бастысы – керемет көңіл-күй.
Айна, айтшы маған шыныңды! Шкафты реттеу аз, киімдерді кезектестіріп киіп, сән көрсетуге болады. Қандай киіміңіз бар екенін есіңізге түсіріп, оларды бір-бірімен үйлестіріп, алдағы дүйсенбіде жұмысқа немесе оқу орнына қандай киім киіп баратыныңызды ойластырыңыз. Шашты ретке келтіруді үйреніп алыңыз. Тырнағыңызды асықпай, әдемілеп бояуға болады. Себебі, сіз ешқайда асығып тұрған жоқсыз.
Серуендеу. Таза ауа қашан да пайдалы, сондықтан алға! Достарыңызбен серуендеп қайтыңыз, ал олардың қолы бос болмаса, өзіңіз серуендей беріңіз. Жалғыз серуендеген кезде адам көп жағдайларды ойлайды. Сондықтан серуендеп, ойыңызды қалпына келтіріп алыңыз. Егер тіпті сыртқа шыққыңыз келмесе, онда самалдықта отырып, сүйікті кітабыңызды оқыңыз. Кешкі асты да осында ішіңіз. Ең бастысы – таза ауада уақыт өткізу.
Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова
Сурет: gazeta.ru